Елшіл. істері 19
Жақия жолындағы шәкірттердің Мәсіхке мойынсұнып, Киелі Рухты қабылдауы
1
Аполлос Қорынтта болған кезде, Пауыл Кіші Азияның таулы өңірлерін аралап жүріп, соңында Ефеске жетті. Сол жерде ол Иеміздің бірнеше шәкірттеріне кездесті.
2
Пауыл олардан:
— Сендер сенген кезде Киелі Рухты қабылдадыңдар ма? — деп сұрады. Шәкірттер:
— Киелі Рухтың бар екендігі туралы естіген де емеспіз, — деп жауап берді.
3
Ал Пауыл:
— Кімнің суға шомылдыру рәсімінен өттіңдер? — деп сұрады. Олар:
— Жақияның рәсімінен, — деп жауап қайтарды.
4
Сонда Пауыл былай деп түсіндірме берді:
— Жақия адамдарды теріс жолдан қайтарып шомылдыру рәсімінен өткізгенде оларға: «Менен кейін келетін Кісіге сеніңдер!» деп айтты. Сол Кісі Иса болатын.
5
Шәкірттер осыны естігенде Иеміз Исаның атымен шомылдыру рәсімінен өтті.
6
Пауыл үстеріне қолын қойғанда, оларға Киелі Рух қонды; содан бұлар бөтен тілдерде сөйлеп, Құдайдың хабарларын жеткізе бастады.
7
Олардың барлығы шамамен он екі ер адам еді.
Құдайдың құдіретінің Ефестегі сиқырлықтан үстем болуы
8
Пауыл үш ай бойы мәжілісханаға барып, именбей, емін-еркін уағыз айтып, адамдармен сөйлесіп, Құдай Патшалығы туралы шындыққа сенерліктей дәлел келтіріп берді.
9
Алайда кейбіреулері қасарысып, Иемізге сенгісі келмей, Оның ізгі жолына ел алдында тіл тигізе бастады. Сонда Пауыл бұлардан бөлініп кетті де, Иеміздің шәкірттерін олардан айырып алды. Бұдан былай ол Тиран есімді кісінің дәрісханасында күн сайын тәлім беріп жүрді.
10
Бұл екі жылға созылып, яһудилер болсын, гректер болсын Азия аймағының барлық тұрғындары Иеміз туралы Ізгі хабарды естіді.
11
Құдай Пауыл арқылы айрықша құдіретті кереметтер де жасады:
12
адамдар тіпті Пауылдың жұмысқа киген алжапқышын немесе беторамалын алып, науқастардың үстіне жапқанда, олар ауруларынан айығып, бойларын буған жындарынан құтылды.
13
Ал ел аралап, адамдардан жындарын қуып шығарушы кейбір яһудилер жын буғандар үшін дұға оқып, Иеміз Исаның атын қолдана бастады:
— Саған Пауыл уағыздап жүрген Иса арқылы бұйырамын, — деді.
14
Яһуди бас діни қызметкер әулетінен шыққан Скеуаның жеті ұлы осылай істеп жүрді.
15
Алайда бірде жын бұларға жауап беріп:
— Исаны білемін, Пауыл да маған таныс, ал сендер кімсіңдер? — деді.
16
Содан жыны бар кісі оларға бас салып, жерге жығып, бәрін де жеңіп шықты. Ағайындылар сол үйден жалаңаш, ұрылған-соғылған күйі қашып шықты.
17
Бұл оқиға Ефесте тұратын барлық яһудилер мен гректерге мәлім болып, бәрін үрей биледі. Ал Иеміз Исаның даңқы арта түсті.
18
Сенушілердің көбі келіп, күнәлі іс-әрекеттерін ашық мойындады.
19
Бақсы-балгерлікпен айналысып келгендердің бірсыпырасы сиқырлық кітаптарын әкеліп, барлығының көз алдында өртеп жіберді. Кітаптардың құнын есептегенде, елу мың күміс теңге болды.
20
Иеміздің Ізгі хабары осылай кең тарап, құдіретін көрсетті.
Ефестегі жалған тәңірге табынатын зергерлер тобы бастаған бүлік
21
Осы оқиғалардан кейін Пауыл Киелі Рухтың жетелеуімен (грек елінің) Македония мен Ахая өлкелері арқылы Иерусалимге баратын шешімге келді. «Сонда болғаннан кейін Римге де соғуға тиістімін», — деді.
22
Көмекшілерінің арасынан Тімоте мен Ераст екеуін Македонияға жіберіп, өзі тағы біраз уақыт Азия аймағында қала тұрды.
23
Сол кезде (аймақ орталығы) Ефесте Иеміздің жолына қарсы үлкен толқу болып жатты.
24
Деметір есімді күміс зергері жергілікті шеберлерге әйел тәңір Артемидаға арналған киелі үйдің күміс кейіптерін жасатып, олардың көп кіріс келтірулеріне жағдай туғызған еді.
25
Деметір шеберлерді және олардың көмекшілерін жинап алып, оларға былай деді:
— Уа, ер азаматтар, біздің жақсы тұрмысымыздың осы кәсібімізге байланысты екенін білесіңдер.
26
Сендер мына Пауыл дегеннің Ефесте ғана емес, тіпті бүкіл Азиядағы көптеген кісілерді өз дегеніне көндіріп, адастырып жүргенін естіп-көріп жүрсіңдер. Ол адамдарға: «Қолдан жасалған тәңірлер шынайы құдай емес» дегенді айтып жүр.
27
Бұл біздің кәсібіміздің жақсы атына ғана қауіп туғызбай, ұлы әйел тәңір Артемидаға арналған ғибадатхана да өз беделінен ада болып, тіпті Азия мен бүкіл дүние жүзі табынатын әйел тәңірдің өзі де ұлы даңқынан айырылып қалады! —
28
Осыны естігенде зергерлерді ашу кернеп, олар:
— Ефестің Артемидасы даңқталсын! — деп айқайлай бастады.
29
Бүкіл қала қозғалысқа түсті. Адамдар Пауылдың Гай мен Арыстарқ есімді македониялық серіктерін ұстап алып, сүйрелеп, бәрі бір адамдай ойын-сауық алаңына қарай лап қойды.
30
Пауыл халық алдына шыққысы келіп еді, бірақ сенушілер оны жіберген жоқ.
31
Пауылмен достасқан Азия аймағы әкімшілігінің кейбір уәкілдері де оған алаңға жоламасын деген ескерту жіберді.
32
Алаңда жиналғандардың біреулері анау деп, біреулері мынау деп айқайлап, шым-шытырық болды. Көпшілігі тіпті бұл жерге не үшін жиналғандарын білген де жоқ.
33
Яһудилердің ұсынысымен Ескендір тобырдың ішінен алға шығарылды. Ескендір қолымен тыныштыққа шақырып, халыққа арнап сөз сөйлемек болды.
34
Ал жиналғандар оның яһуди екенін білгенде, бәрі бірауыздан екі сағат бойы:
— Ефестің Артемидасы даңқталсын! — деп айқайлап тұрып алды.
35
Ақыр соңында қаланың хатшысы халықты тыныштандырып, былай деді:
— Уа, ефестік ер азаматтар! Ұлы Артемиданың «аспаннан түскен бейнесінің» және оған арналған ғибадатхананың сақтаушысы — Ефес қаласы! Соны әлемдегі кім білмейді?!
36
Бұл — даусыз нәрсе ғой! Сондықтан тыныштық сақтап, еш ағаттық істемегендерің дұрыс!
37
Мына кісілерді осында алып келдіңдер. Олар ғибадатхананы тонаған да емес, әйел тәңірімізге тіл тигізген де емес.
38
Егер де Деметір мен оған еріп келген шеберлердің біреудің үстінен шағымдары болса, сол үшін сот мәжілістері және аймақ әміршілері бар. Олар өзара арыз-шағымдарын сонда апарсын!
39
Ал тағы басқа мәселені көтергілерің келсе, ол заңды мәжілісте шешіледі.
40
Бүгінгі оқиғаға байланысты «көтеріліске шықтыңдар» деген айып басымызға төніп тұр. Себебі осы толқу жөнінде бізді ақтап алар еш сылтау жоқ.
Хатшы осылай деп, жиналысты таратып жіберді.