Елшіл. істері 26
Пауылдың Агриппа патшаға Ізгі хабарды түсіндіруі
— Өзіңді ақтап сөйлеуге рұқсат, — деді. Сонда Пауыл қолын созып, қорғау сөзін бастады:
2
— Жоғары мәртебелі Агриппа патша, бүгін сіздің алдыңызда тұрып, яһуди басшыларының таққан айыбына қарсы өзімді қорғап сөйлеп тұрғаныма қуанамын.
3
Өйткені сіз яһудилердің барлық әдет-ғұрыптары мен даулы мәселелерін жақсы білесіз. Сондықтан сөзіме шыдамдылықпен құлақ түрсеңіз екен деп өтінемін.
4
Жас кезімнен бастап Иерусалимде тұрып, халқым ішінде қандай өмір сүріп келе жатқаным яһудилердің бәріне мәлім.
5
Олар мені көптен бері таниды; егер де шындықты мойындағылары келсе, менің парызшыл ретінде дініміздің ең қатал бағытын ұстанатындардың қатарына жатқанымды біледі.
6
Бүгін сот алдында тұруымның себебі — Құдайдың бір кезде ата-бабаларымызға берген уәдесіне үміт артуым.
7
Осы уәденің орындалуына халқымыздың он екі руы да күндіз-түні Құдайға қызмет етіп үміт етеді. О, патшам, бүгін яһудилер мені содан үміткер болғаным үшін айыптап отыр.
8
Сіздер неге Құдайдың өлгендерді қайта тірілтуіне сенбейсіздер?
9
Рас, баяғыда мен де назареттік Исаға қарсы күресуді міндетім деп ойладым.
10
Иерусалимде осымен айналысып, бас діни қызметкерден арнайы өкілеттік алып, Құдайдың қасиетті адамдарының көбін түрмеге жаптырдым. Олар өлім жазасына кесілгенде, бұған да келісіп, дауыс беріп отырдым.
11
Барлық мәжілісханаларды аралап жүріп, сондайларды талай рет азапқа салып, оларға Иеміздің атын қорлатуға тырыстым. Ашу-ызаға кернелгенім сонша, оларды шетелдік қалаларға барып та қудаладым.
12
Бірде осы мақсатпен бас діни қызметкерден өкілеттік пен тапсырма алып, Дамаскіге бара жатыр едім.
13
Уа, патша, сонда мен жолда келе жатып түс кезінде күн сәулесінен де жарық, көктен түскен нұрды көрдім. Оның сәулесі өзіме де, серіктеріме де түсті.
14
Бәріміз жерге құлап түстік. Сол кезде бір дауыстың маған еврейше: «Саул, Саул, Мені неге қудалайсың? Сен Иеңе қарсы шығып азапқа қаласың», — дегенін естідім.
15
Мен: «Сен кімсің, Ием?» — деп сұрадым. Иеміз маған: «Мен сен қудалап жүрген Исамын.
16
Орныңнан тұр! Мен сені Өзіме нөкер қылу үшін келдім. Бұдан былай сен Менен көргеніңе және саған кейін көрсететіндеріме басқалар үшін куә болуға тиістісің.
17
Сені өз халқыңа да, басқа ұлттарға да жіберемін әрі олардың жасайтын қастандықтарынан құтқарамын:
18
олар қара түнектен нұрға, әзәзіл шайтанның құлдығынан Құдайға бет бұрулары үшін сен олардың көздерін аш! Сонда олар Маған сеніп, күнәлары кешіріліп, Құдай халқының арасынан өз орындарын алады», — деді.
19
Міне, осы себептен мен, Агриппа ағзам, маған көктен аян беріп, Бұйырғанға бағынбай тұра алмадым.
20
Керісінше, алдымен Дамаск пен Иерусалимнің, одан кейін бүкіл Яһудея аймағының тұрғындары мен басқа ұлт адамдарына да: «Теріс жолдан қайтып, Құдайға бет бұрыңдар, әрі соған лайықты іс істеңдер!» деп уағыз айтып жүрдім.
21
Яһудилердің мені ғибадатханада ұстап алып, өлтіргілері келген себебі, міне, осы.
22
Құдай қорғап-қолдап келгендіктен, мен күні бүгінге дейін берік тұрып, үлкен-кіші бәріне куәлік етемін. Мұса мен басқа да пайғамбарлар келешекте болады деп алдын ала айтып кеткендерді ғана үйретіп жүрмін.
23
Атап айтқанда, Құтқарушы Мәсіх азапталып, ең бастысы болып өлімнен тіріліп, Исраил халқына және басқа ұлттарға жарық нұрды жариялауға тиісті болды.
24
Пауыл өзін ақтап, осылай сөйлеп тұрғанда, Фест қатты дауыстап:
— Есің дұрыс емес, Пауыл! Көп оқып, ақылыңнан адасқансың! — деді.
25
Пауыл оған:
— Есім дұрыс, қадірлі Фест, мен ой елегінен өткен шынайы сөздерді айтып тұрмын!
26
Патша ағзам мұның бәрін біледі. Сондықтан оған бұларды еркін баяндап тұрмын. Болған жайттардың ешқайсысы одан жасырын емес, соған сенімдімін, себебі олар тасада өткен жоқ.
27
Агриппа патша, сіз пайғамбарлардың айтқандарына сенесіз бе? Оларға сенетіңізді білемін, — деді.
28
Сонда Агриппа Пауылға:
— Аз уақыттың ішінде мені де мәсіхші болуға көзімді жеткізбексің бе? — деді.
29
Пауыл оған:
— Аз ба, көп пе, әйтеуір бір уақытта өзіңіз де, мені бүгін тыңдап тұрғандардың бәрі де бұғауланған күйімнен басқа дәл мен сияқты болсаңыздар екен деп Құдайдан сұраймын, — деді.
30
Пауыл осыны айтқанда патша орнынан көтерілді; онымен бірге әмірші, Бернике және залда отырғандар түгел тұрды.
31
Олар шығып бара жатқанда, бір-біріне:
— Мына кісі не өлімге кесер, не түрмеге жабар қылмыс жасаған жоқ, — десті.
32
Агриппа да Фестке:
— Римдегі патша сотын талап етпегенде, мұны босатып жіберуге болар еді, — деді.