Елшіл. істері 25
Пауылдың римдік патша алдында сотталуын талап етуі
1
Фест өзінің Яһудея аймағының әміршісі қызметіне кіріскеніне үш күн өткенде, Кесариядан Иерусалимге өрлеп барды.
2
Иерусалимде оның алдына басты діни қызметкерлер мен басқа да беделді яһудилер келіп, Пауылға тағатын айыптарын айтып берді.
3
Содан олар: «Пауылды Иерусалимге ауыстырып берсеңіз екен», — деп, әміршіден жақсылық жасауын сұрады. Өйткені олар жолда оған шабуыл жасап, өлтіртпек болды.
4
Ал Фест Пауылдың қазір Кесариядағы түрмеде отырғанын, өзінің жақын арада сол жаққа қайта баратынын айтты.
5
«Сондықтан орталарыңыздан өкілеттілер менімен бірге барып, егер жаңағы кісінің істеген қылмысы болса, оған сол жерде айып тағуларыңызға болады», — деп шешті.
6
Фест солармен бірге шамамен сегіз-он күн Иерусалимде болған соң, Кесарияға қайтып келді де, бір күннен кейін соттың орындығына отырып, Пауылды алдыртты.
7
Пауыл кірген соң, Иерусалимнен келген яһудилер оны қоршап алып, көптеген ауыр-ауыр айып тақты, бірақ оларын дәлелдей алмады.
8
Ал Пауыл өзін ақтап сөйлеп былай деді:
— Мен не яһуди халқының заңына, не ғибадатханаға, не римдік патшаға қарсы ешқандай қылмыс жасаған жоқпын!
9
Яһудилерге жағынғысы келген Фест Пауылға жауап ретінде:
— Сен Иерусалимге барып, тағылған айып бойынша сол жерде менің көз алдымда сотталуға келісесің бе? — деген сұрақ қойды.
10
Ал Пауыл:
— Мен мұнда Рим патшасы сотының алдында тұрмын, сондықтан осы жерде сотталуым керек. Яһудилерге ешқандай әділетсіздік істеген жоқпын, оны өзіңіз жақсы білесіз.
11
Мен кінәлі болып, өлімге қиятындай қылмыс жасаған болсам, онда өлімнен бас тартпас едім. Ал егер мыналардың таққан кінәлары жазықсыз болса, онда ешкім мені бұлардың қолына ұстап бере алмайды. Римдік патша алдында сотталуымды талап етемін, — деп жауап қатты.
12
Сонда Фест ақылшыларымен кеңесіп:
— Римдік патша алдында сотталуды талап еттің бе, ендеше патша алдына барасың! — деп шешті.
Әміршінің яһуди патшасымен Пауыл жайлы ақылдасуы
13
Бірнеше күннен кейін әмірші Фестке сәлем беріп құттықтау үшін Агриппа патша қарындасы Берникемен Кесарияға келді.
14
Олар сонда бірнеше күн болған кезде, Фест Агриппа патшаға Пауылдың ісі туралы былай деп мәлімет берді:
— Осында Феликс түрмеде қалдырып кеткен бір кісі бар.
15
Мен Иерусалимде болған кезімде яһудилердің басты діни қызметкерлері мен рубасылары оған айып тағып, үкім шығаруымды сұрады.
16
Мен оларға: «Айыпталушы айыптаушылармен кездеспей және өзін қорғауға мүмкіндігі болмай тұрып, адамды жазаға бұйыру римдіктердің салтына қайшы келеді», — деп жауап қаттым.
17
Содан олар осы жерге келген соң, мен еш кешіктірмей келесі күні соттың орындығына отырып, әлгі кісіні алдырттым.
18
Айыптаушылар шығып сөйлеп, оған қарсы мен күткендей ешқандай айып тақпай,
19
олардың өз тәңіріне табынуларына қатысты мәселе бойынша, сондай-ақ өліп қалған, бірақ Пауыл «Ол тірі» деп нығарлап айтқан Иса есімді Біреу туралы айтысып қалды.
20
Мен бұл мәселе жөнінде не істерімді білмей, Пауылдан: «Иерусалимге барып, сонда сотталуға келісесің бе?» — деп сұрадым.
21
Бірақ ол өзінің ісін патша иеміз шешсін деп талап еткен соң, мен оны патшаға жібергенше түрмеде ұстауға бұйырдым.
22
Сонда Агриппа:
— Ол кісіні тыңдағым келеді, — деді. Фест:
— Оны ертең-ақ тыңдайсыз, — деп жауап берді.
23
Келесі күні Агриппа мен Бернике сән-салтанатпен сарайдағы қабылдау залына келді. Олармен бірге мыңбасылар және қаланың атақтылары болды. Әміршінің бұйрығымен Пауыл сол жерге әкелінді.
24
Содан Фест сөз алып, былай деді:
— Агриппа патша және бізбен бірге отырған мырзалар!
Алдарыңызда Иерусалимдегі және осы жердегі бүкіл яһуди халқы тірі қалдырмау керек деп маған қатты дауыстап өтініш жасаған адам тұр.
25
Ал мен оның өлім жазасына кесер қылмысы жоқ деп таптым. Бірақ өзі римдік патшаның сотын талап еткендіктен, оны соған жөнелтпек болып шештім.
26
Ал енді, тақсыр иеге ол туралы жазатын нақты мәліметім жоқ. Сондықтан оны сіздердің алдарыңызға, әсіресе, өзіңізге, Агриппа патша, алдырып отырмын. Тергеу соңында мен қандай мәлімет жазып беретінімді білсем деймін.
27
Тұтқынды айыбын көрсетпей Римге жіберу, менің ойымша, ақылға сыймайтын іс.