Заңды қайталау 26
Елдегі алғашқы өнім әрі кірістің он бөлігінің бірі
1
Құдайларың Жаратқан Ие сендерге мұралық меншікке табыстап отырған елге еніп, оны иемденіп, қоныстанғаннан кейін,
2
әрқайсың сол елдің жерінен жинаған өнімдеріңнің біразын себетке салыңдар. Осы сый-тартуларыңды Құдай Ие өз есімінің (жер бетіндегі) тұрағы болуға таңдап алған орынға апарыңдар!
3
Сол кезде қызмет етіп жүрген діни қызметкерге былай деңдер: «Жаратқан Иенің ата-бабаларымызға бізге беруге антпен уәде еткен еліне келдім. Соны бүгін Құдай Иеңіздің алдында мойындаймын». —
4
Діни қызметкер себеттеріңді алып, Құдай Иеге арналған құрбандық үстелінің алдына қойсын.
5
Бұдан кейін Құдай Иеміздің алдында былай деңдер: «Түп атам көшпелі арамалық болатын. Ол азғана адамымен Мысырға көшіп барып, сол елге қоныстанды. Ал түп атамыздан өрбіген ұрпақ үлкен де күшті әрі сансыз көп халыққа айналды.
6
Сонда мысырлықтар бізге жаман қарап, зорлық-зомбылық көрсетіп, ауыр жұмысқа салып қойды.
7
Бірақ біз ата-бабаларымыз сиынған Құдай Иеге жалбарындық. Ол дауысымызға құлақ асып, бейшара жағдайымыз бен ауыр жұмысымызға әрі көріп отырған зорлық-зомбылығымызға назар аударды.
8
Жаратқан Ие бізді Мысыр елінен өзінің алға созылған құдіретті қолымен, жауға үлкен қорқыныш жіберіп, кереметтер мен ғажап істер жасап алып шықты.
9
Содан Құдай Иеміз бізді бұл жерге алып келді де, ағы мен балы ағыл-тегіл осы елді табыстады.
10
Уа, Жаратқан Ие, Өзің маған табыстаған жердің алғашқы өнімінен енді Саған мына сый-тартуды әкелдім».
Осылайша сый-тартуды Құдайларың Жаратқан Иенің алдына қойған соң Оның алдында иіліп тағзым етіңдер.
11
Содан соң леуіліктермен және араларыңдағы жат жұрттықтармен бірге Құдайларың Жаратқан Иенің сендерге және отбасыларыңа сыйлаған игіліктеріне қуанып мейрамдаңдар.
12
Ал үшінші жыл — өнімнің арнайы он бөлігінің бірін беретін жыл. Сондықтан сол жылы өніміңнің он бөлігінің бірін бөліп қойып, оны леуіліктерге, жат жұрттықтар мен жетім-жесірлерге беріңдер. Елді мекендеріңде тұрып жатқан олар да соны жеп тойынсын.
13
Содан соң Құдай Иеге былай деңдер: «Мен үйімнен Өзіңе бағышталған үлесті шығарып, маған бұйырғаныңдай оны леуіліктерге, жат жұрттықтар мен жетім-жесірлерге үлестіріп бердім. Сенің өсиеттеріңді бұзған жоқпын, олардың ешқайсысын да ұмытқан емеспін.
14
Аза тұтқан кезде де өнімнің Саған бағышталған бөлігінен жеген де жоқпын, арамданып қалған кезімде оған қол тигізген де емеспін, аруақтарға еш нәрсесін бағыштаған да жоқпын. Уа, Құдай Ием, Сенің дауысыңа құлақ асып, бізге бұйырған өсиеттеріңнің бәрін орындадым.
15
Енді киелі тұрағың — көктен назар аударып, халқың Исраилді және ағы мен балы ағыл-тегіл осы елді жарылқай гөр! Оны ата-балаларымызға берген антыңа сай бізге табыстадың ғой.
Құдайдың заңдарын сақтап орындауды ескерту
16
Құдайларың Жаратқан Ие бүгін сендерге осы ережелер мен шешімдерді орындауды бұйырып отыр. Сондықтан оларды шын жүректен, бүкіл жан дүниелеріңмен сақтап, орындайтын болыңдар!
17
Жаратқан Иенің сендердің Құдайларың екенін бүгін антпен бекітесіңдер. Оның жолдарымен жүруге, ережелерін, өсиеттері мен шешімдерін орындап ұстануға және Оған мойынсұнуға уәде етесіңдер.
18
Жаратқан Ие Өзі уәде еткендей, сендерді бүгін Өзінің халқы әрі ерекше меншігі деп жариялап, сендерге өсиеттеген заңдарының бәрін орындап ұстануға тиіс екендеріңді айтып отыр.
19
Осылай істесеңдер, Ол сендерді Өзі жаратқан барлық халықтардан атақ-даңқ пен салтанат жағынан жоғары етеді, әрі сендер Оның берген уәдесіне сәйкес Өзіне, Құдайларың Жаратқан Иеге, бағышталған қасиетті халқы боласыңдар.