Даниял пайғамбар
Жазба туралы мәлімет
Даниял пайғамбар Яһуда патшалығындағы ақсүйек әулетінен шыққан болатын. Оның жас кезінде, б.з.д. 605 жылы, Бабыл әскері Яһуданың астанасы Иерусалимге шабуыл жасады. Жау көптеген тұрғындарын, солардың ішінде Даниял мен өзге де таңдаулы жасөспірім балаларды бір жарым мың шақырым қашықтықтағы Бабыл еліне айдап алып кетті.
Бабылдық уәзір құлдыққа түскен Даниял мен оның үш серігін халдей және басқа да халықтардың тілдері мен әдебиеттерін оқып, патшаға қызмет етуге міндеттеді. Төрт жасөспірім Құдайға адал болуға бел байлап, сол шешімдерінен еш таймады. Құдай осы сенімді қызметшілерін керемет құдіретімен өлімнен құтқарып алған соң, бұған куә болған патшалар осы туралы қол астындағы халықтарға жариялатып паш етті. Солардың арасында Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияны мекендеген сақ тайпаларының бірқатары да болды; олар қазақ халқының түп аталарының бір бөлігі болып саналады. Алтын сауыты табылған «алтын адам» — сол дәуірде өмір сүрген сақ патшасы.
Алла Тағала төрт жасөспірімге сарайдағы қызметтері үшін ерекше ақыл-парасат, ал Даниялға соған қоса түс жоритын дарынды да сыйлады. Даниял парсы патшасы Кирдің яки Дарийдің тұсында оның бас уәзірі болып тағайындалды.
Даниял пайғамбар көрген аяндарында Құдайдың еркімен үлкен патшалықтардың бірінен соң бірінің күшейіп, қайтадан құлдырайтыны туралы мәліметтер алды. Бұдан «Алла Тағаланың пенделердің патшалықтарына үстемдік жүргізіп, билікті Өзі қалаған кісісіне табыстайтыны» анық көрінеді (5:21). Құдай Бабыл еліне жер аударылған Яһуда халқын Өзінің белгілеген уақыты келгенде құтқаратыны жайлы да сенушілерге Даниял пайғамбар арқылы хабар жеткізіп, жаңа үміт берді. Содан бері олар Хақ Тағала барлық халықтар үстінен билік құруға тағайындаған, «адам баласының кейпінде» келетін құдіретті Билеушіні (7:13-14) күтетін болды. Сол Билеуші, яғни Мәсіх Иса, алты ғасырдан кейін керемет арқылы бұ дүниеге келді (Лұқа 1:30-35; 2:10-14). Осылай Даниял пайғамбардың жазбасы барлық замандардағы сенушілерді қиын-қыстау кезде де мойымай, Құдай Тағалаға адал болып, Оның құтқаруын төзімділікпен күтуге жігерлендіріп келеді.