Елшіл. істері 27
Пауыл мен серіктерінің кемемен Римге беттеуі
1
Сонымен біздің Италияға баратынымыз шешілген соң, Пауыл мен бірнеше басқа тұтқындар римдік патша атындағы әскер бөлімінің Юли есімді жүзбасына табысталды.
2
Адрамитилық кемеге мініп, теңізге шықтық. Ол жол-жөнекей Азия аймағының кемежайларына кіретін болды. Бізге Салониқадан шыққан македониялық Арыстарқ ере жүрді.
3
Келесі күні Сидонға жеттік. Жүзбасы Пауылға жақсы қарап, оған достарына барып келіп, солардың оның сапар кезіндегі қажеттерін қамтамасыз етулеріне рұқсат берді.
4
Сидоннан әрі қарай кетіп, алдымыздан қарсы соққан желден қашып, Кипр аралының ық жағымен жүрдік.
5
Теңізді Кіликия және Памфүлия өлкелерін бойлай кесіп өтіп, Лүкия аймағындағы Мүраға жеттік.
6
Сол қаладан жүзбасы Италияға бет алған ескендіриялық кемені тауып алып, бізді осы кемеге мінгізді.
7
Көп күн бойы ақырын жүріп отырып, зорға дегенде Книд қаласының маңайына жеттік. Жел қарсы соққандықтан, Крит аралының ық жағымен, Салмон қаласының маңына жеттік.
8
Жағалаумен жүре отырып, әзер дегенде Ласея қаласына жақын Сұлу кемежай деген жерге бардық.
9
Осы екі арада талай уақыт артта қалып, тіпті яһудилердің күзгі оразасы өтіп кеткен еді. Сондықтан кемемен жүзу қауіпті бола бастады. Сол себептен Пауыл оларға ескертіп:
10
«Ер азаматтар, біздің сапарымыз жүк пен кеме үшін ғана емес, өз өміріміз үшін де қауіпті де өте зиянды болайын деп тұрғанын білемін», — деді.
11
Бірақ жүзбасы Пауылдың сөзінен гөрі кеменің жүргізушісі мен иесіне көбірек сенді.
12
Оның үстіне кемежай қыстауға онша ыңғайлы болмаған соң, кемедегілердің көпшілігі әрі жүре беріп, қыстау үшін қалайда Феникске жетіп алайық деген шешім қабылдады. Өйткені сол криттік кемежай оңтүстік-батыс пен солтүстік-батыс желдеріне қарсы орналасқан.
13
Оңтүстіктен баяу жел соғып тұрғанда, олар мақсатымызды орындай аламыз деген оймен зәкірлерін көтеріп алып, Критті жағалап жүзіп кетті.
Кеменің қатты дауылға ұшырап, қирауы
14
Аз уақыттан кейін арал жақтан Солтүстік-шығыс деп аталатын қара дауыл соғып,
15
кемемізді сүйрей жөнелді. Дауылға қарсы тұрар шамамыз болмаған соң, кемені толқынға тапсырып, кете бардық.
16
Клауда деген кішкентай аралдың ық жағымен жүрген кезде, зорға дегенде кеме артындағы байлаулы қайықты үстіне тартып, шығарып үлгердік.
17
Бұдан соң теңізшілер кемені кендір арқанмен белдіктеп байлап қойды. Олар Сирт қойнауындағы бір таяз жерге қайраңдап қалудан қауіптеніп, желкендерді түсірді. Осылай кеме қалқып жүре берді.
18
Дауылдан әбден ұрылып-соғылып, теңізшілер келесі күні жүктің біразын түсірсе,
19
үшінші күні өз қолдарымен кеменің керек-жарағын лақтырып тастауға мәжбүр болды.
20
Бірнеше күн бойы не күн, не жұлдыз көрінбеді. Ал дауылдың долданғаны сондай, құтқарыламыз ба деген үмітіміз үзіле бастады.
21
Көптен бері ешкім нәр татпаған соң, Пауыл ортаға шығып:
— Ей, ер азаматтар! Мені тыңдап, Криттен шықпауларың керек еді; сонда осындай қатерге бас тігіп, зиян шекпеген болар едіңдер.
22
Ал енді батылданыңдар деп ескертемін, себебі ешқайсыңның өмірлерің қиылмайды, тек кеме ғана құриды.
23
Неге десеңдер, өзім қызмет етіп, Соның меншігімін деп жүрген Құдайымның бір періштесі өткен түні қасымда пайда болып былай деді:
24
«Қорықпа, Пауыл! Сен римдік патшаның алдына баруға тиіссің! Біліп қой: Құдай тілегіңді ескеріп, сапарластарыңды өлімнен аман алып қалады».
25
Сондықтан, азаматтар, батыл болыңдар! Маған қалай айтылса, солай болады да деп Құдайға сенемін.
26
Бірақ біз бір арал маңындағы бір таяз жерге қайраңдап қалуға тиіспіз, — деді.
27
Адрия теңізінде сандалып жүргенімізге он төрт күн болғанда, түн ортасында кемешілер құрлыққа жақындағанымызды шамалады.
28
Олар өлшеуішті суға түсіріп, судың жиырма құлаш терең екендігін анықтады; сәлден кейін тағы өлшеп, он бес құлаш деп тапты.
29
Жартасқа соғылып қалудан қауіптенген теңізшілер кеменің артынан суға төрт зәкір тастап, таңның атуын асыға күтті.
30
Алдыңғы жақтан да зәкір тастаймыз деп сылтауратқан теңізшілер қайықты суға түсіре бастады. Бірақ олар мұны кемеден қашып кету үшін істеді.
31
Сол себепті Пауыл жүзбасы Юли мен жасақшыларға: «Егер мыналар кемеде қалмаса, сендерге құтқарылу жоқ», — деп ескертті.
32
Сонда жасақшылар қайықты байлап қойған арқандарды кесіп, оны теңізге құлатты.
33
Таң атар алдында Пауыл адамдарды бір нәрсе жеп алуға шақырып: «Бастарыңа қауіп төніп, нәр татпай жүргендеріңе бүгін он төрт күн болды.
34
Сондықтан жүрек жалғап алыңдар деймін. Бұл құтқарылуларың үшін қажет. Ешқайсыңның бір тал шашың да түспейді».
35
Пауыл осылай деп, бір нанды алды да, бәрінің көзінше Құдайға шүкірлік айтты; бір жапырағын үзіп, жей бастады.
36
Содан адамдар жігерленіп, тамақтанып алды.
37
Кемеде жалпы саны екі жүз жетпіс алты кісі едік.
38
Бәріміз тойып алған соң, теңізшілер кемені жеңілдету үшін жүк қоймасында қалған астықты теңізге лақтырып тастады.
39
Таң атқанда олар келген жерді таныған жоқ. Жағасы жайлы шығанақты көріп, мүмкін болса, кемені сол жерге тақап тоқтатуға ұйғарды.
40
Зәкірлердің арқандарын кесіп, теңізге тастады да, кеменің рулін байлаған қайысты босатып, алдыңғы желкенді жоғары көтеріп, жағаға бет алды.
41
Алайда бір таяз жерге тап болып, кеме қайраңдап, тұмсығы құмға терең батып, қимылдамай қалды. Ал артын лықсыған толқындар соққылап, сындыра бастады.
42
Тұтқындар жүзіп қашып кетпесін деп, жасақшылар оларды өлтіріп тастамақ болды.
43
Бірақ Пауылды аман алып қалғысы келген жүзбасы олардың ниетін іске асыруларына тыйым салып: «Жүзе білетіндер бірінші болып теңізге секіріп түсіп, құрлыққа жүзіп барсын!
44
Ал қалғандары тақтайларды және кеменің басқа да бөлшектерін қарманып, жағаға жетсін!» — деп бұйырды. Осылай барлығы да аман-есен жағаға жетіп алды.