Заңды қайталау  32
Мұсаның пайғамбарлық жыры
1
Көк ден қойып тыңдасын, мен сөйлейін,
Жер де аузымнан шыққан сөзді естісін,
2
Тағылымым жаусын жаңбыр тамшыларындай,
Сөздерім түссін түннің мөлдір шығындай,
Жас шөпке құйылған таза жаңбырдай,
Көк құраққа төгілген жұмсақ нөсердей.


3
Паш етемін Жаратқанның ұлы атын,
Даңқтаңдар Құдайымыздың салтанатын!
4
Құдай — Қорғанымыз
а
жартастай мықты,
Мүлтіксіз Оның іс-әрекеттері,
Барлық жолдары Оның әділетті,
Құдай сенімді, жоқ еш жалғандығы,
Әрдайым Ол әділ әрі шынайы!


5
Бірақ осы халық Оның алдында
Салынып кетті зұлым азғындыққа,
ә
Олар Оның балалары емес сонда,
Қайта, азғын алдамшы ұрпақ, масқара!
6
Жаратқанның жасаған жақсылықтарына
Жауап беретін жолдарың осы ма?!
О, халық-ау, ақымақ та, ақылсыз да,
Ол сені жаратып, қалыптастырған
Әкең емес пе, әрі бекітіп қойған?
б


7
Ежелгі заманды есіңе алшы,
Өткен ұрпақтар туралы толғаншы,
Атаңнан сұрашы, ол саған айтып берер,
Қарттарыңнан сұрашы, олар түсіндірер.
8
Адамзатты Алла Тағала таратқанда,
в
Мұралық жерін үлестіріп әр халыққа,
Исраилдің ұрпақтарының санына
Сай белгіледі шекараларын сонда.
г
9
Себебі өз халқы — Жаратқанның үлесі,
Жақыптың ұрпақтары — Оның меншігі.
ғ


10
Ол халыққа ұшырасты айдалада,
Жел ысқырып, құлазыған маң далада,
Оның қамын ойлап, жан-жақтан қоршады,
Көзінің қарасындай сақтап қорғады,
11
Бүркіттей ұясын күзетіп тұрған,
Балапандары үстінен қалықтаған,
Олар үшін қанаттарын кең жайған,
Қауырсын қанатымен тасыған.
д
12
Жаратқанның жалғыз Өзі халқын бастады,
Қасында ешқандай бөгде тәңір болмады.


13
Ол халқын жер қыраттарына шығарды,
Даланың өнімімен оны асырады,
Жартастағы ұядан оған бал сорғызды,
Тастақта өскен зәйтүннен май ағызды.
14
Табын-отар малының май-сүтімен,
Бордақы тоқты-лақтың етіменен,
Башанның ең қоңды қошқарларымен
Тойдырады, әрі үздік астық дәнімен.


15
Ал Ешүрун
е
семіріп қыңырланды,
Халық әбден тойынып қоң жинады,
Тіпті өзін жаратқан Құдайды менсінбеді,
Жартастай Құтқарушысынан
ж
безіп кетті.
16
Халық бөгде тәңірлерге табынды,
Бұларымен Жаратқанды ызаландырды,
з
Жексұрын пұттармен
и
қаһарландырды,
17
Құдай емес жын-періге құрбан шалды,
Оларды бұрын еш біліп-танымады,
Солар жаңа ғана елімізде пайда болды,
Ата-бабалары олардан қорықпады.


18
Өзіңе өмір берген «Жартасты»
к
тастадың,
Өзіңді жаратқан Құдайды ұмыттың!
19
Жаратқан мұныңды көріп, наразыланды,
Рухани ұл-қыздарына қаһарланды
қ
20
Былай деп: Бұлардан жүзімді жасырамын,
Көремін олардың соңының не боларын,
Өйткені олар азғындаған ұрпақтар
Әрі опасыз, сатқын болған балалар.
21
Құдай емес мүсіндерге табынды,
л
Осылай қызғанышымды тұтандырды,
Тәңірсымақтарымен Мені қаһарландырды.
Сонда Мен халық сиқы жоқ бөтендер арқылы
Олардың қызғаныштарын тұтандырамын,
Иә, өздері түсінігі жоқ деп санайтын
Өзге халықпен оларды ашуландырамын!
22
Өйткені қаһарым оттай тұтанады,
О дүниенің түбіне дейін жайылады,
Жерді бар өнімімен бірге жалмайды,
Таулардың негіздерін өртеп талқандайды.


23
Халқымның басына пәлелер түсіремін,
Жебелерімді оларға атып бітіремін.
24
Аштықтан халқым жүдеп әлсірейді,
Жаппай індеттерден азап шегеді,
Обадан толығымен құртылады.
Жұмсаймын оларға жыртқыш аңдарды,
Жерде жорғалайтын улы жыландарды.
25
Жас жігіт пен бойжеткен, емшектегі баланы,
Ақ қырау басын шалған қарияны,
Барлығын далада семсер өлтіреді,
Үйде үрей билеп үміттерін үзеді.


26
Халқымды талқандап, таратып жіберуге,
Адамзат есінен аттарын өшіруге
Мен әбден дайын тұрған болар едім.
27
Бірақ жау табаламасын деп жүрдім,
Олар: «Жаратқан емес мұны істеген,
Өз күшімізбен жеңіп шықтық!» демесін.
м


28
Осы халық түсініктен жұрдай болған,
Ақыл-парасаттары еш қалмаған.
29
Дана болып олар ұғынса ғой,
Ақыр аяғы не боларын ұқса ғой!
30
«Жартастай Қорғандары»
н
— Жаратқанның Өзі
Жау қолына тапсырмаса Исраилді,
Қалайша жаудың жалғыз жауынгері
Исраилдің мың сарбазын қуар еді?
Және қалайша жаудың екі жауынгері
Он мыңдай исраилдікті қашқызар еді?
31
Себебі жаулардың «жартастай қорғандары»
о
Біздің «Қорғанымыз» — Құдайға ұқсамайды,
Бұлардың өздері соны мойындайды.
ө
32
Олардың жүзім бұталары Содомнан,
Әрі Ғомораның бақшаларынан,
Піскен жүзімдері түгелдей улы,
Жүзім шоқтары да сондай ащы.
33
Шараптары — сұр жыланның заһарындай,
Зәрлі жыланның кісі өлтірер уындай.


34
«Жаулардың зұлым істерін қойдым сақтап,
Қоймама салдым мөрлеп тастап, —
35
Дейді Иеміз. — Жазалау — Менің ісім,
Тиісті жазаларын тартқызамын Өзім!
Кезі келгенде аяқтары таяды,
Күйрейтін күндері жақындап қалды,
Тағдыры зырғытып қуады оларды».


36
Тәңір Ие сотта тергейді өз халқын,
Олардың күш-қуатының сарқылғанын,
Құл мен еріктінің тірі қалмағанын
Байқап, оларға түсірер шапағатын.
37
Сонда Жаратқан Ие қояды сауалын:
«Тәңірсымақтары олардың қайда екен?!
38
Шалған құрбандықтарының майын жеген,
Сұйық тартуларының шарабын ішкен,
п
Өздеріне медеу тұтып сеніп жүрген
«Сондай берік жартастары» қайда екен?!
Тұрсын олар, сендерге көмектессін,
Бас сауғалайтын паналарың болсын!
р


39
Біліп алыңдар енді, Менің Өзім,
Жалғыз Өзім ғана (шынайы) Құдаймын,
Менен басқа құдай болмас дәйім!
Өмірді алар яки қайтарар Өзіммін,
Жаралап, жараны жазар да Менмін,
Құтқара алмайды өз қолымнан ешкім.
40
Көкке қарай Мен қолымды созамын,
Салтанатты түрде жариялаймын:
Тек Мен ғана мәңгі тірі Құдаймын,
41
Жүзі жылтыр семсерімді қайраймын,
Үкім орындап оны қолда ұстаймын,
Бар жауымды әділдікпен жазалаймын,
Мені жек көргендерге жазасын тартқызамын,
с
42
Жебелерімді сонда қанға маламын,
Семсерім жалмайды өлетіндердің тәнін,
Қаза тапқандар мен тұтқындардың қанын
Әрі жау көсемдерінің бастарын».


43
Шаттаныңдар енді, уа, басқа ұлттар,
Жаратқан Иенің халқымен қатар,
(Бар періштелері де Оған тағзым етсін,)
т
Себебі Ол өз қызметшілерінің
Қанын төккенге жазасын тартқызады
Және өз халқы мен елін тазартады.


44
Мұса мен Нұн ұлы Ешуа екеуі халықтың алдына шығып, оларға осы жырдың сөздерінің барлығын естіртті.
45
Мұса бүкіл Исраилге жырды айтып болғаннан кейін
46
оларға былай деді: «Мен бүгін сендерге нықтап айтқан осы сөздерді түгелдей жүректеріңе жазып, жаттап алыңдар! Содан бұл Таурат заңының барлық сөздерін балаларыңа үйретіп, сақтап орындауды өсиет етіңдер!
47
Сол бұйрықтар жай сөздер емес, олар сендерге (рухани игілікке толы) өмірді алып келеді.
у
Оларды ұстанатын болсаңдар, Иорданның арғы жағындағы иемденгелі тұрған елдегі өмірлерің ұзақ болады».
Құдайдың Мұсаның ақ өлімін алдын ала білдіруі
48
Сол күні Жаратқан Ие Мұсаға былай деді:
49
«Моаб еліндегі Абарим қыратына, Иерихонның қарсысындағы Небо тауына көтеріл де, Мен исраилдіктерге меншікке бергелі тұрған Қанахан еліне көз жіберіп қара.
50
Сол шыққан тауыңның үстінде, Хор тауында қайтыс болған ағаң Һарон
ұ
сияқты, сен де көз жұмып, ата-бабаларыңның қасына аттанасың.
51
Бұның себебі — Исраил халқының Сін
ү
даласындағы Қадештің маңында, Мерібадағы жартастан ағып шыққан судың қасында жиналып тұрғанда, екеуің исраилдіктердің көзінше Маған сенім артпай, киелі атымды қастерлемедіңдер.
ф
52
Сондықтан Мен Исраил халқына табыстағалы тұрған елді көзіңмен көресің, бірақ өзің оған аяқ баспайсың».

а  (32:15,18,30; Пат1 2:2) Яки: Қорғаушымыз.

ә  4:25; 31:29; Рул 2:19.

б  Яғни Өзіне бағышталған мықты халық қылған (рухани) Әкең (Мыс 4:22; Иш 63:16).

в  Жар 1:27; 9:18-19; 11:8-9.

г  33:28; Жар 15:18; Рул 32:9.

ғ  26:18-19; Мыс 19:5-6.

д  Мыс 19:4; Иш 31:5; 46:4; 63:9.

е  Яки: (әділ) Исраил халқы (33:5,26; Иш 44:2).

ж  32:4; Жыр 17:47; 94:1.

з  Яки: Жаратқанның қызғанышын қоздырды (31:17; Мыс 20:5).

и  Яки: Жексұрын тәңірсымақтармен, жалған тәңірлердің мүсіндерімен (7:25; Жыр 77:58).

к  Яки: жартастай Қорғандай әрі Қорғаушыңды (32:4).

қ  32:6; Иш 1:2.

л  32:17.

м  Мыс 32:12; Рул 14:15.

н  Яки: (заңғар) жартастары (не шыңдары).

о  Яғни жау халықтары табынатын жалған тәңірлері.

ө  Мыс 14:14; Еш 9:9; Пат1 4:7.

п  9:12,16; Мыс 32:4-6; Рул 25:1-2.

р  Бил 10:13-14.

с  Пат2 22:41.

т  Осы жол Құмран қолжазбалары мен көне грек аудармасында берілген әрі Евр 1:6-да келтірілген.

у  6:3; 30:19; Леу 18:5.

ұ  10:6; Рул 20:24-29.

ү  (Рул 20:1,13) Яки: Цин.

ф  (Рул 20:12-13; 27:14) Яки: киелілігімді қорғамадыңдар.