Ефестіктерге арналған хат
Жазба туралы мәлімет
Пауыл елші бұл хатын Ефес қаласындағы сенушілер қауымына, сондай-ақ қазіргі батыс Түркиядағы өзге де қауымдарға арнап жазды. Сондықтан әдетте хат соңында болатын жеке сәлемдер жоқ. Елші Ефесте үш жыл уағыздап, сенушілерді Құдайдың ілімін терең ұғынуға жетелеген еді (Елш 19-тарау).
Осы жазбада ол Хақ Тағаланың шексіз даналығы мен тамаша көздегендерін, Оның зор рақымы мен қауымға арнаған биік мақсаттарын түсіндіріп береді: олардың Құдайға бағышталған өмірлерінен Оның даналығы бәріне, тіпті табиғаттан тыс рухани күштерге де, анық көрінуге тиіс. Мәсіх — сенушілер қауымының рухани Басы. Ол қайта оралған соң бүкіл әлемге әділ билігін құратын болады.
Қауым осы жоғарғы міндетіне өзінің жасаған игі істерімен емес, Құдайдың рақым етуімен тағайындалды. Ол адамзатты құтқару жолын дайындағанда Исраил халқын таңдап алған болатын. Осы халықтан шыққан яһуди сенушілерін Құдай енді басқа ұлттық сенушілермен Мәсіхтің қауымында біріктірді. Тек Құдай ғана біліп келген бұл жаңа да керемет жайт туралы құпия енді адамдарға ашылды.
Мәсіхке сенушілердің рухани отаны — көк, Алла Тағаланың көзге көрінбейтін мекені. Ондағы рухани игіліктердің рақатын олар қазірдің өзінде көре бастады. Сондықтан сенушілердің бұ дүниеде жүргенде жасаған іс-әрекеттерінен олардың рухани қайтадан туылған жаңа халық екені көрінсін. Құдай олардан сенімде бірігіп, қауымда өзара қызмет етіп, таза өмір сүрулерін күтеді. Үйлеріндегі және жұмыстағы қарым-қатынастарынан да олардың Мәсіхке бағышталғандықтары көрініс табуға тиіс.
Әзәзіл шайтан және оған бағынышты зұлым күштер әлі де күнәкар дүниеге үстемдік жүргізуде. Мәсіхтің тура жолын қуушылар солармен ымырасыз күрес жүргізіп келеді. Олар «рухани қару-жарақпен» жабдықталып, Құдайға сиынып Оның құдіретін қабылдағанда жеңіп шығатын болады.