Амос 3
Таңдалған халықтың кінәсі және тартатын жазасы
1
Уа, Исраилдің үрім-бұтағы, Жаратқан Иенің сендерге қарсы айтқан сөзін тыңдаңдар! Ол ежелде Мысыр елінен Өзі алып шыққан бүкіл халыққа қарсы мына сөзін айтады:
2
«Жер бетіндегі барлық халықтардың ішінен Мен тек сендерді ғана таңдап алғанмын. Сондықтан Мен сендердің істеген барлық опасыз істеріңе назар аударып, жазалаймын!»
3
Бағыт жайлы келісіп алмаса, екі адам бірге жүре ала ма?
4
Алдында жатқан олжасы болмаса, ормандағы арыстан ақыра ма? Ұстап алған ештеңесі болмаса, жас арыстан інінен даусын шығара ма?
5
Егер тұзақта жем болмаса, құс оған түсе ме? Еш нәрсе түспесе, тұзақ жоғары ырши ма?
6
Қалада кернейдің даусы шықса, халық үрейленбей ме? Жаратқан Ие жібермесе, қала апатқа ұшырай ма?
7
Шынында Жаратушы Тәңір Ие Өзіне қызмет ететін пайғамбарларға алдын ала білдірмей ештеңе істемейді.
8
Ал енді «Арыстан» ақырды! Содан кім үрейленбейді? Жаратушы Тәңір Ие тіл қатты, Оның хабарын басқаларға кім жеткізбейді?
9
Азот қаласы мен Мысыр елінің сарайларына: «Самарияның тауларына жиналыңдар! Елдегі болып жатқан ғаламат ретсіздік пен қанаушылыққа көз салыңдар!» — деп жариялаңдар!
10
Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: Олар дұрыс істеуді білмейді де, өз сарайларында зұлымдықпен, зорлықпен иемденіп алған байлық жинайды.
11
Сол себепті Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: «Елді жау қоршап, сені қуатыңнан жұрдай етіп, сарайларыңды талан-таражға түсіреді».
12
Жаратқан Ие мынаны да айтады: «Шопан қойына тап берген арыстанның аранынан оның қос сирағын немесе құлағының бір жапырағын ғана шығарып ала алады. Сол сияқты Самарияда тұратын исраилдіктер де тек төсектің бір шетімен және жұқа жабынымен ғана құтқарылады.
13
Мынаны тыңдап алып, Жақыптан тараған Исраил халқына қарсы куәлік етіңдер! — деп бұйырады Жаратушы Тәңір Ие, Әлемнің Әміршісі Құдай. —
14
Мен Исраилдің жасаған зұлым істеріне назарымды аударып, оларды жазалайтын боламын. Сол күні Бетелдегі құрбандық үстелдерін де қиратамын. Осы құрбандық үстелдеріндегі мүйіздер кесіліп, жерге түсіп қалады.
15
Мен байлардың қысқы және жазғы үйлерін де жермен-жексен етіп қиратамын. Сонда олардың піл сүйегімен әшекейленген үйлері және басқа да сарайлары күйреп жоқ болады». — Жаратқан Ие осыны нық айтады.