Уағыздаушы 2
Өткінші рақат, еңбек және табыстардың бекершілігі
1
Мен іштей: «Ал енді, рақаттана шаттанып, жақсы нәрселерді тексеріп көрейінші!» — деп ойладым. Бірақ бұл да бекершілік екен.
2
Себебі ойнап-күлуді «ақылсыз іс» деп таптым, әрі рақатқа берілу жайлы: «Бұл не нәрсеге қол жеткізеді?» — дедім.
3
Содан ойға шомдым да, шарап ішіп көңіл көтерейін деп шештім. Санам мені әлі де парасатпен жетелесе де, ақымақтыққа берілдім. Осылайша адамға осы өткінші дүниедегі қысқа ғұмырында ең тиімдісі не екенін біліп алуға тырыстым.
4
Мен үлкен істерге де кірістім: өзіме арнап сарайлар салып, жүзімдіктер отырғыздым.
5
Өзім үшін бау-бақшалар да дайындап, оларға түрлі жеміс ағаштарын ектім.
6
Тоғайларымда өсіп тұрған ағаштарымды суғару үшін тоғандар жасадым.
7
Сатып алған құлдарымнан басқа, өз сарайымда туылған құл-күңдерім де болды. Ірілі-ұсақты малдарымның көп болғаны сонша, бұрын-соңды Иерусалимдегі патшалардың бірде-біреуінде соншама мал болып көрген емес.
8
Мен алтын-күміс жиып, патшалар мен аймақтардың қазыналарын молынан иемдендім. Қасыма әнші-күйшілер мен түрлі күй аспаптарын жинап алдым. Сөйтіп адам баласының рақатына бөлендім.
9
Осылай мен ұлылыққа ие болып, бұрынырақ Иерусалимде патшалық құрғандардың барлығынан асып түстім. Соның бәрінде де ақыл-парасатымнан айырылмадым.
10
Көзім түсіп, ұнатқанның ешқайсысынан бас тартқан жоқпын. Ешқандай көңіл көтеруден де шет қалған емеспін. Бірақ та жан дүниемнің басты қуанышы атқарған еңбегім болды. Ал еңбегімнің қызығы сол еңбектің өзі ғана еді.
11
Қолға алған жұмыстарыма әрі атқарған бейнетті еңбегіме назар аударғанда олардың да жел соңынан қуғандай бекершілік екенін, сондай-ақ, осы өткінші дүниеде шынайы табысқа жетуге болмайтынын байқадым.
Құдайсыз даналық пен еңбектің түбінде мәнсіз болуы
12
Содан мен даналық жайында әрі топастық пен ақымақтық туралы ойлай бастадым. Өйткені келешек патшалар осы мәселе жөнінде бұрын істелгендерден басқа не істер екен?
13
Жарық нұр қара түнектен қалай артық болса, даналықтың да ақымақтықтан солай артық екеніне көз жеткіздім.
14
Дананың көзі өз орнында, ал ақымақ қара түнекте сипаланып жүреді. Бірақ соңында екеуі де бірдей тағдырға ұшырайтын болады.
15
Мен іштей: «Ақымақтың басына түсетіні маған да тиесілі болса, онда соншама дана болып не бар?» — деп, бұны да бекершілік деп қорыттым.
16
Ақымақ сияқты, дана жан да жұрт есінде ұзаққа қалмайды. Болашақ күндерде бәрі де ұмытылады. Ақымақ сияқты, дана жан да өлуге тиіс.
17
Содан мен осы өткінші дүниеде болып жатқан істерге наразыланып, өмірді жек көріп кеттім. Себебі бәрі де жел соңынан қуғандай бекершілік екен.
18
Осы дүниеде атқарған ауыр еңбегімнің бар өнімін де жек көре бастадым, өйткені оны өзімнен кейінгі бір адамға қалдыруым қажет.
19
Ол дана бола ма, ақымақ бола ма, онысын кім біледі? Ол бәрібір менің ауыр еңбекпен әрі ақыл-парасатпен қол жеткізгендерімнің барлығына ие болады. Бұл да бекершілік!
20
Сонымен осы өткінші дүниеде атқарған бүкіл бейнетті еңбегімнен көңілім қалып түңілдім.
21
Себебі бір адам ақыл-парасатпен, біліммен және шеберлікпен еңбек еткеннен кейін соның жемісін бұған еш еңбек сіңірмеген басқа біреуге қалдыруға тиіс болады. Бұл да бекершілік әрі жанға қатты бататын жайт.
22
Солай болғанда адам баласына осы өткінші дүниеде атқарған бейнетті еңбегінен және жан салған ұмтылысынан не пайда?
23
Ол өмір бойы міндетін өтеп, азап пен мехнат шегіп жүреді, тіпті түнде де оның ақыл-санасы толықтай тынықпайды. Бұл да бекершілік.
Құдайға мойынсұна өмір сүрудің артықшылығы
24
Адам баласына ішіп-жеуден әрі атқарған еңбегінен рақат табудан артық ештеңе жоқ екен. Бұларды да Құдайдың бергеніне көзім жетті.
25
Себебі Құдай бермесе кім ішіп-жеп, қызық көре алады?
26
Өзін риза ететін адамға Құдай даналық, білім және қуаныш сыйлайды. Ал теріс жолмен жүретін күнәкарға Ол байлық жинап, сақтап қою уайымын тапсырады. Бірақ күнәкар соларын Құдайды риза еткен адамға қалдырып кетуге мәжбүр болады. Мұндай өмір шынында жел соңынан қуғандай бекершілік.