Елшіл. істері 2
Киелі Рухтың сенушілерге қонуы
1
Алғашқы өнім мейрамы келгенде, сенушілердің бәрі бірге болды.
2
Сонда кенеттен көктен бір қатты жел соққандай шу естіліп, олар отырған бүкіл үйді алып кетті.
3
Сенушілерге жалындай жалаңдаған тілдер көрінді де, бөлініп-бөлініп әрқайсысының үстіне бір-бірден қонды.
4
Бәрі Киелі Рухқа кенеліп, Оның өздеріне берген дарынына қарай бөтен тілдерде сөйлей бастады.
5
Сол кезде Иерусалимде дүниенің төрт бұрышындағы әр елден келген, Құдайды қастерлейтін яһудилер тұратын.
6
Осы шу естілгенде көптеген халық сол жерге жиналып, аңтарылып тұрып қалды. Себебі олардың әрбіреуі тыңдағанда сенушілердің мұның өз тілінде сөйлеп тұрғанын естіді.
7
Халық қатты таңғалып: «Мына сөйлеп жатқандардың бәрі ғалилеялықтар емес пе? — десті. —
8
Бұл қалайша болып тұр: біз әрқайсымыз бұлардың өз тілдерімізде сөйлегенін естіп тұрмыз?!
9
Арамызда парттар, мидиялықтар және еламдықтар бар, Месопотамия, Яһудея және Қападоқияда, Понтус пен Азия,
10
Фрүгия мен Памфүлия аймақтарында, Мысырда және Либияның Күренеге жақын өлкелерінде тұратындар бар; арамызда Римнен келген қонақтар — яһудилер және яһуди дініне кіргендер, сондай-ақ,
11
криттіктер мен арабтар да бар. Бірақ әрқайсымыз мына кісілердің Құдайдың ұлы істерін өз тілдерімізде жариялап жатқанын естіп тұрмыз!»
12
Бәрі аң-таң болып не істерін білмей, бір-бірінен: «Бұл нені білдіреді екен?» — деп сұрасты.
13
Ал кейбіреулері мысқылдап: «Сірә, олар тәтті шарапқа тойып алған шығар», — деді.
Елші Петірдің жиналған көпшілікке Ізгі хабарды жеткізуі
14
Сонда Петір өзге он бір елшімен бірге орнынан тұрып, қатты дауыспен халыққа былай деп сөйлеп кетті:
— Уа, халайық, яһудилер және Иерусалимде тұрып жатқан сендердің барлығың! Сендерге мұның мәнісін түсіндірейін, сөзіме құлақ түріңдер!
15
Бұлар сендер ойлағандай ішіп алған емес, қазір уақыт таңертеңгі тоғыз ғой.
16
Қайта, ежелде Жоел пайғамбар айтқан мына тәрізді сөздер енді орындалып жатыр:
17
Осы заманның аяғында Мен өз Рухымды бүкіл адамзаттың үстіне құямын, — дейді Құдай. — Ұл-қыздарың пайғамбарлық сөз айтады, жас жігіттерің аян, қарттарың түс көреді.
18
Сол күндері Мен тіпті құл-күңдерімнің үстіне Киелі Рухымды төгемін. Сонда олар да пайғамбарлық сөз айтады.
19
Мен аспанның биігінде кереметтер жасаймын әрі төменде, жер бетінде, ғажап істер істеймін: қан, от және бұрқыраған түтін пайда болады.
20
Жаратқан Иенің ұлы да салтанатты (соты) күні келердің алдында күн — қара түнек, ай — қан қызыл болады.
21
Ал Иеміздің атын атап Оған сиынған әркім құтқарылады.
22
Уа, исраилдіктер, мына сөзді тыңдаңдар: Құдай сендердің көз алдарыңда назареттік Исаға зор құдіретпен кереметтер жасатқан еді. Ол солар арқылы Өзінің Исаны жібергендігіне куәлік берді. Құдай бұларды Иса арқылы араларыңда істеді, соны өздерің білесіңдер.
23
Ал Иса Құдайдың еркімен және алдын ала білуімен құрбан етілді: сендер Оны Құдайға мойынсұнбаған шетелдіктердің қолымен айқышқа шегелетіп өлтірттіңдер!
24
Бірақ Құдай Исаны өлім тұзағынан босатып, тірілтіп алды. Өйткені Оның өлім құрсауында қалуы мүмкін емес болатын.
25
Дәуіт пайғамбар Ол туралы былай деген:
«Ықылас-ниетім әрдайым Иемде,
Оң жағымда Ол Маған жар боп келеді:
Жағдайым шайқалмайды ешбір кезде.
26
Содан жүрегім шаттыққа толады,
Мәз-мейрам боп тілімнен бал тамады,
Саған сенгенімнен тәнім тыншиды.
27
Сен жанымды о дүниеге қимайсың,
Қасиетті Адамыңның тәнін шірітпейсің.
28
Шын өмір жолын Маған көрсетесің,
Көз алдыңда қуанышқа бөлейсің».
29
Ағайындар, мен сендерге бабамыз Дәуіт туралы еш қаймықпай ашық айта аламын: ол дүние салып, мәйіті қабірге қойылды. Оның қабірі біздің елімізде күні бүгінге дейін сақталып келеді.
30
Ал Дәуіт пайғамбар болды және оның тағына бір Ұрпағын отырғызуға Құдайдың өзіне ант еткенін білді.
31
Сондықтан Дәуіт келешекке көз жіберіп, (өз Ұрпағы) Мәсіхтің қайта тірілуі туралы алдын ала айтқан болатын: Мәсіхтің жаны о дүниеге қиылмады, әрі Оның тәні шіріп кетпеді!
32
Осы Исаны Құдай қайта тірілтіп алды, біз бәріміз соған куәміз!
33
Иса Құдайдың құдіретімен көкке көтеріліп, Әкеден уәделі Киелі Рухты алған соң, Оны біздің үстімізге құйып сыйлады. Мұны өздерің естіп және көріп тұрсыңдар.
34
Себебі Дәуіттің өзі көкке көтеріліп кеткен жоқ. Алайда ол (Забурда) былай деген ғой:
35
«Жаратқан Ие менің Иеме былай деп айтқан: Мен жауларыңды табаныңның астына салып бергенімше отыр оң жағымда».
36
Сондықтан бүкіл Исраил халқы мынаны анық білсін: Құдай сендер айқышқа шегелеткен осы Исаны «Иеміз» және «Мәсіх» етіп тағайындады!
37
Халық мұны естігенде жүректері қарс айырылып, опық жеді. Олар Петір мен басқа елшілерден:
— Ағайындар-ау, біз енді не істеуіміз керек? — деп сұрады.
38
Петір оларға былай деп жауап берді:
— Әрқайсың күнәларыңның кешірілуі үшін теріс жолдан қайтып, Иса Мәсіхтің атымен шомылдыру рәсімінен өтіңдер! Сонда сендер Құдайдың сыйын — Оның Киелі Рухын қабылдайсыңдар.
39
Себебі бұл уәде сендерге, балаларыңа және алыстағылардың бәріне: Құдайымыз — Жаратқан Ие шақыратын барлығына да арналған. —
40
Петір тағы көптеген сөздермен оларға: — Мына азғын ұрпақтың арасынан шығып, (Құдайдың қаһарынан) құтқарылыңдар! — деп жалына ескертті.
41
Петірдің сөзін қабылдағандар шомылдыру рәсімінен өтті. Осылайша бұл күні қауымға үш мыңдай адам қосылды.
Мәсіхке сенушілердің қауымдық өмірі
42
Сенушілер елшілердің беріп жүрген тәлімін, өзара қарым-қатынастарын, нан үзу рәсімін және Құдайға сиынуды берік ұстанып, жалғастыра берді.
43
Елдің бәрін үрей биледі, себебі елшілер арқылы Құдайдың құдіретін көрсеткен көптеген керемет істер болып жатты.
44
Мәсіхке сенушілердің барлығы біртұтас қауым болып, заттарын ортақ ұстады;
45
иеліктеріндегі жер танаптары мен дүние-мүліктерін сатып, содан түскен қаржыдан әркімге керегінше беріп отырды.
46
Олар күн сайын ғибадатханада ниеттес көңілмен бірге болды; сонымен қатар өз үйлерінде де бас қосып, нан үзу рәсімін орындап, ақпейілмен қуана бірге тамақ ішіп отырды,
47
әрі Құдайды мадақтап дәріптеді. Бүкіл халық оларды ұнатты, ал Иеміз күн сайын тағы басқа адамдарды құтқарып, қауымына қосып отырды.