Қолостықтарға арналған хат
Жазба туралы мәлімет
Құдайдың елшісі Пауыл бұл сәлемхатын Қолос қаласындағы сенушілер қауымына арнады. Оны жазған кезде (шамамен б.з. 60 жылы) елші Рим қаласындағы қамауда отырған еді. Ол Алла Тағаланың өзіне берген тапсырмаларын адал атқарған болса да, дұшпандары оған қарсы шығып, билік иелерінің алдында айыптаған болатын. Қолос батыс Түркиядағы ежелгі Ефес қаласынан шығысқа қарай 175 шақырымдай жерде орналасқан болатын.
Пауыл Ефесте Ізгі хабарды уағыздағанда, Епафрас есімді қолостық кісі Мәсіхтің жолына түсіп, Ізгі хабарды өз қаласына да жеткізді. Осылай сол жердегі алғашқы қауым пайда болды. Ал кейін осы қауымда қате ілімдер уағыздала басталды. Епафрас Пауылға барып, сол жөнінде айтып берген соң, елші қауымға осы хатты жазды.
Әлгі қате ілімдер яһуди дінінің кейбір ережелерін, мысалы, адал, арам тағамдар туралы ұғымды, діни мейрамдарды және сүндеттеу рәсімін сақтауды талап етті. Сонымен қатар, кейбір уағыздаушылар періштелерге табыну керек деп, Мәсіхтің дәрежесін төмендетуге ұмтылды. Олар құпия даналықпен, біліммен әрі көне рәсімдермен таныс болғандарын айтып мақтанды.
Сондықтан Пауыл елші ефестіктерге жазғанындай, қолостықтарға да арнап тәлімдік хат жазды. Хатында ол Мәсіхтің мәңгілік даңқ-абыройын көрсетеді: Ол — бүкіл әлемді жаратқан, оны құрып кетуден сақтаушы Иеміз, қауымның рухани «Басы» және бізді Құдаймен бірден-бір Татуластырушы. Сол себептен де сенушілердің бәрі үшін Иса Мәсіхпен тығыз байланыста тұрулары толық жеткілікті.
Ал жаңа ілімдер — қате, мәнсіз, алдамшы пәлсапа ғана, олар адамның күнәкар болмысын өзгертуге дәрменсіз. Себебі жан дүниеміздің тереңдеп тазарып, жаңаруы керек. Құдай сенушіге осылай сыйлаған жаңа өмір оның басқаларға деген көзқарасы мен іс-әрекетінен де көрінеді. Енді сенушілер қауымы Мәсіхпен тығыз байланыста тұрса, жан-жақты кемелденіп, Оның даңқын асырады.