Амос  6
Паңданып, бейқам жүретін халыққа шығарылған үкім
1
Әй, Сион тауында бейқам тұрып жатқан және өздерін Самария тауында қауіпсіз сезінетіндер, сендер қасіретке қаласыңдар! Ең озат халықтың маңдай алды адамдары деп аталатын сендерге Исраилдің үрім-бұтағы келіп, ақыл-кеңес пен көмек сұрайды.
2
Қална қаласына барып, қараңдар! Сол жерден үлкен Хамат қаласына, содан філістір еліндегі Ғатқа да барыңдар! Өз патшалықтарың олардан артық па? Әлде олардың жерлері сендердікінен кең-байтақ болды ма? (Әрине, жоқ. Әйтсе де, жау оларды талқандады.)
3
Дегенмен, сендер «апат болатын күн алыс» деп ойлап, аяусыз сотталатын күнді өздерің жақындатасыңдар.
а
4
Сендер піл сүйегімен әшекейленген төсек-орындарыңда жатасыңдар, төсектеріңде жатып шіренесіңдер. Жейтіндерің — отардың тоқтылары мен бордақы таналардың семіз еті.
5
Жетігеннің сүйемелдеуімен ән айтасыңдар, Дәуіт патшаға еліктеп, күй аспаптарыңда ойнауға әуен-күйлер ойлап табасыңдар.
6
Шарапты тостағандап ішіп, үстеріңе жұпар иісті май жағасыңдар. Ал Жүсіптің үрім-бұтағының басына төніп тұрған жойылу жайлы қайғырмайсыңдар!
7
Сондықтан қолға түсіп, басқа жерге аударылатын алғашқылардың арасында сендер боласыңдар! Сендердің үлде мен бүлдеге оранған, сауық-сайран құрған өмірлерің осылай бітпек!
8
Жаратушы Тәңір Ие Өзінің киелі атымен ант етті. Ол — Жаратқан Ие, Әлемнің Әміршісі Құдай, мынаны айтады: «Мен Жақыптың үрім-бұтағының асқақтығынан жиренемін, олардың бекіністі сарайларын да жек көремін. Сондықтан да Мен осы қаланы және онда тұратындардың бәрін жауларының қолына тапсырамын».
9
Бір үйде он адам қалған болса, солардың барлығы да өледі.
10
Қайтыс болғандардың мәйіттерін өз туысқаны жерлеуге алып шығып, үйдің ішіндегі адамнан: «Қасыңда тағы біреу бар ма?» — деп сұрап, сол: «Жоқ,..» — деп жауап бере бастағанда, әлгі туысқан: «Тыныш! Жаратқан Иенің есімін бекерге атай көрме! — деп шошитын болады.
ә
11
— Өйткені біліп қой: Жаратқан Ие бұйрық берсе, үлкенді-кішілі үйлердің барлығы қиратылып талқандалады!»
12
Жылқы жартаста ойнақтай ала ма? Теңізді соқамен жыртуға бола ма? (Әрине, болмайды.) Ал сендер әділдік пен шыншылдықты ащы уға
б
айналдырдыңдар!
13
Сендер Лодыбар (яғни «ештеңе») қаласын иемденгендеріңе шаттанып, «Қарнайым (яғни «қос мүйіз») қаласын өз күшімізбен басып алдық» деп те мақтанасыңдар.
в
14
Бірақ Жаратқан Ие, Әлемнің Әміршісі Құдай, мынаны айтады: «Уа, Исраилдің үрім-бұтағы, сендерге қарсы Мен бір халықты көтеремін. Олар сендерге солтүстіктегі Лебо-Хаматтан бастап, оңтүстіктегі Араба аңғарына дейінгі бүкіл елдеріңде
г
зорлық-зомбылық көрсететін болады!»

а  Немесе: аяусыз билікті жақын арада жүргізбексіңдер.

ә  Мыс 20:7.

б  Яки: жусанға (6:12; Заң 29:18; Нқл 5:14).

в  Ғилақадтағы осы екі қаланың аттарын пайғамбар мысқылдап қолданып отыр. Лодыбар (Пат2 9:4) «ештеңе», ал Қарнайым (Жар 14:5) «қос мүйіз» (яғни «зор күш») дегенді білдіреді.

г  Пат4 14:25.