Даниял 6
Даниялға қарсы жасалған қастандық
1
Дарий билік құрған бүкіл патшалығына жүз жиырма аймақ әміршісін тағайындауды жөн көріп, онысын жүзеге асырды да.
2
Бұған қоса патшаның мүддесін көздеп, аймақ әміршілерінің үстінен қарап, есеп алып отыратын үш уәзірді де бекітті. Сол үш уәзірдің біреуі Даниял болды.
3
Даниял (Құдайдың Рухы дарытқан) асқан қабілетінің арқасында өзге екі уәзір мен аймақ әміршілерінен озық шықты. Сондықтан патша оны бүкіл патшалықты басқарушы етіп қоюды ойлады.
4
Сонда басқа уәзірлер әрі аймақ әміршілері Даниялды айыптауға сылтау іздей бастады. Бірақ Даниял сенімді болып, жұмысын ұқыпты атқарғандықтан, олар оны кінәлайтындай бірде-бір қате не заңсыздық таба алмады.
5
Ақырында олар: «Оның сиынатын Құдайының бұйырған заңына қатысты болмаса, басқа жағынан ешқандай айып таба алмаймыз», — деп қорытты.
6
Содан уәзірлер мен аймақ әкімдері бір айла тауып, патшаның алдына жиналып, былай деді:
— Уа, Дарий патша, өміріңіз ұзақ болсын!
7
Біз: патшалықтың уәзірлері, қолбасшылары, аймақ әміршілері, кеңесшілері және әкімдері бәріміз ақылдаса келіп, патша ағзам мынадай заңды қабылдап, жарлық шығарса, тиімді болар еді деген қорытындыға келдік: Кімде-кім отыз күндік мерзім ішінде өзіңізге емес, уа, патша иеміз, бір тәңірге не пендеге бас ұрып, өтініш жасаса, сол адам арыстандардың апанына тасталсын!
8
Осылайша, уа, патша ағзам, бұл жарлықты бекіте көріңіз. Мидиялықтар мен парсылардың ешқашан күшінен айырылмайтын заңына сәйкес оны ешкім өзгерте алмастай етіп жазбаша түрде шығарта көріңіз.
9
Дарий патша бұл жарлықты жазбаша шығартып, бекітті.
Даниялдың арыстандардың апанына тасталуы
10
Даниял мұны білсе де, бұрынғыдай күніне үш рет үйінің жоғарғы бөлмесіне көтеріліп, Иерусалимге қарай ашық тұрған терезенің алдына баратын. Сол жерде ол бұрын да істегеніндей тізерлеп отырып, сиынатын Құдайына мінажат етіп, Оны мадақтауын жалғастыра берді.
11
Сонда оны көре алмайтындар жиналып, Даниялдың Құдайға сиынып, рақым көрсетуін сұрап тұрғанының үстінен түсті.
12
Олар патшаның алдына барып, оның шығарған жарлығы туралы айта келіп:
— Уа, патша! «Кімде-кім отыз күндік мерзім ішінде өзіңізге емес, бір тәңірге не пендеге бас ұрып, өтініш жасаса, сол адам арыстандардың апанына тасталсын!» деп жарлық шығармап па едіңіз? — деген сауал қойды. Патша:
— Дұрыс, бұл жарлық мидиялықтар мен парсылардың заңына сәйкес бекітілді, оны ешкім де өзгерте алмайды! — деп жауап берді.
13
Сонда әлгілер:
— Яһудадан жер аударылып келгендердің бірі — Даниял не сіздің өзіңізге, не шығарған жарлығыңызға пысқырып та қарамайды! Ол әлі де күніне үш рет өзінің Құдайына бас ұрып мінажат етіп келеді! — деп шағым айтты.
14
Мұны естігенде патша өзіне-өзі қатты наразы болды. Ол Даниялды құтқаруға ниеттеніп, күн батқанға дейін оны қалай да аман қалдыруға тырысты.
15
Алайда манағы қызметкерлер қайтадан патшаның алдына жиналып:
— Уа, патша, есіңізден шығара көрмеңіз, мидиялықтар мен парсылардың заңына сәйкес, патша шығарған жарлық пен ережені ешқандай өзгертуге болмайды! — деп ескертті.
16
Содан патшаның әмірімен Даниял әкелініп, арыстандар қамалған апанға тасталды. Патша соның алдында Даниялға: «Сен өз Құдайыңа үздіксіз қызмет етіп келдің. Енді Ол сені құтқара көрсін!» — деген тілегін білдірген еді.
17
Ешкім Даниялды құтқарып алмас үшін, апанның аузы дәу таспен жабылып, патша тасқа өзінің және әміршілерінің мөрлерін басып, бекітті.
18
Бұдан соң патша сарайына кетіп, көңіл көтеруге зауқы соқпай, тамақтан да ауыз тимеді, түнімен көз шырымын да алған жоқ.
Даниялдың арыстандардан құтқарылуы
19
Таң атар-атпастан патша орнынан тұрып, арыстандардың апанына қарай тартты.
20
Апанға жақындап қалғанда мұңды дауыспен:
— Ей, Даниял, тірі Құдайдың құлы! Өзің үздіксіз қызмет етіп келген Құдайың сені арыстандардан құтқара алды ма? — деп сұрады.
21
Сонда Даниял былай деп жауап берді:
— Уа, патша ағзам, өміріңіз ұзақ болсын!
22
Құдайым Өзінің періштесін жіберіп, арыстандардың аранын жауып тастап, олар мені ешқандай жарақаттаған жоқ. Өйткені Құдайдың алдында айыпсыз деп те табылдым. Уа, патшам, өзіңізге де ешбір зиян келтірген емеспін.
23
Патша бұған қатты қуанып, Даниялды арыстандардың апанынан шығарып алуға бұйырды. Апаннан шыққан Даниялдың денесінен бірде-бір жарақат табылмады. Себебі ол өз Құдайына сенім артқан еді.
24
Патша Даниялға тісін қайрап, жазықсыз кінә таққан адамдар туралы әмір шығарып, өздерін, әйелдері мен бала-шағаларын түгелдей арыстандардың апанына тастатты. Апанның түбіне жетпей жатып-ақ, арыстандар оларға бас салып, денелерінің мылжа-мылжасын шығарды.
25
Содан соң Дарий жер бетіндегі әрбір халық, ұлт пен тілдің адамдарына мынадай хат жазып жолдады:
«Барлығыңа амандықты молынан тілеймін!
26
Былай деп жарлық шығарамын: патшалығымның күллі жерлерінде халық Даниялдың сиынатын Құдайынан қалтырап қорқып, Оны терең қастерлейтін болсын!
Себебі Ол — тірі Құдай, мәңгілік жасайды,
Оның Патшалығын ешкім жеңе алмайды,
Әрі Оның билігі шексіз созылады!
27
Құдай құтқарып, аман-есен қалдырады,
Көк пен жерде керемет, ғажап істер қылады!
Ол арыстандардың аранынан Даниялды
Құтқарып алып, аман-есен сақтап қалды!»
28
Сонымен Даниялдың жағдайы Дарийдің, яғни парсы патшасы Кирдің, билік құрған заманында өркендей берді.