Уағыздаушы  11
Уақытында ізгі істер істеу жайлы 
1
Су бетіне тұқымыңды себе бер, 
 
Көп күннен кейін ол өзіңе қайтып келер. 
2
Жеті не сегіз бөлікке бөл өзіңде барды, 
 
Білмейсің қандай пәлеге душар боларыңды. 
3
Қою бұлттар қаптағанда жерге жаңбыр әкелер. 
 
Не күнгей, не теріскейге құлаған ағаш сол күйінде жата берер. 
4
Желді уайымдаған тұқымын сеуіп тастамас, 
 
Бұлтты уайымдаған өнімін теріп жинамас. 
5
Білмейсің не дауылдың қайдан соғарын, 
 
Не құрсақтағы баланың қалай қалыптасқанын, 
Сол сияқты ұқпайсың ғаламның барлығын 
Жаратқан Құдайдың жасаған ғажаптарын. 
6
Таңертең тұқымыңды сеп, кешке де қол қусырып отырма! Өйткені қайсысының өнімді боларын, анаусы ма, мынаусы ма, әлде екеуі де бітік шыға ма, соны білмейсің. 
 
Жас кездегі көңіл көтеру және жауапкершілік 
7
Жарық ұнамды, күн сәулесін көре алу көз үшін сондай ғанибет! 
 
8
Адам көп жасаса, барлық күндеріне қуансын! Ал алдындағы түнекке толы күндерінің де көп болатынын есінен шығармасын. Келешектегінің бәрі де күңгірт. 
 
9
Уа, жасөспірім, жас кезіңде көңіл көтер, сен нені қалап, өзіңе не ұнаса, соны істей бер. Әйтсе де бар істерің үшін Құдайға жауап беретініңді есіңнен шығарма! 
10
Сондықтан жан дүниеңнен ашу-ызаны, өміріңнен зұлымдықты аластат! Себебі балалық пен жастық шағың тез ғайып болмақ.