Елшіл. істері 9
Сенімнің қас жауы Саулдың Иеміз Исаға мойынсұнуы
1
Ал Саул Иеміздің жолын қуушыларды өлтірем деген қоқан-лоқысы мен қаскөйлігін әлі де жалғастырып, бас діни қызметкерге барып, жолықты.
2
Одан (Сирияның) Дамаск қаласындағы мәжілісханаларға арнап хат жазып беруін сұрады. Саул сол жерден тапқан еркек болсын, әйел болсын Исаның жолына түскендерді бұғаулап, Иерусалимге алып келмекші еді.
3
Осы ниетпен кетіп бара жатып, Дамаскіге жақындап қалғанда, оған көктен түскен жарық нұр кенеттен сәулесін төгіп жіберді.
4
Саул жерге құлап түсіп, «Саул, Саул! Неге Мені қудалайсың?» — деген дауысты естіді.
5
Саул:
— Сен кімсің, Ием? — деп сұрады. Ол:
— Мен сен қудалап жүрген Исамын!
6
Орныңнан тұр да, қалаға бар! Не істеуге тиіс екенің саған сол жерде айтылады! — деді.
7
Саулдың сапарлас жігіттері үндемей тұрып қалды. Себебі олар бір дауысты естігендей болғанмен, ешкімді көрмеді.
8
Саул түрегеліп, көзін ашқанда, еш нәрсе көре алмады. Сондықтан серіктері оны Дамаскіге дейін қолынан ұстап жетектеп барды.
9
Содан ол үш күн бойы көзі көрмей, еш нәр татпады.
10
Сол кезде Дамаскіде Исаның жолын қуушы Анани есімді бір шәкірті тұратын. Иеміз соған аян беріп:
— Анани! — деді. Ол:
— Тыңдап тұрмын, Ием! — деді.
11
— Орныңнан тұр да, Түзу даңғыл деп аталатын көшеге бар. Сол жерде Яһуданың үйінен тарстық Саул деген кісіні сұра! Қазір ол мінажат етіп жатыр.
12
Ол аянда Анани есімді біреудің кіріп келіп, көзін ашу үшін үстіне қолын қойғанын көрді, — деді Иеміз.
13
Бірақ Анани:
— Уа, Ием, мен талайлардан осы кісінің Иерусалимде Саған бағышталған адамдарыңа соншама көп жамандық істегені туралы хабар алдым.
14
Ол басты діни қызметкерлерден Сенің атыңа сиынғандардың бәрін осы жерде де тұтқындауға өкілеттік алыпты, — деп жауап берді.
15
Бірақ Иеміз оған:
— Бар сонда! Ол — Менің атымды басқа ұлттарға, патшаларға және Исраил халқына жариялау үшін таңдап алған қызметшім.
16
Ал Менің атыма бола қаншама азап шегуге тиіс екенін Мен оған Өзім білдіремін, — деді.
17
Анани жолға шығып, әлгі үйге кірді; Саулдың үстіне қолын қойып:
— Бауырым Саул, саған жолшыбай келе жатқанда аян берген Иеміз Исаның Өзі көзің қайтадан көрсін, сен Киелі Рухқа кенелсін деп мені жіберді, — деді.
18
Сол сәтте-ақ Саул көзінен перде алынып тасталғандай, көре бастады. Ол орнынан тұрып, шомылдыру рәсімінен өтті де,
19
тамақ ішіп әлденді.
Саулдың Дамаскіде және Иерусалимде Мәсіх туралы уағыз айтуы
Бірнеше күн бойы Саул Мәсіхтің жолын қуушылармен бірге Дамаскіде болды.
20
Көп кешікпей ол сол қаладағы яһуди мәжілісханаларында Исаның Құдайдың рухани Ұлы екенін хабарлай бастады.
21
Сонда оны тыңдағандар қатты таңғалып: «Иерусалимде Исаның атына сиынғандарды аямай өлтірген кісі осы емес пе? Бұл жерге де ол сондайларды бұғаулап, басты діни қызметкерлерге ұстап беру үшін келген жоқ па?» — десті.
22
Бірақ Саул одан бетер рухани күшейе түсіп, Исаның Құтқарушы Мәсіх екенін дәлелдеп, Дамаскіде тұратын яһудилерді әбден абыржытты.
23
Едәуір уақыт өткеннен кейін яһуди діншілдері оны өлтіруге сөз байласты,
24
алайда Саул олардың құпия ниетін біліп қойды. Әлгілер оның көзін құрту үшін күні-түні қала қақпаларында аңдып жүрді.
25
Сондықтан Исаның бірнеше шәкірті Саулды бір түні үлкен себетке салып, қаланы қоршаған қамал қабырғасындағы терезеден төмен түсіріп жіберді.
26
Содан Саул Иерусалимге барып, Исаның жолын қуушыларға қосылуға тырысты. Бірақ бәрі қорқып, оның шынымен-ақ Иеміздің жолына түскеніне сене қоймады.
27
Ал Барнаба Саулды қамқорлығына алып, елшілерге ертіп келді. Оларға Саулдың жолда Иеміздің аянын көріп, Оның сөзін естігенін және Дамаскіде Исаның атынан батыл уағыз айтқанын әңгімелеп берді.
28
Бұдан кейін Саул Иерусалимдегі сенушілермен емін-еркін араласып, Иеміз Иса туралы ашық та батыл айтып жүрді.
29
Саул грекше сөйлейтін яһудилермен де айтысып, олар мұның көзін жоюға әрекеттенді.
30
Осыны естіген бауырластар Саулды Кесарияға алып кетіп, одан әрі Тарсқа жөнелтті.
31
Осылай сенушілер қауымы бүкіл Яһудея, Ғалилея және Самария аймақтарында тыныш күндерді басынан кешті. Олар рухани күшейіп, Иемізді терең қастерлеп, Киелі Рухтың қолдауымен көбейіп жатты.
Елші Петірдің сал адамды сауықтырып, өлген әйелді тірілтуі
32
Осы кезде Петір елші бүкіл елді аралап жүрген болатын. Содан ол Лүддаға ылдилап барып, сонда тұратын, Құдайға бағышталған сенушілерге де соқты.
33
Сол жерде ол сегіз жыл бойы сал болып жатқан Әней есімді кісіні көрді.
34
Петір оған: «Әней, Құтқарушы Мәсіх Иса сені сауықтырады! Тұр да, төсегіңді жина!» — деді. Ол сол сәтте-ақ орнынан түрегелді.
35
Лүдда қаласы мен Шарон жазығының күллі тұрғындары Әнейдің сауығып, жүріп кеткенін көрді. Содан олар теріс жолдарынан қайтып, Иеміздің жолына түсті.
36
Иоппе қаласында Мәсіхтің жолын қуушы Табита есімді бір әйел тұратын. Табита «Елік» деп аударылады. Ол кәріп-қасерлерге көмектесіп, көптеген игі істер жасайтын.
37
Сол күндері Табита ауырып, қайтыс болды. Оның мәйітін арулап қабірге қоюға дайындап жоғарғы бөлмеге апарып қойды.
38
Мәсіхтің жолын қуушылар Петірдің Иоппеге жақын жердегі Лүддада екенін біліп, оған: «Тезірек бізге келіңізші!» — деген өтінішпен екі жігітті жіберді.
39
Петір оларға ілесіп жолға шықты. Иоппеге келген соң, оны жоғарғы бөлмеге алып барды. Сол бөлменің ішінде қайғырып жүрген жесірлер оны ортаға алып, марқұмның тірі кезінде тігіп беріп кеткен шапандары мен көйлектерін көрсетіп жылаумен болды.
40
Петір олардың барлығына бөлмеден шығуға бұйырды. Бұдан кейін тізерлеп отырып, Құдайға сиынды. Содан ол мәйітке бұрылып: «Табита, тұр!» — деді. Сонда Табита көзін ашып, Петірді көргенде түрегеліп отырды!
41
Петір оған қолын ұсынып, орнынан тұруына көмектесті. Мұнан кейін жесірлер мен басқа да сенушілерді шақырып, қайта тірілген Табитаны оларға көрсетті.
42
Бұл оқиға бүкіл Иоппе қаласына мәлім болып, көптеген кісілер Иемізге сенді.
43
Осыдан кейін Петір бірнеше күн Иоппеде Шимон есімді тері илеушінің үйінде тұрып қалды.