Амос 8
Піскен жемістер салынған себеттің көрінісі
1
Жаратушы Тәңір Ие маған тағы бір көріністі көрсетті. Сонда мен піскен жемістер салынған себетті көрдім.
2
Ол менен:
— Не көріп тұрсың, Амос? — деп сұрады.
— Піскен жеміс салынған себетті, — деп жауап бердім. Сонда Жаратқан Ие маған тіл қатып былай деді:
— Өз халқым Исраилдің де пісіп, жиналып, сотталатын уақыты жетті. Бұдан былай Мен олардың күнәларына шыдамдылық көрсетпеймін!
3
Сол күні ғибадатханадағы қуанышты ән-жырлар зарлаумен алмасады. Адам өлігі көп болып, оларды әр жерден жинап, қаладан шығарып тастайды. Бәрі де үн-түнсіз болмақ! Мен, Жаратушы Тәңір Ие, осыны нық айтамын.
4
Әй, мұқтаждарды аяқасты қылатын, елдің жарлыларын құртатын сендер, мынаны тыңдаңдар:
5
Сендер іштей былай дейсіңдер: «Айдың алғашқы күні қашан өтер екен? Сонда бидай сатамыз. Демалыс күні қашан бітер екен? Сонда астықты базарға шығарамыз! Бидай өлшеп салатын ыдысымызды кішірек, күміс өлшейтін кір тастарымызды ауырырақ қылып, таразыдан да жейміз.
6
Кедейлерді күміске, мұқтаждарды бір жұп аяқкиімге сатып аламыз. Салмағын ауырлату үшін астықты кебегімен қоса сатамыз!»
7
Ал Жаратқан Ие «Жақып мақтан тұтқан (Құдай)» деген Өзінің атымен былай деп ант береді: «Мен сол істерінің бірін де есімнен шығармаймын!
8
Осыларың үшін бүкіл ел шайқалып, оның тұрғындары қайғыға батпай ма? Расында жер Мысырдың Ніл өзеніндей көтеріліп әрі тасып, сосын қайтадан басылып, төмендейтін болады».
9
Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: «Сол кезде Мен күнді тал түсте бататын қылып, жерді күндіз қараңғылыққа бөлеймін!
10
Көңілді мейрамдарыңды қайғыру уақытымен, әрі қуанышты әндеріңді жоқтаумен алмастырамын. Сендерге азалы киім киіндіріп, қайғыдан шаштарыңды тақырлап алып тастатамын. Бұл жалғыз ұлдың өліміне жоқтау айтқанға ұқсайды. Иә, оның ақыры өте ащы болады!»
11
Жаратушы Тәңір Ие мынаны да айтады: «Біліп қойыңдар! Мен не нанды аңсайтын аштықты, не суды аңсайтын шөлді де емес, Менің, Жаратқан Иенің, сөзін естуге деген аштық пен шөлді жіберетін уақытым келе жатыр!
12
Сонда адамдар теңізден теңізге әрі солтүстіктен шығысқа қарай шарлап кезіп, Жаратқан Иенің сөзін сарсыла іздейтін болады. Бірақ оны таба алмайды.
13
Сол кезде көрікті бойжеткендер мен мықты жігіттер шөлден әлсірейтін болады.
14
Самарияның масқара тәңірсымағымен ант ішіп, «Сенің тәңіріңмен ант етемін, уа, Дан!» немесе «Сенің тәңіріңмен ант етемін, уа, Бер-Шеба!» дейтіндер құлап, енді қайтып тұра алмайды».