Заңды қайталау 14
Құдай жек көретін іс-әрекеттен бас тарту
1
Сендер Құдайларың Жаратқан Иенің рухани балаларысыңдар. Сондықтан өлгендерді жоқтағанда денелеріңнің терісіне жарақат салмаңдар, кекілдеріңді алмаңдар!
2
Себебі сендер Құдай Иеге бағышталған қасиетті халықсыңдар. Жер бетіндегі барлық халықтардың ішінен Жаратқан Ие сендерді Өзінің ерекше құнды меншігі болуға таңдап алды.
3
Ешбір арам нәрсені жемеңдер!
4
Мына жануарларды азық етулеріңе болады: мүйізді ірі қара, қой, ешкі,
5
бұғы, киік, елік, жабайы ешкі, таутеке, бөкен, арқар.
6
Тұяғы екіге бөлінген аша тұяқты, күйіс қайыратын кез келген жануардың етін жеулеріңе болады.
7
Бірақ күйіс қайыратын немесе аша тұяқты хайуандар арасынан сендерге түйенің, қоянның және майбасардың етін жеуге болмайды. Олар күйіс қайырғанмен, тұяқтары аша емес, сол себепті олардың еті сендер үшін арам.
8
Ал шошқа аша тұяқты болғанмен, күйіс қайырмайды. Сондықтан ол да сендер үшін арам. Осы хайуандардың не етін жеулеріңе, не өлімтігіне жанасуларыңа болмайды.
9
Суды мекендейтін мақұлықтардың қайсыларында қанаттары мен қабыршақтары бар болса, соларды азық етулеріңе болады.
10
Ал егер қанаттары мен қабыршақтары болмаса, жеулеріңе болмайды, сондайлар сендер үшін арам.
11
Кез келген адал құсты жеулеріңе болады.
12
Бірақ мыналарды жемеулерің керек: бүркіт, күшіген, тазқара,
13
қызыл кезқұйрық, қара кезқұйрық, сұңқардың кез келген түрін,
14
қарғаның кез келген түрін,
15
түйеқұс, батпақ жапалағы, шағала, қаршығаның кез келген түрін,
16
байғыз, құлақты жапалақ, ақ үкі,
17
бірқазан, тұйғын, суқұзғын,
18
ләйлек, құтанның кез келген түрін, бәбісек және жарқанат.
19
Қанаты бар құжынаған барлық жәндіктер де сендер үшін арам, оларды жемеңдер!
20
Ал қанаты бар адал құстар мен жәндіктердің кез келгенін жеулеріңе болады.
21
Арам өлген ешқандай жануарды жеулеріңе болмайды! Оны не елді мекендеріңде тұрып жатқан жат жұрттыққа жеуге беруге, не шетелдікке сатуға болады. Себебі сендер Құдайларың Жаратқан Иеге бағышталған қасиетті халықсыңдар.
Лақты енесінің сүтіне пісірмеңдер!
Өнімнің он бөлігінің бірін Құдайға бағыштау
22
Жыл сайын егістіктеріңде жиналатын өнімдеріңнің он бөлігінің бірін жеке бөліп алып қойыңдар.
23
Астықтың, жүзім шырыны мен зәйтүн майының өнімінің он бөлігінің бірін және мүйізді ірі қара әрі ұсақ малдарыңның алғаш туған төлдерін Құдайларың Жаратқан Ие өз есімінің жер бетіндегі тұрағы болуға тағайындайтын орынға апарыңдар. Олардан Жаратқан Иенің алдында тамақ дайындап, ішіп-жеңдер. Осылай сендер Құдай Иемізді әрдайым терең қастерлеуді үйренесіңдер.
24
Бірақ егер Құдайларың Жаратқан Ие сендерді жарылқап, өнімдеріңнің он бөлігінің бірін Жаратқан Иенің өз есімінің жер бетіндегі тұрағы болуға тағайындайтын орынға апару үшін тым алыс болса,
25
онда он бөлігіңнің бірін сатып, түскен күмісті сол жерге апарыңдар.
26
Сонда сендер сол күміске қалаған нәрселеріңді: мүйізді ірі қара, қой-ешкі, жүзім шырыны, ашытылған сусын немесе басқа қалағандарыңды сатып ала аласыңдар. Осы азық-түліктен сол орында, Құдай Иенің алдында отбасыларыңмен бірге қуана ішіп-жеңдер.
27
Елді мекендеріңде тұратын леуіліктерді ұмытпай қамқорлаңдар. Себебі оларға араларыңда мұралық жер үлестірілген жоқ.
28
Әрбір үш жыл сайын, сол жылғы өніміңнің он бөлігінің бірін қалаларыңның ішіне алып барып, арнайы жерге жинап қойыңдар.
29
Осылайша араларыңдағы мұралық жер үлестері жоқ леуіліктер әрі жат жұрттықтар мен жетім-жесірлер келіп, соны жеп, тойынуларына болады. Сонда Құдайларың Жаратқан Ие сендерді қолға алған барлық іс-әрекеттеріңде жарылқайды.