Заңды қайталау 4
Жаратқан Иеге мойынсұнуды ескерту
1
Ал енді, Исраил, мен сендерге үйретіп отырған ережелер мен шешімдерді тыңдаңдар! Өмір сүре берулерің үшін, әрі ата-бабаларың сиынған Құдай Иенің сендерге табыстап отырған елге кіріп, оны иемденулерің үшін оларды орындайтын болыңдар!
2
Құдай Иеміздің бүгін өздеріңе тапсырып отырған осы өсиеттеріне ештеңені қоспай, ештеңені алып та тастамай, оларды берік сақтайтын болыңдар!
3
Жаратқан Иенің Бағал-Пеғорда не істегенін өз көздеріңмен көрдіңдер. Пеғорда Бағалға табынып кеткендеріңнің бәрін Құдай Иеміз халықтың арасынан аластатып, қырғынға ұшыратты емес пе?!
4
Ал Құдай Иемізден берік ұстанған басқаларың бүгін аман-есен тірі жүрсіңдер.
5
Міне, өздерің кіріп, иемденгелі тұрған елде орындауларың үшін мен сендерге Құдай Иемнің ережелері мен шешімдерін Оның маған бұйырғанына сай үйретіп келемін.
6
Иә, соларды мұқият сақтап орындаңдар! Себебі осылайша басқа халықтар сендердің даналықтарың мен ақыл-парасаттарыңа көз жеткізіп, осы ережелер туралы естігенде қайран қалып: «Ойпыр-ай, осы үлкен халық неткен дана да парасатты ел еді!» — дейтін болады.
7
Шынында, біз қай кезде мінажат етсек те, Құдайымыз Жаратқан Ие бізге жақын тұрады. Ал табынған тәңірлері дәл солай жақын тұратын тағы басқа үлкен халық бар ма?!
8
Мен сендерге қазір табыстап отырған осы бүкіл Таурат заңындай әділ ережелер мен шешімдерге ие болып отырған тағы басқа үлкен халық бар ма?! (Әрине, жоқ!)
9
Сондықтан өз көздеріңмен көрген осы нәрселердің ешқайсысын естеріңнен шығармауларың үшін, әрі өмір бойы жүректеріңнен кетіп қалмаулары үшін абай болып сақтаныңдар! Сол үшін балаларың мен немерелеріңе оларды айтып үйрететін болыңдар!
10
Сендер Хориб тауының маңында Құдайларың Жаратқан Иенің алдында тұрған күнді естеріңе түсіріңдер. Сонда Жаратқан Ие маған мынадай тапсырма берді: «Халықты Менің алдыма жина. Олар өмір бойы Мені терең қастерлеуді үйрететін және өз балаларына да сондай тәрбие бергізетін сөздерімді естісін!»
11
Сендер тауға жақындап келіп, оның етегінде тұрдыңдар. Ал жанып жатқан таудың жалыны тіпті аспанға дейін жетіп, үстін қара бұлт пен түнек басып жатқан болатын.
12
Сонда Жаратқан Ие өздеріңе сол оттың ішінен тіл қатты. Сендер Оның сөздерін естідіңдер, бірақ ешқандай бейнені көрген жоқсыңдар. Тек Оның дауысы ғана естілді.
13
Жаратқан Ие сендерге Өзінің Келісімін жариялап, орындауға бұйырған Он өсиетін айтты да, оларды екі тас тақташаға жазып берді.
14
Сол кезде Жаратқан Ие маған сендерге ережелері мен шешімдерін үйретуге бұйырды. Оларды өздерің енді өзеннен өтіп, иемденгелі тұрған елде орындауларың керек.
Жалған тәңірлерге табынудан сақтандыру
15
Сонымен абай болыңдар! Жаратқан Ие өздеріңе Хориб тауындағы оттың ішінен тіл қатқан кезде сендер ешқандай бейнені көрген жоқсыңдар.
16
Абайлаңдар, ешбір мақұлықтың бейнесін жасап, оған табынып азғындыққа салынудан аулақ болыңдар: еркектің не әйелдің,
17
жерде жүретін жануардың не аспанда ұшатын құстың,
18
жер бетінде жорғалайтын жәндіктің не суда жүзетін балықтың бейнесінде өздеріңе жалған тәңірдің мүсінін жасап алмаңдар!
19
Сонымен қатар сендер аспанға қарап, ондағы күн, ай, жұлдыз сияқты аспан денелерінің үлкен тобын көргенде, соларға елігіп, табынып кетуден де сақ болыңдар! Оларды жер бетіндегі барлық ұлттардың игілігі үшін Құдай Иеміздің Өзі жаратқан.
20
Бірақ сендерді Жаратқан Ие (тазартып) Өзіне меншікті халық ету үшін темір балқытатын пеш іспетті Мысыр елінен алып шығарды. Енді сендер Оның халқы әрі өз меншігі болып отырсыңдар да.
21
Ал Жаратқан Иенің сендерге бола маған ашуланған кезі де болды. Сонда Ол мені Иордан өзенінен өткізбеуге ұйғарып, Онысын антпен бекітті. Соның кесірінен Құдай Иеміз мұралық меншіктеріңе табыстамақ мына шұрайлы елге мен кіре алмайтын болдым.
22
Мен Иорданның арғы жағына өтпей, осы жерде көз жұмамын. Ал сендер өзеннің арғы жағына өтіп, сол шұрайлы елді басып алып, иемденесіңдер.
23
Сондықтан Құдайларың Жаратқан Иенің өздеріңмен жасаған Келісімін естеріңнен шығарудан сақ болыңдар! Өздеріңе кез келген бейнедегі тәңір мүсіндерін жасап алмаңдар! Құдай Ие соған тыйым салған еді ғой.
24
Себебі Құдайларың Жаратқан Ие жалмап қоятын от іспетті! Ол — басқа еш нәрсеге табынуларыңа төзбей, Өзіне адал болуларыңды талап ететін Құдай!
25
Сендер елде үбірлі-шүбірлі болып, көп жыл тұрғанда азғындыққа салынсаңдар, әлдебір нәрсенің бейнесіне ұқсатып мүсін ойып жасап өз Құдайларың Жаратқан Иеге жек көрінішті іс-әрекет етсеңдер, бұларыңмен Оның ашуын туғызатын боласыңдар.
26
Мен бүгін сендерге қарсы көк пен жерді айғақ болуға шақыра отырып былай деймін: егер осылай істейтін болсаңдар, сендер қазір Иорданның арғы жағына өтіп, иемденгелі тұрған елден жуырда-ақ аластатыласыңдар. Онда ұзақ өмір сүрмей, еш шүбәсіз қырыласыңдар.
27
Қалғандарыңды Жаратқан Ие басқа ұлттардың арасына шашыратып жібереді. Сендер Жаратқан Ие өздеріңді жер аудартқан сол ұлттардың арасында сандарың аз болып тіршілік етесіңдер.
28
Сонда сендер адам қолымен ағаш пен тастан жасалған, көрмейтін де естімейтін, тамақ та жемейтін, иіс те сезбейтін тәңірсымақтарға құлшылық ететін боласыңдар.
29
Сол алыс жерлерде сендер өз Құдайларың Жаратқан Иені іздеп, Оған бет бұра бастайсыңдар. Егер Оған шын жүректен, бүкіл жан дүниелеріңмен бет бұрсаңдар, Оны табасыңдар.
30
Осы сөздердің барлығы орындалып, сендер қиындыққа ұшыраған сол кейінгі уақытта Құдай Иемізге қайта оралып, Оған мойынсұнатын боласыңдар.
31
Себебі Құдайымыз Жаратқан Ие — рақымды Құдай, Ол сендерден бас тартып, толығымен құрып кетулеріңе жол бермейді, әрі ата-бабаларыңмен антпен бекітіп жасаған Келісімін есінен шығармайды.
Жаратқан Ие — бірден-бір шынайы Құдай
32
Ал енді, ежелгі заманнан бері, Құдайдың адамды жер бетінде жаратқан кезінен бастап қазірге дейінгі тарихты зерттеп шығыңдар! Аспанның о шеті мен бұ шетінің аралығындағы халықтардан сұрастырып көріңдер: осы сияқты ұлы іс болып па еді? Яки біреу қашан болса да осындай оқиға туралы естіп пе екен?!
33
Оттың ішінен сөйлеген Құдайдың даусын сендер сияқты естіп, тірі қалған өзге халық бар ма екен?!
34
Немесе Құдай Иеміздің көз алдымызда Мысыр елінде істегеніндей, сол халықты ауыр сынақтардан өткізіп, ғажап істер мен кереметтер көрсетіп, соғыспен, Өзінің алға созылған құдіретті қолымен әрі ұлы да үрейлі істерімен өз меншігі болу үшін бір халықты басқа бір елдің ішінен алып шығуға тырысқан тәңір бар ма екен? (Әрине, жоқ!)
35
Жаратқан Иенің шынымен Құдай екендігі, Одан басқа шынайы құдайдың жоқ екендігі өздеріңе анық болу үшін осы ұлы да үрейлі істер көрсетілді.
36
Ол сендерге тәлім-тәрбие беру үшін көктен Өзінің даусын естіртіп, жерде ғаламат отын көрсетті. Сол оттың ішінен Оның сөздерін естідіңдер.
37
Жаратқан Ие ата-бабаларыңды сүйгендіктен, олардың ұрпақтары — сендерді де таңдап алды. Өзі араларыңда бірге болып сендерді Мысыр елінен Өзінің құдіретті күшімен алып шықты.
38
Ондағы мақсаты өздеріңнен үлкен әрі күшті халықтарды алдарыңнан қуып шығып, жерлерін тартып алып, сендердің мұралық меншіктеріңе беру болды. Бүгін бұл солай.
39
Сол себепті көкте де, жерде де Жаратқан Иенің жалғыз Құдай екендігін, Одан басқа ешбір (шынайы) құдайдың жоқ екендігін бүгін біліп, мұны жүректеріңе құйып алыңдар!
40
Жаратқан Иенің мен сендерге бүгін тапсырып отырған ережелері мен өсиеттерін орындайтын болыңдар! Сонда өздеріңе және кейінгі ұрпақтарыңа игі болып, Құдай Иеміз сендерге ұзақ ғасырларға табыстамақ елде көп жасайтын боласыңдар.
Шығыс жақтағы бас сауғалау қалалары
41
Мұнан кейін Мұса Иордан өзенінің шығыс жағынан үш қаланы бөліп, белгілеп қойды.
42
Бұрын өшікпеген біреуді абайсызда өлтіріп алған адам сонда қашып барып, бас сауғалай алатын болды.
43
Сол қалалар мыналар: Рубен руына үлестірілген жонды даладағы Бесер қаласы, Ғад руының Ғилақад аймағындағы Рамот қаласы, Манаса руының Башан аймағындағы Ғолан қаласы.
Келісімнің ережелеріне кіріспе
44
Мұсаның исраилдіктерге табыстаған Таурат заңы төменде берілген.
45
Мысыр елінен шыққаннан кейін Мұса халыққа мына нұсқаулар, ережелер және шешімдерді айтып үйретті.
46
Мұнан бұрын олар Иорданның шығысындағы Бет-Пеғордың маңындағы аңғарда, Хешебонда орналасқан аморлықтар патшасы Сихонның елінде біраз тұрып жатқан еді. Мұса мен өзге исраилдіктер Мысырдан көшіп шыққаннан кейін Сихонды талқандап жеңген болатын.
47
Содан олар аморлықтардың екі патшасы — жаңағы Сихонның және Башан патшасы Огтың Иорданның шығыс жағасында жатқан жерлерін иемденіп алды.
48
Осы жер Арнон аңғарының жағасындағы Арогерден Сирион, яғни Хермон, тауына дейін созылып,
49
Иорданның шығыс жағындағы бүкіл елсіз алқапты Өлі теңізге және Писга тауының етектеріне дейін қамтыды.