Естер  8
Патшаның Мардохайды бас уәзір болуға тағайындауы
1
Сол күні Ахасуер патша яһудилердің жауы Хаманның сарайын Естер патшайымға сыйлады. Естер Мардохайдың өзіне кім болып келетінін айтып, Мардохай патшаның алдына әкелінді.
2
Патша Хаманнан қайтарып алған мөрлі жүзігін шешіп алып, Мардохайға тапсырды. Сонымен қатар Естер Мардохайды Хаманның сарайы мен мал-мүлкінің үстінен қараушы етіп тағайындады.
Естер мен Мардохайдың яһудилерді құтқаруға арналған жарлық шығаруы
3
Естер қайтадан патшаның алдына барып, оның аяғына жығылып еңіреп жылады. Патшадан Агагтың ұрпағы Хаманның яһудилерге қарсы жасаған зұлым жоспарының бетін қайыруын өтінді.
4
Патша оған қарай өзінің алтын асатаяғын созды. Естер көтеріліп, патшаның алдында тұрды да,
5
оған былай деді:
— Егер патша ағзам мақұл көріп, маған мейірімі түссе, әрі патша бұл істі дұрыс деп бағалап, маған оң көзімен қараса, онда бір жарлық шығарылса екен. Сол жарлық Агагтың ұрпағы Амадат ұлы Хаманның патшаның аймақтарына яһудилердің көзін құрту мақсатымен жолдаған хаттарының күшін жоятын болса екен.
6
Халқым апатқа ұшырайын деп жатқанда мен қалайша қарап отыра аламын? Өз әулетім құрып кетейін деп жатқанда мен қалайша жайбарақат отыра аламын? —
7
Ахасуер патша Естер патшайым мен яһуди Мардохайға мынадай жауап берді:
— Мен яһудилерді құртқысы келгені үшін Хаманның үй-жайын Естерге бергенмін, ал оның өзі дарға асылды.
8
Енді сендер патшаның атынан яһудилер туралы өздерің мақұл көргендеріңді жазып, соны патшаның мөрлі жүзігімен бекітіңдер! Өйткені патшаның атынан жазылып, патшаның мөрлі жүзігімен бекітілген ешбір жарлықтың күшін жоюға болмайды.
а
9
Осылайша үшінші айдың (демек сиван айының) жиырма үшінші күні
ә
патшаның хатшылары шақырылды. Олар Мардохайдың бұйырғандарының бәрі бойынша жаңа жарлықты патшалықтың Үндістаннан Құш еліне дейін ұласқан барлық жүз жиырма жеті аймағындағы
б
яһудилерге, өлке әміршілері мен аймақ әкімдеріне және өзге де басшыларға арнап жазып берді. Жарлық әр аймаққа өзінің әліпбиімен және әр халыққа арнап өзінің тілінде, соның ішінде яһуди халқына арнап та өз тіліне аударылып, өз әліпбиімен жазылды.
10
Мардохай осы хаттарды Ахасуер патшаның атынан жазғызып, патшаның мөрлі жүзігімен бекітті. Содан хаттарды патшаның ат қорасынан шыққан жүйрік сайгүліктерге мінген шабармандар арқылы жан-жаққа жіберді.
11
Жаңа жарлыққа сай, әрбір қаладағы яһудилерге бас қосып, өздерін қорғауға патшаның рұқсат бергені мәлім болды. Яһудилер кез келген халықтың не аймақтың өздеріне және әйелдері мен бала-шағаларына шабуыл жасаған жасақшыларын жойып, оларды жоқ қылуға әрі солардың мал-мүлкін олжалауға құқықты болды.
12
Осының бәрін жүзеге асыруға Ахасуер патшаның қарамағындағы барлық аймақтар бойынша яһудилерге бір күн белгіленді. Бұл күн — он екінші айдың (демек адар айының) он үшінші күні еді.
в
13
Яһудилер өз жауларын жазалауға дайын болып отыра алулары үшін осы жарлықтың көшірмесі әрбір аймақта заң ретінде жарияланып, әр ұлттың адамдары сонымен танысуға міндетті болды.
14
Шабармандар патшаның ат қорасынан шыққан жүйрік аттарға мініп, патшаның бұйрығымен тездетіп жан-жаққа аттанып кетті. Жарлық Сузы қорғанында да жарияланды.
15
Мардохай үстіне патша киетін көк және ақ түсті киімдер, басына үлкен алтын тәж киіп, қырмызы бәтес шапан жамылып патшаның алдынан шықты. Сузы қаласының халқы шаттана айқайлап тойлады.
16
Қуанышқа кенелген яһудилер көздері жайнап, құрметке бөленді.
17
Патшаның бұйырған жарлығы жеткен әрбір аймақ, қала және елді мекенде яһудилер мәз-мейрам болып мерекеледі. Елдегі халықтардың көптеген адамдары яһудилерден қорқып, оларды терең қастерлеп, ұлттастарына айналды.
г

а  Дан 6:8,12.

ә  Б.з.д. 474 ж. 25-маусым.

б  1:1.

в  Б.з.д. 473 ж. 7-наурыз.

г  Иш 24:14-16; Жыр 86:4-6.