Заңды қайталау 31
Мұсаның ізбасары Ешуа
1
Бұдан кейін Мұса бүкіл Исраил халқына тағы мына сөздерді айтты:
2
— Жасым енді жүз жиырмаға келді, бұдан былай сендерді жетелеп бастай алмаймын. Жаратқан Ие маған: «Сен Иордан өзенінің арғы жағына өтпейсің», — деген болатын.
3
Сендерді сол өзеннен бастап өткізетін Құдайларың Жаратқан Иенің Өзі. Ол алдарыңдағы жау халықтардың бәрін қырып, сендер осы елді иемденетін боласыңдар. Жаратқан Иенің айтқанындай, Ешуа да сендерді бастап өзеннен өтеді.
4
Аморлықтардың патшалары Сихон мен Огты өздерінің елдерімен бірге құртып жібергені сияқты, Жаратқан Ие өзеннің арғы жағындағы халықтарға да солай істейді.
5
Жаратқан Ие оларды қолдарыңа тапсырады, ал сендер мен өздеріңе табыс еткен бұйрықтардың бәрін оларға орындауға тиіссіңдер.
6
Қайратты да батыл болыңдар, жауларыңнан еш үрейленіп қорықпаңдар! Себебі Құдайларың Жаратқан Ие сендермен бірге жүріп жар болады. Ол сендерді ешқашан тастап та кетпейді, жалғыз да қалдырмайды.
7
Бұдан кейін Мұса Ешуаны шақырып алып, бүкіл Исраил халқының алдында оған былай деді: «Қайратты да батыл бол! Себебі сен осы халықты ертіп Жаратқан Ие оларға сыйлауға ата-бабаларына уәде еткен елге кіресің. Сол елді оларға мұралық меншікке үлестіріп беруге тиіссің.
8
Жаратқан Иенің Өзі алдыңда жүріп саған жар болады. Ол сені ешқашан тастап та кетпейді, жалғыз да қалдырмайды. Еш нәрседен уайымдап, қорқушы болма!»
Таурат заңын дауыстап оқу жайлы нұсқау
9
Сонымен Мұса (пайғамбар) осы Таурат заңын жазып қойды. Оны Жаратқан Иенің Келісім сандығын көтеріп жүретін леуілік діни қызметкерлерге және Исраилдің күллі рубасыларына тапсырып,
10
оларға былай деп өсиет етті:
— Әр жеті жылдың соңындағы қарыздар кешірілетін жылғы Күркелер мейрамы кезінде
11
бүкіл Исраил халқы Құдай Иеміз таңдап алған жерде Оның алдына жиналсын. Сол кезде осы Таурат заңын бүкіл жамағатқа дауыстап оқып беріңдер!
12
Олар Таурат заңын тыңдап, үйреніп, Құдай Иемізді терең қастерлеп, Таураттың барлық ережелерін сақтап орындаулары керек. Бүкіл халықты жинауға тиіссіңдер. Еркек не әйел болсын, балалар не қалаларыңда тұрып жатқан жат жұрттықтар болсын, бәрі де келуге міндетті.
13
Сендер Иордан өзенінен өтіп, кірген соң иемденетін елді мекендеген барлық кездеріңде осы Таурат заңын білмей өскен ұрпақтарың да оны тыңдап, Құдайларың Жаратқан Иені терең қастерлеуді үйренулері қажет.
Халықтың болашақтағы опасыздығы
14
Содан кейін Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: «Біліп қой, бұ дүниеден өтетін уақытың таяп қалды. Ешуаны шақырып алып, екеуің кездесу шатырында тұрыңдар. Мен оған сол жерде нұсқауларымды тапсырамын». — Сонымен Мұса мен Ешуа кездесу шатырының алдына келді.
15
Жаратқан Ие бағана тәрізді бұлт ішінде кездесу шатырында пайда болды. Бұлт шатырдың кіреберісінің үстінде тұрды.
16
Жаратқан Ие Мұсаға тағы былай деді: «Міне, сенің көз жұмып, ата-бабаларыңа аттанатын уақытың жетті. Ал содан кейін бұл халық кіргелі тұрған елде азғындыққа салынып, сол елдің бөгде тәңірлерінің жолына түсетін болады. Осылай халық Менен бас тартып, олармен жасаған Келісімімді бұзады.
17
Сонда қаһарым оларға жалындай лаулап, Мен олардан бас тартып, бет-жүзімді жасырамын. Олар қырғынға ұшырап, бастарына көптеген бақытсыздықтар мен ауыртпалықтар түседі. Сол күндері халық: «Осы бақытсыздықтардың басымызға түскені Құдайымыздың бізбен бірге жүріп, жар болмағандығынан емес пе?» деп сұрайтын болады.
18
Ал Мен олардың бөгде тәңірлерге бұрылып, істеген барлық әділетсіз іс-әрекеттері үшін олардан бет-жүзімді шүбәсіз жасырамын.
19
Сонымен Исраил халқына қарсы Менің айғағым болу үшін мына жырды жазып қойып, оларға үйретіп, ән салғыз.
20
Себебі Мен оларды ата-бабаларына уәде еткен, ағы мен балы ағыл-тегіл елге бастап апарғаннан кейін олар ішіп-жеп тойынып, семіріп, бөгде тәңірлерге бет бұрып, құлшылық ететін болады. Сонда олар Менен бас тартып, өздерімен жасаған Келісімімді бұзады.
21
Уақыты келіп, көптеген бақытсыздықтар мен ауыртпалықтар бастарына түскен кезде осы жыр оларға қарсы айғақ болады. Себебі бұл жыр ұрпақтарының аузынан түспейтін болады. Мен оларды антпен уәде еткен елге кіргізбей тұрып-ақ, олардың қазіргі ой-ниеттерін жақсы білемін».
22
Сол күні-ақ Мұса осы жырды жазып алып, Исраил халқына үйретті.
23
Мұнан кейін Жаратқан Ие Нұн ұлы Ешуаға бұйрық беріп былай деді: «Қайратты да батыл бол! Өйткені исраилдіктерді Мен оларға антпен уәде еткен елге бастап алып кіресің. Мен Өзім сенімен бірге жүріп жар боламын».
Мұсаның леуіліктер мен халыққа берген нұсқауы
24
Мұса осы Таурат заңының күллі сөздерін бір кітапқа жазып бітіргенде,
25
Жаратқан Иенің Келісім сандығын көтеріп жүретін леуіліктерге былай деп бұйырды:
26
«Мына Таурат заңының кітабын алып, Құдайларың Жаратқан Иенің Келісім сандығының бір жағына салыңдар. Ол халыққа қарсы айғақ болып сол жерде қалсын».
27
Сендердің қандай бас көтергіш, тоңмойын қыңыр халық екендеріңді білемін. Мен әлі де тірі болып, қастарыңда жүрсем де, сендер Жаратқан Иеге бағынбай келесіңдер. Ендеше мен өлгеннен кейін одан бетер болмай ма?!
28
Барлық рубасыларың мен басқарушыларыңды маған жинап алып келіңдер! Осы сөздерімді дауыстап айтып беріп, көк пен жерді оларға қарсы айғақ болуға шақырамын.
29
Мен өлгеннен кейін сендердің азғындыққа салынып, мен өздеріңе бұйырған жолдан тайып кететіндеріңді білемін. Сондықтан болашақта бастарыңа бақытсыздық түседі. Себебі Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеп, өз қолдарыңмен жасап алған тәңірсымақтарыңмен Оның ашуын туғызасыңдар».
30
Содан кейін Мұса бүкіл Исраил халқының алдында төмендегі жырды басынан аяғына дейін айтып берді.