Заңды қайталау 15
Қарыздар кешірілетін жетінші жыл
1
Әр жеті жылдың соңында өзгеге берген қарыздарыңды кешіруге тиіссіңдер.
2
Әрбір қарыз беруші сол кешіруді былай істеуі керек: ағайындас не ұлттас адамға берген қарызын кешіріп, соны бұдан былай талап етпесін. Өйткені Жаратқан Иенің атынан қарыздар кешірілу мезгілі жарияланды.
3
Жат жұрттықтан қарыздарыңның өтемін талап етуіңе болады, бірақ өз бауырластарыңның қарыздарын кешірулерің қажет.
4
Осылайша араларыңда жарлы-жақыбайлар болмасын. Өйткені Құдайларың Жаратқан Ие өздеріңе мұралық меншікке табыстап отырған елінде сендерді молынан жарылқайды.
5
Егер Құдайларың Жаратқан Иенің айтқандарына құлақ асып, бүгін мен өздеріңе табыстап отырған өсиеттерін мұқият орындайтын болсаңдар,
6
онда Құдай Иеміз Өзі уәде еткендей, сендерді жарылқайтын болады. Сендер көптеген халықтарға қарыз беріп, бірақ өздерің қарыз алмайтын боласыңдар. Сендер көптеген ұлттарға билік құрасыңдар, бірақ олардың ешқайсысы сендердің үстеріңнен билік құрмайтын болады.
7
Ал егер Құдайларың Жаратқан Ие өздеріңе табыстап отырған елдегі қалалардың бірінде мұқтаждыққа тап болған бейшара бауырласың болса, онда оған жүректеріңді қасарыстырып, сараңдық көрсетпеңдер!
8
Қайта, оған қолдарың ашық болып, мұқтаждығына қарай қарыз беріңдер.
9
Сақ болыңдар, жүректеріңде залым ой тумасын. «Қарыздар кешірілетін жетінші жыл таяп қалды» деп ойлап, мұқтаждықтағы бауырласыңа көмектесуден бас тартып, мейірімсіздік көрсетпеңдер! Әйтпесе сол адам Жаратқан Иеге шағым айтып, сендер айыпты болып шығасыңдар.
10
Керісінше, оған шын көңілмен, жомарттықпен көмектесіңдер! Осылай істегендерің үшін Құдайларың Жаратқан Ие сендерді қолға алған барлық іс-әрекеттеріңде жарылқайтын болады.
11
Елдеріңде мұқтаждықтағылар болмай қоймайды, сондықтан сендерге: «Елдеріңдегі бауырлас жарлы-жақыбайларға қолдарың әрдайым ашық болсын!» деген өсиетті тапсырып отырмын.
Бауырлас қызметшілерге бостандық беру
12
Егер бауырлас еркек не әйел басыбайлы қызметшің болуға сатылып, саған алты жыл бойы қызмет етсе, жетінші жылы оған бас бостандығын беріп қоя бер!
13
Оны босатқанда құр қол жіберме.
14
Оған отардағы малыңнан, қоймадағы астығыңнан және жүзім шырыныңнан жомарттықпен бөліп бер. Құдайың Жаратқан Иенің өзіңе төккен жарылқауынан оған да тисін.
15
Өздеріңнің де Мысыр елінде құлдықта жүріп, Құдай Иенің сендерді құтқарып алып шыққанын есіңнен шығарма. Сондықтан да бүгін сендерге осы өсиетті табыстап отырмын.
16
Ал егер қызметшің өзіңді, әрі үй ішіңді жақсы көріп, сендермен бірге тұруды қалап: «Сізден ешқайда кеткім келмейді» десе,
17
онда қолыңа біз ал да, сол бізді қызметшінің сырғалығын тесе есікке қада (да, кейін суырып ал). Сонда ол сенің өмірлік басыбайлы қызметшің болып қалады. Басыбайлы қыз не әйелмен де (оның өтінішіне сәйкес) солай істеуің керек.
18
Ал (осындай уәде бермеген өзге) қызметшіңе бас бостандығын беріп қоя беруді қиынсынба! Ол саған алты жыл бойы тегін қызмет етіп, жалданушыдан гөрі екі есе көп пайда кіргізді ғой. Солай етсең, онда Құдай Иең сені барлық іс-әрекетіңде жарылқайтын болады.
Тұңғыш туған еркек төл жайлы ереже
19
Малдарыңның тұңғыш туған еркек төлдерін Құдайларың Жаратқан Иеге бағыштауларың керек. Төлдің басы болып туған өгізді жұмысқа жегуге, әрі тұңғыш туған ұсақ малдың жүнін қырқуға болмайды.
20
Әр жыл сайын ондай малды Құдай Иенің таңдап алған жерінде Оның алдында отбасыларыңмен бірге құрбандыққа шалып, ішіп-жеңдер.
21
Ал егер малдың ақсақтық немесе соқырлық сияқты бір кемістігі болса, онда оны Құдайларың Жаратқан Иеге құрбандыққа ұсынбаңдар!
22
Сондай малды елді мекендеріңде сойып, ішіп-жеңдер. Аң аулап, соғып алған елік немесе бұғының еті іспетті сол етті тазару рәсімінен өткен адам да, өтпеген адам да жей алады.
23
Тек оның қанын ішіп-жемеңдер, қанды су іспетті жерге төгіп тастаңдар!