Даниял  2
Бабыл патшасының түс көріп, абыржуы
1
Набуходоносор (Бабыл еліне) патшалық құрған екінші жылы
а
қорқынышты түстер көріп, соларды уайымдап, ұйқысынан айырылды.
2
Содан ол түстерінің мазмұнын біліп алу үшін елдегі абыздар, балгерлер, сиқыршылар мен жұлдызшыларды
ә
шақыртты. Олар келіп, патшаның алдына жиналды.
3
Патша оларға:
— Мен түс көрдім, содан жаным тыншымай отыр. Түстің мазмұнын білгім келеді, — деді.
4
Жұлдызшылар патшаға арамей тілінде:
б
— Уа, патша ағзам, өміріңіз ұзақ болсын! Бізге түсіңізді айтып беріңіз, сонда оны сізге жорып береміз! — деп жауап қайтарды.
5
Алайда патша:
— Жарлығым мынадай: егер маған көрген түсімнің мазмұны мен мағынасын айтып бермесеңдер, өздеріңді кескілеп өлтіртіп, үйлеріңді жермен-жексен қылғызамын!
6
Ал егер түсімнің мазмұны мен мағынасын айтып берсеңдер, мен сендерге көп сый-тартулар беріп, зор құрметке ие боласыңдар. Сондықтан маған түсімді және оның мағынасын айтып беріңдер! — деп бұйырды.
7
Олар тағы да патшадан:
— Түсіңізді бізге айтып берсеңіз, оны сізге жорып береміз! — деп өтінді.
8
Бірақ патшаның жауабы мынау болды:
— Сендердің жай ғана уақытты созып тұрғандарыңды көріп тұрмын. Менің мынаны нық шешкенімді жақсы білесіңдер:
9
егер түсімді айтып бермесеңдер, бәріңе де бірдей үкім кесіледі. Ал сендер жағдай өзгергенше мені алдайтын жаман нәрселерді айтуға сөз байластыңдар. Сондықтан қандай түс көргенімді айтып беріңдер! Сонда сендердің оны жори алатындарыңа да көз жеткіземін. —
10
Жұлдызшылар:
— Уа, патша ағзам, тапсырған бұл мәселеңізді жер бетіндегі бірде-бір адам шешіп бере алмайды. Ешбір патша, қандай ұлы да құдіретті болмасын, бірде-бір сәуегей, балгер, жұлдызшыдан бұрын-соңды мұндайды талап еткен емес!
11
Уа, тақсыр, бұл тапсырмаңыз тым қиын. Түсіңізді сізге тәңірлерден
в
өзге ешкім де ашып бере алмайды, ал олар адамдардың арасында тұрмайды ғой! — деп жауап қайтарды.
12
Мұны естігенде патшаны ашу-ыза кернеп, Бабылдағы барлық білімпаздардың көзін құртуға бұйырды.
13-14
Патша осындай жарлық шығарғандықтан, сақшылар іздеп тауып алып, өлтіру үшін Бабылдың басқа білімпаздарымен қатар Даниял мен оның серіктеріне де барды. Өлім жазасын орындауға шыққан патша сақшыларының бастығы Ариоқ келгенде, Даниял онымен көрегендікпен сөйлесіп:
15
— Патша ағзам мұндай қатал жарлықты қандай себептен шығарды екен? — деп сұрады. Сонда Ариоқ оның себебін түсіндірді.
16
Мұны естісімен Даниял сарайға барып, түсінің мағынасын айтып беру үшін патшаның біраз уақытқа мұрсат беруін сұрады.
Жаратқан Иенің Даниялға түстің мағынасын ашуы
17
Содан Даниял үйіне қайтып, болған жайтты серіктері Хананиях, Мишаел, Азарияхқа айтып былай деді:
18
«Бабылдың өзге білімпаздарымен бірге өзіміздің де құрымай аман қалуымыз үшін көктегі Құдайдан
г
бұл құпияны рақымдылықпен ашып беруін сұрайық!» —
19
Мұнан кейін осы құпияның шешімі Даниялға түнгі көрініспен ашылды. Сонда Даниял Құдайды мадақтап
20
былай деді:


«Мәңгі мадақталсын Құдайдың есімі,
Ол — бар даналық пен құдіреттің Иесі!
21
Заман мен дәуір атаулыны өзгертеді,
Әрі патшаларды тағайындап қояды,
Ал кейін оларды орнынан алады,
Ол даналарға тағы даналық қосады,
Түсінігі барларға білім дарытады,
22
Құдайда әрдайым жарық нұр болады,
ғ
Ол құпия, көмескі жайттарды ашады,
Түнектегілерін де анық ұғады.
23
Алғыс айтып, Сені мақтаймын ұдайы,
Уа, ата-бабаларым сиынған Құдайы!
Даналық пен күшке Сен қолымды жеткіздің,
Сұрағанымызды маған ашып бердің,
Патшаның талап еткенін бізге білдірдің!»
Даниялдың патшаға түстің мазмұны мен мағынасын білдіруі
24
Сонымен Даниял Набуходоносор патшаның Бабылдың білімпаздарын өлтіруге жіберген қызметкері Ариоққа
д
барып: «Бабылдың білімпаздарын өлтірмей, мені патшаның алдына апарсаңыз екен. Оған көрген түсінің мағынасын айтып беремін!» — деп өтініш жасады.
25
Ариоқ Даниялды бірден патшаның алдына алып барып: «Уа, патша ағзам, мен Яһудадан жер аударылып келгендердің арасынан түсіңізді жорып бере алатын адамды тауып алып келдім!» — деп баяндады.
26
Сонда патша Балташазар деп те аталған Даниялға сұрақ қойып:
— Сен шынымен түсімде не көргенімді айтып, оның мағынасын түсіндіре аласың ба? — деді.
27
Даниял патшаға былай деп жауап берді:
— Ешқандай білімпаз, балгер, сәуегей не сиқыршы сізге өзіңіз айтып отырған құпияны түсіндіріп бере алмайды.
28
Бірақ көктегі Құдай құпияларды ашып бере алады. Уа, Набуходоносор патша, көктегі Құдай сізге осы түс арқылы келешек замандарда болатын жайттарды көрсеткен екен. Төсекте жатқанда түсіңізде көрген көріністеріңіз мыналар:
29
Демалып жатқан кезде болашақ туралы ойлай бастадыңыз, уа, патша ағзам. Сонда барлық құпияларды аша алатын Құдай сізге келешекте болатын оқиғаларды білдірді.
30
Алайда менің басқа пенделерден ақылды болғандығымнан емес, сізге түстің мағынасын білдіріп, санаңызға ұялаған сол ойларды түсіндіріп беруім үшін бұл құпия маған ашылды.
31
Уа, тақсыр, түсіңізде көргеніңіз — алдыңызда тұрған бір дәу мүсін
е
екен. Ол жарқ-жұрқ еткен, биік, сырт көрінісі қорқынышты еді.
32
Мүсіннің басы саф алтын, көкірегі мен қолдары күміс, іші мен екі саны қола,
33
екі балтыры темір, аяғының қалған бөлігі жартылай темір, жартылай қыш екен.
34
Сіз мүсінге қарап тұрған кезде бір дәу тас жартастан қашалып жасалды. Мұны жасаған адам баласы емес еді. Сол дәу тас мүсіннің жартылай темір, жартылай қыш аяқтарына келіп соғылып, оларды қиратып тастады.
ж
35
Сонда мүсіннің темірі мен қышы, қоласы, күмісі және алтыны бәрі бірдей быт-шыт болып сынып қалды. Олар жаздыгүні астық бастыратын қырмандағы бидай қауызындай соққан желмен ұшып кетіп, із-түзсіз ғайып болды. Ал мүсінге соғылған дәу тас орасан зор тауға айналып, бүкіл жер бетін толтырды.
36
Түсіңіз осындай болды. Енді оның мағынасын да айтып берейік.
37
Сіз, уа, патша ағзам, көптеген патшалардың патшасысыз. Көктегі Құдай сізге патшалық билік, күш-қуат пен атақ-даңқ сыйлап,
38
үстемдігіңізге әр жердегі адам баласын, даладағы аңдар мен аспандағы құстарды тапсырып, өзіңізді солардың барлығының үстінен билеуші етіп тағайындады. Сондықтан мүсіннің алтын басы өзіңізді білдіреді.
39
Сізден кейін дәрежесі төмендеу екінші бір патшалық, одан кейін бүкіл жер бетін басқаратын қола (іспетті берік) патшалық пайда болады.
40
Содан кейін төртінші, темірдей
з
мықты патшалық шығады. Темір қарудың барлық нәрсені сындырып, талқандай алатыны сияқты, осы патшалық та сол бұрынғы патшалықтарды талқандап күйретеді.
41-42
Мүсіннің аяғы мен башпайларының жартылай қыштан, жартылай темірден болғанын көрдіңіз ғой. Бұл — сол төртінші патшалықтың екі бөліктен тұратынын бейнелейді. Кейбір бөлімдері темірдей қатты әрі күшті, ал басқалары қыш сияқты морт сынғыш болады.
43
Өзіңіз көрген сол көріністегі темірдің қышпен араласқаны іспетті, сол бөлімдері де бір-бірімен араласады.
и
Бірақ темірдің қышпен біртұтас бола алмайтынындай, араларында шынайы бірлік болмайды.
44
Алайда сол патшалардың заманында көктегі Құдай бір Патшалықты орнатады. Сол патшалық ешқашан күйремейді, Құдай бөтен халықтың оны жаулап алуына да жол бермейді. Қайта, осы Патшалық басқа барлық патшалықтарды біржола қиратып, өзі мәңгі берік тұрады.
45
Адам баласы емес, басқа біреу жартастан қашап жасаған дәу тасты көрген едіңіз ғой. Оның темір, қола, қыш, күміс және алтынды қиратқаны осыны бейнелейді.
Сонымен Ұлы Құдай келешекте не болатыны туралы сізге білдіріп отыр, уа, патша ағзам. Көрген түсіңіз сенімді, түсіндірмесі де дәл.
Даниял мен үш досының мәртебелерінің жоғарылауы
46
Сонда Набуходоносор патша Даниялдың алдында басын жерге тигізе тағзым етті. Оның құрметіне астық тартуы жасалып, хош иісті зат түтетілсін деп бұйырды да,
к
47
Даниялға былай деді: «Сен осы құпияны аша алғандықтан, сиынатын Құдайыңның шынымен барлық тәңір атаулының үстіндегі Құдай әрі патшалардың Иесі екеніне көзім жетіп отыр!»
48
Патша Даниялдың дәрежесін мейлінше жоғарылатып, оған көп сыйлық беріп, бүкіл Бабыл аймағының билеушісі және Бабылдың барлық білімпаздарының үстінен қарайтын басшысы етіп бекітті.
49
Даниялдың өтінішімен патша Шадырақ, Мисақ пен Әбдінегоны Бабыл аймағының істерін атқарушылар етіп тағайындады. Ал Даниялдың өзі патша сарайында тұратын
қ
болды.

а  Б.з.д. 604 ж. (Содан бұрын Набуходоносор оңтүстік Иракты мекендеген халдей тайпаларына ғана билік құрған еді.)

ә  Немесе: халдейлерді. (Халдей ғұламалары Бабыл елінде жұлдыз санаушылық пен сәуегейліктерімен әйгілі болатын.)

б  Осы жерден бастап, 7:28-ге дейін түпнұсқа мәтіні көне арамей тілінде жазылған.

в  (5:11) Немесе: Құдайдан (Жар 41:39).

г  Немесе: көк пен жерді жаратқан шынайы Құдайдан. (Бабылдық ғұламалар мен жұлдызшылар адамдардың тағдырына жұлдыздар әсер етеді деп сенсе, Даниял осы сөзі арқылы жұлдыздардың қозғалысы да, күллі адамзаттың тағдыры да жалғыз шынайы Құдайдың қолында екеніне деген сенімін білдірді.)

ғ  5:11,14; Жыр 35:10; 103:2.

д  2:14.

е  Яки: бір адамның дәу мүсіні.

ж  2:45.

з  Яки: болат секілді.

и  Немесе: өзара қыз алысып, қыз берісіп құдаласады.

к  Сол заманғы әдет-ғұрыпқа сай мұндай қошемет тек тәңірге не патшаға ғана көрсетілетін. Набуходоносор осылай етуі арқылы негізінде Даниял сиынатын Құдай Тағалаға ғибадат еткен шығар (2:47).

қ  Яки: Патшаның қақпасында (Ест 2:19).