Елшіл. істері 20
Македония мен оңтүстік Грекияны аралау
1
Бүлік басылғаннан кейін Пауыл Иеміздің шәкірттерін шақырып алды. Оларды жігерлендіре сөйлеп, қоштасып, Македонияға бет алды.
2
Пауыл өзінің жүрген жолындағы аймақтардан өтіп шығып, сонда тұратын сенушілерге зор жігер берген уағыздар айтып берді. Содан ол оңтүстік Грекияға барып,
3
сонда үш ай болды. Пауыл кемемен Сирияға кетер алдында өзіне яһудилер қастандық жасамақ деген хабар алды. Сондықтан ол (құрлықпен) Македония арқылы қайтуға шешім қабылдады.
4
Оған Азия аймағына дейін береялық Пирдің ұлы Сопатер, сондай-ақ салониқалық Арыстарқ пен Секунд, дербелік Гай мен Тімоте және азиялық Түхік пен Трофим еріп жүрді.
5
Бұлар алға озып кетіп, бізді Троададан тосып алды.
6
Ашымаған нан мейрамынан кейін Філіпіден кемемен шығып, бес күнде Троададағы соларға жеттік. Осы қалада жеті күн аялдадық.
Троададағы қауыммен кездесу, бір жігіттің өліп, тірілуі
7
Жексенбі күні біз жергілікті сенушілермен бірге нан үзу рәсімін орындауға жиналдық. Пауыл олармен сөйлесіп, уағыз айта бастады. Келесі күні жол жүретіндіктен, оның уағызы түн жарымына дейін созылды.
8
Біз отырған жоғарғы бөлмеде көп шам жанып тұрды.
9
Ашық терезенің алдында Еутіх есімді жас жігіт отырған еді. Пауылдың сөзі ұзаққа созылып кеткен соң, Еутіх қатты ұйықтап кетіп, үшінші қабаттан құлап түсті. Оны жерден көтеріп алғанда, денесінде жан жоқ екен.
10
Пауыл төмен түсіп, жігіттің үстіне жата қалып, құшақтап: «Уайымдамаңдар, ол тірі!» — деді.
11
Бұдан кейін Пауыл қайта көтеріліп, қауыммен бірге нан үзу рәсімін орындап, тамақ ішті. Таң атқанша солармен әңгімелесіп отырды да, қоштасып, сапарға шығып кетті.
12
Ал жас жігітті бұған дейін үйіне аман-есен алып кеткен еді. Бұл сенушілерге үлкен дем берді.
Ефестегі қауым жетекшілеріне арналған қоштасу сөзі
13
Ал біз болсақ, алға кетіп, кемемен Асқа жеттік. Осы қаладан Пауылды мінгізіп алуымыз керек еді. Өзі Асқа дейін жаяу жүргісі келгендіктен, осылай болсын деген болатын.
14
Аста оны кездестіріп, кемеге мінгізіп, Мітілин қаласына аттандық.
15
Келесі күні одан шығып, Хиос аралының маңына бардық. Бір күн өткен соң Самос аралына, тағы бір күннен кейін Мілит қаласына жеттік.
16
Азия аймағына барып келуге уақытты өткізіп алмау үшін, Пауыл Ефес қаласына соқпайын деп шешкен еді. Себебі ол мүмкіндігінше Алғашқы өнім мейрамын Иерусалимде қарсы алуға асықты.
17
Сондықтан ол Мілиттен Ефеске кісі жіберіп, сол қаладағы қауымның жетекшілерін Мілитке шақыртты.
18
Бұлар қасына келген соң, Пауыл оларға былай деп сөз сөйледі:
— Мен Азияға алғаш келген күннен бастап, араларыңда қалай тұрғанымды өздерің білесіңдер.
19
Еш мансап қумай, кішіпейілдікпен, көз жасымды төгіп, яһудилердің қастандықтарының кесірінен болған ауыр азапқа қарамастан, Иемізге қызмет етіп келдім.
20
Ел алдында және жеке үйлерде уағыз айтып, тәлім беріп жүргенде сендерге пайда болатын еш нәрсені қалдырмай, бәрін түгел айттым.
21
Яһудилер мен гректерге: «Күнәларыңа өкініп, Құдайға бет бұрып, Иеміз Иса Мәсіхке сеніңдер!» деп ескерттім.
22
Қазір Киелі Рухтың жетелеуімен Иерусалимге бара жатырмын, онда неге душар болатынымды білмеймін.
23
Тек әрбір қалада Киелі Рух мені түрме мен азаптардың күтіп тұрғанын білдіреді.
24
Бірақ мен өз жанымды ойламай, тиісті өмір жолыммен жүре отырып, Иеміз Исаның маған тапсырған ісін аяқтасам, Құдайдың рақымы туралы Ізгі хабарды уағыздап жеткізсем болғаны.
25
Менің білетінім мынау: өзім араласып жүріп, Құдайдың Патшалығы туралы уағыз айтқан сендердің бәрің мені енді көрмейсіңдер.
26
Сондықтан бүгін сендерге салтанатты түрде ешкімнің қанын мойныма жүктемеймін деп мәлімдеймін.
27
Себебі мен уағыз айтқанда ештеңені жасырмай, Құдайдың еркін түгел жарияладым.
28
Енді өздеріңе де, Киелі Рух басқарушы етіп қойған барлық қауымға да қараңдар! Шопан қойын қалай бақса, сендер де Құдай Иеміздің өз қанын төгіп, иемденген қауымына солай қамқор болыңдар!
29
Мен кеткен соң, жауыз қасқырлар келіп, қойларды аямайтынын білемін.
30
Тіпті өз араларыңнан да жалған ілімдерді уағыздап, Иеміздің шәкірттерін теріс жолға азғырушылар шықпақ.
31
Сондықтан сақ болыңдар! Күн-түн демей, үш жыл бойы үзбестен әрқайсыңа нұсқау беріп, көз жасымды төккенім естеріңде болсын.
32
Ал енді сендерді Құдайға және Оның рақымын білдіретін сөзіне аманаттаймын. Өздеріңді нығайтып, Өзіне бағышталған барлық адамдарымен бірге сендерге де уәде еткен жарылқауларын қиямет күні беруге Оның құдіреті жетеді.
33
Мен ешкімнен алтын-күміс, киім-кешек дәметкен емеспін.
34
Өзімді және көмекшілерімді осы екі қолыммен жұмыс істеп, асырағанымды білесіңдер.
35
Сендерге ауыр еңбек ете жүріп, «Алғаннан гөрі берген бақытты» деген Иеміз Исаның сөзін есте ұстап, мүсәпірлерге жәрдемдесу керек екенін ұдайы үлгі етіп көрсеттім.
36
Пауыл осылай дегеннен кейін жиналғандардың бәрімен бірге тізе бүгіп, мінажат етті.
37
Барлығы да қатты жылап, оны құшақтап бетінен сүйді.
38
Оларға айрықша ауыр тигені оның «мені енді көрмейсіңдер» дегені болды. Содан кейін олар Пауылды кемеге шығарып салды.