Елшіл. істері 17
Салониқа мен Береяда қауымдардың пайда болуы
1
Амфипол мен Аполлонияны аралап өткеннен кейін, елшілер Салониқаға жетті. Бұл қалада яһудилердің мәжілісханасы бар еді.
2
Пауыл әдетінше мәжілісханаға барып, үш демалыс күні жамағатпен Киелі жазбаларға сүйеніп сөйлесті.
3
Пауыл соларды түсіндіріп, Құтқарушы Мәсіхтің азап шегіп өліп, содан қайта тірілуге тиісті екенін дәлелдеді. Ол: «Мен сендерге уағыздап жүрген Иса — Мәсіхтің Өзі!» — деді.
4
Яһудилердің бірнешеуі Исаға сеніп, Пауыл мен Сыйласқа қосылды. Сондай-ақ, Құдайды қастерлейтін гректердің үлкен бір тобы және көптеген беделді әйелдер де осылай істеді.
5
Ал сенбейтін яһудилер қызғаныштан ызаланып, базарда жүрген бірнеше бұзықтарды жалдап, бір тобырды жинап, қаланы дүрліктірді. Олар Ясонның үйіне шабуыл жасап, Пауыл мен Сыйласты жиналған халықтың алдына шығару үшін іздеді.
6
Екеуін таппаған соң, Ясонды және басқа бірнеше бауырластарды қаланың әкімшілеріне сүйрелеп апарып, былай деп айқай салды: «Бүкіл әлемде төңкеріс жасаушылар мұнда да келіпті!
7
Ясон оларды үйіне қондырды. Бұлар римдік патшамыздың әмірлеріне қарсы шығып, Иса деген басқа Патшаны құрметтейді!» —
8
Мұны естіген халық және қаланың әкімшілері қатты абыржыды.
9
Олар Ясонды және басқа сенушілерді кепілдік беруге мәжбүрлеп, содан кейін ғана босатып жіберді.
10
Бауырластары Пауыл мен Сыйласты дереу сол түні-ақ Береяға жөнелтіп жіберді. Олар бұл қалаға жетісімен яһудилердің мәжілісханасына барды.
11
Салониқалықтарға қарағанда мұндағылардың пейілдері кеңірек екен. Олар елшілердің хабарын бар ынталарымен қабылдап, шындығына көз жеткізу үшін күн сайын Киелі жазбаларды зерттеді.
12
Осылай олардың көбі Мәсіх Исаға сенді, араларында халыққа қадірлі грек әйелдері мен ер азаматтары да аз болған жоқ.
13
Ал салониқалық яһудилер Пауылдың Береяда Құдайдың Ізгі хабарын уағыздап жүргенін біліп алған соң, сол жерге де барып, халықты дүрліктіріп, әлек салды.
14
Бауырластары Пауылды дереу теңіз жағасына жөнелтіп жіберді, ал Сыйлас пен Тімоте Береяда қалып қойды.
15
Пауылды шығарып салушылар онымен бірге Афиныға дейін барды. Содан олар оның Сыйлас пен Тімотеге арналған: «Тезірек қасыма келіңдер!» — деген тапсырмасын алып, кері қайтып кетті.
Пауылдың Афиныдағы философтарға сөйлеген сөзі
16
Пауыл Афиныда жолдастарын күтіп жүргенде, қаладағы қаптаған тәңір бейнелерін көріп, іштей қапаланып ашуланды.
17
Ол мәжілісханада яһудилермен және Құдайды қастерлейтін гректермен сөйлесіп, күн сайын базарда кездейсоқ жолыққандарымен де пікірлесіп жүрді.
18
Бір жолы эпикурей және стоик философияларын жақтайтындар да онымен айтыса бастады. Кейбіреулері: «Мына білгішсінген мылжың не дегісі келеді?» — десе, басқалары: «Ол бөтен тәңірлерді уағыздап жүрген сияқты», — деді. Өйткені Пауыл Иса және қайта тірілу туралы Ізгі хабарды жариялауда еді.
19
Олар Пауылды Ареопаг төбесіне алып барып, одан:
— Сіз уағыздап жүрген жаңа ілім қандай, білуге бола ма?
20
Айтып жүргеніңіз құлағымызға оғаш естіледі, сондықтан оның не екенін білгіміз келеді, — деп сұрады.
21
Себебі барлық афинылықтар мен сол жерде тұратын шетелдіктер бір жаңалық естуге немесе айтып беруге құштар болатын.
22
Сонда Пауыл Ареопагтың ортасында тұрып, жиналғандарға былай деді:
— Уа, афинылық адамдар! Сіздердің барлық жағынан да айрықша діншіл екендеріңізді байқадым.
23
Қасиетті орындарыңызды аралап, қарап жүргенде «Бейтаныс құдайға» деген жазуы бар құрбандық үстелін де көрдім. Өздеріңіз танымасаңыздар да, құрметтеп жүрген сол Құдай туралы сіздерге хабарлап жүрмін.
24
Ол — әлемді және ондағының бәрін жаратқан Құдай, көк пен жердің Иесі! Сондықтан Ол адамның қолынан шыққан киелі үйлерде тұрмайды.
25
Құдай пенделердің Өзіне қызмет етуіне де зәру емес. Қайта, Оның Өзі барлығына өмір, дем және қажеттінің бәрін сыйлайды.
26
Ол бір адамнан адамзаттың бар ұлттарын таратып, оларды бүкіл жер жүзіне мекендеткен және олардың мерзімдері мен тұратын жерлерінің шектерін белгілеп қойған.
27
Құдай бұны адамдар Өзін іздесін, мүмкін, қарманып жүргендей іздестіріп, тауып алсын деп істеді. Ол әрқайсымыздан алыс емес,
28
себебі «Оның арқасында біз өмір сүріп, әрекет жасап, тіршілік етіп жүрміз». Сол сияқты кейбір ақындарыңыз да: «Біз Оның ұрпағымыз» деген.
29
Ал енді біз Құдайдың рухани ұрпағы болсақ, Оның болмысы алтын, күміс не тас мүсінге ұқсайды деп ойламайық! Бұлар — адамның өнері мен тапқырлығынан туындаған бейнелер ғана.
30
Өткен дәуірлерде Құдай мұндай ұғымсыздыққа сабырлылық көрсетті, алайда қазір Ол барлық жердегі адамдардың бәріне де теріс жолдан қайтуды бұйырады.
31
Себебі Ол осы дүниені әділдікпен соттайтын күнін белгілеп, сотты жүргізетін Кісіні тағайындап қойды. Барлық адамзатқа мұның дәлелі болсын деп, Құдай сол Кісіні өлімнен қайта тірілтіп алды!
32
Өлімнен қайта тірілу туралы естігенде кейбіреулері оларды мазақтаса, өзгелері:
— Бұл туралы сізді тағы да тыңдаймыз, — деді.
33
Сонымен Пауыл орталарынан кетіп қалды.
34
Ал кейбір адамдар оған қосылып, сенімді қабылдады. Бұлардың арасында Ареопаг қоғамының мүшесі Дионис, сондай-ақ, Дамар есімді әйел және бірнеше басқалар да болды.