Заңды қайталау  25
Әділет, әдептілік және адалдық
1
Егер біреулердің арасында дау туса, олар сотқа барып жүгінсін. Төрешілер сол істің шешімін айтып, жазықсызды ақтап, айыптыны соттайды.
2
Егер айыпты адамды дүре соғып жазалау керек болса, төреші дәл сол жерде оны жатқызып, дүре санын қылмысының ауырлығына сәйкес етіп өзінің көз алдында дүрелетсін.
а
3
Бірақ дүренің саны қырықтан аспасын. Асып кетсе, бұл көз алдарыңда бауырласыңның абыройын төгер еді.
4
Астық бастырып жүрген өгіздің аузын бума.
5
Егер бірге тұрып жатқан ағайындардың біреуі артынан бала қалдырмай өлсе, онда марқұмның жесірін сырт жаққа күйеуге бермеңдер. Марқұм күйеуінің аға-інілерінің бірі оған үйленіп, әмеңгерлік парызын өтесін.
6
Сол әйелдің туған тұңғыш ұлы қайтыс болғанның баласы болып саналады. Осылайша марқұмның есімі Исраил халқынан өшірілмей сақталып қалады.
ә
7
Егер сол кісі ағайынының әйеліне үйленгісі келмесе, онда әйел қала қақпасының маңында жиналатын ақсақалдардың алдына барып, былай десін: «Марқұм күйеуімнің ағайыны оның есімін Исраилден өшіп кетуден сақтағысы келмей, өзінің әмеңгерлік парызын өтеуден бас тартады».
8
Сол туысқан тұрып жатқан қаланың ақсақалдары оны шақыртып, өзімен сөйлессін. Егер ол ойынан қайтпай, «үйленбеймін» деуін қоймаса,
9
марқұмның әйелі ақсақалдардың көзінше оған жақындап келсін де, оның аяғындағы аяқкиімінің біреуін шешіп алып, бетіне түкіріп, «Өзінің қайтыс болған ағайынының есімін өшірмей сақтап қалғысы келмейтін адамға осылай істеледі» десін.
б
10
Бұдан кейін сол адамның әулеті Исраилде «Аяқкиімі шешілгеннің әулеті» деп аталатын болады.
11
Екі адам төбелесіп қалып, солардың біреуінің әйелі күйеуін ұрып жатқан қарсыласынан құтқарғысы келіп, соның жыныс мүшесінен шап беріп ұстап алса,
12
сол әйелді аяп-мүсіркемей, қолын кесіп тастаңдар!
13
Қалтаңда бірдей мөлшерде болғанмен біреуі жеңілірек, басқасы ауырырақ екі түрлі кір тастары болмасын!
в
14
Үйіңде бірдей мөлшерде болғанмен біреуі үлкенірек, басқасы кішірек екі түрлі өлшейтін ыдыс та болмасын!
15
Кір тастарың да, өлшейтін ыдыстарың да дәл әрі дұрыс болуға тиіс. Сонда Құдай Иелерің сендерге табыстап отырған елінде ұзақ өмір сүретін боласыңдар.
16
Өйткені Құдай Ие адамдарды осылай алдайтын әркімді жек көреді.
17
Мысыр елінен шығып келе жатқандарыңда амалектіктердің сендерге не істегендерін естеріңнен шығармаңдар:
18
сендер қажып-талып көшіп келе жатқандарыңда олар сендерді қарсылап, артта қалып қойғандарыңның бәріне тап берген еді ғой.
г
Олар Құдайды еш қастерлемеді әрі Одан қорыққан да жоқ.
19
Сондықтан Құдайларың Жаратқан Ие сендерге иемденуге беріп отырған елінде айналаларыңдағы барлық жаулардан тыныштық сыйлағаннан кейін Амалектің атын аспан астындағы дүниеден өшіріп тастауларың қажет.
ғ

а  Мыс 21:20; Нқл 10:13; 13:24.

ә  Рут 4:5-6.

б  Рут 4:7-8.

в  (Леу 19:35-37; Нқл 11:1; 16:11; 20:10,23; Езк 45:10; Мих 6:11) Алдамшылар кір тастарының ауырырағын өздері сатып алу үшін, ал жеңілірегін тауарларын сату үшін қолданатын.

г  Мыс 17:8-15; Рул 24:20.

ғ  Зорлықшыл мұны ұмытпаңдар!