Заңды қайталау
Жазба туралы мәлімет
Өмірінің соңында Мұса пайғамбар өзінің халқына өсиетін айтып, Құдай Тағаланың еркін қайтадан түсіндірді. Сол кезде Исраил халқы Иордан өзенінің шығыс жағындағы Моаб елінің алқабында шатырларын тіккен болатын. Құдай Ие өздерінің ата-бабаларына уәде еткен Қанахан еліне енуге дайын тұрды.
Пайғамбар халықтың басынан өткізген оқиғаларды әңгімелеп, Жаратқан Иенің сүйіспеншілігі мен сенімділігін олардың есіне салды. Ол Исраилді Өзімен ерекше қарым-қатынаста тұруға таңдап алып, Құдайы және Патшасы ретінде оны қамқорлап, қорғап-қолдап келді. Ал олардың міндеті Жаратқан Иеге мойынсұнып қызмет ету және Оған бағышталған таза өмір сүру еді. Мұса осыны анықтау үшін «Леуіліктер» және «Руларды санау» жазбаларындағы басты өсиеттер мен ережелерді қайталап айтып, соларды мұқият орындауды халыққа ескертті.
Осылай пайғамбардың бастауымен халық Жаратқан Иенің өздерімен жасаған Келісімін қайтадан бекітті. Егер халық Оған сенімді болып, Келісімді бұлжытпай орындайтын болса, онда Құдай Тағала оларды молынан жарылқайды. Ал егер олар опасыз болып жалған тәңірлерге табынып, Келісімнің ережелеріне немқұрайды қарап кетсе, онда халық Келісімде алдын ала айтылған қарғыстарға ұшырайды.
Жазбаның соңындағы «Мұсаның жырында» Құдайдың сүйіспеншілігі мен қамқорлығы және халықтың опасыздығы айрықша әсерлі түрде бейнеленген, ал одан кейінгі «Мұсаның батасында» Исраилдің әр руының болашағы алдын ала көрсетілген.
Жүз жиырма жасқа толғанмен әлі де қуатты әрі белсенді пайғамбар Небо тауының төбесіне көтеріліп, Алла Тағала оған сол жерден бүкіл уәделі елді көрсетті. Мұнан кейін Жаратқан Иенің сенімді қызметшісі сол таудың басында дүние салды.