Елшіл. істері 16
Тімотенің елшілерге қосылуы әрі Киелі Рухтың оларға бағыт көрсетуі
1
Осылай Пауыл Дербе мен Лүстраға да барды. Сол жерде Тімоте есімді Мәсіхтің жолын қуушы шәкірті бар еді. Оның шешесі Мәсіхке сенетін яһуди әйел, ал әкесі грек болатын.
2
Лүстра мен Қониядағы бауырластар Тімоте туралы жақсы пікірде болып куәлік берді.
3
Пауыл оны сапарға бірге алып шыққысы келгендіктен, алдымен сүндетке отырғызды. Мұны сол өңірдегі яһудилер үшін жасады, өйткені олар Тімотенің әкесінің грек екенін білетін.
4
Мұнан кейін Пауыл мен оның серіктері басқа қалаларды аралап, Иерусалимдегі елшілер мен қауым жетекшілері қабылдаған шешімді сенушілерге таныстырып, сақтап жүрулерін тапсырды.
5
Содан қауымдардың сенімі күшейіп, сенушілердің саны күн сайын арта берді.
6
Киелі Рух Пауылға және оның жолдастарына Азия аймағында уағыздауға тыйым салғандықтан, олар Фрүгия және Ғалатия аймақтарын аралай жүрді.
7
Олар Мүзияға жеткеннен кейін, Бітүнияға кіруге ұмтылды, бірақ Иса жіберген Киелі Рух оларға рұқсат бермеді.
8
Сондықтан елшілер Мүзиядан өтіп, Троада қаласына барды.
9
Сол түнде Пауылға бір македониялық кісі аян берді. Ол мұның алдында тұрып: «Македонияға келіп, бізге көмектесе гөр», — деп өтінді.
10
Осы аяннан кейін, Құдай бізді соларға Ізгі хабарды уағыздауға шақырып жатыр деген қорытындыға келіп, Македонияға барудың жолын іздестірдік.
Еуропадағы алғашқы мәсіхшілер: Філіпідегі саудагер әйел мен оның отбасы
11
Троададан кемемен шығып, тура Самотрак аралына, келесі күні (Македониядағы) Неаполь қаласына жеттік.
12
Содан Філіпіге тарттық, бұл — Македонияның осы өңіріндегі басты қаласы әрі римдіктердің елді қонысы. Бірнеше күн осында тұрдық.
13
Сенбі күні қала сыртындағы өзенге бардық; бұл жерде адамдар әдетте Құдайға сиынып мінажат ететін. Біз отыра қалып, жиналған әйелдермен сөйлесе бастадық.
14
Солардың арасында Лүдия есімді әйел болды, ол Тиятир қаласынан келген, қызыл мата сатушы еді. Лүдия басқа ұлттық болса да, Құдайды қастерлейтін. Иеміз оның жүрегін жібітіп, Пауылдың айтқан сөзіне құлақ түргізіп, соны қабылдатты.
15
Лүдия үй ішімен бірге Мәсіхтің жолына түсіп, шомылдыру рәсімінен өтті. Мұнан кейін ол бізге: «Егер мені Иемізге сенуші деп мойындасаңыздар, үйіме келіп, қоныңыздар», — деп қоярда-қоймай өтініп, ақыры біз келістік.
Пауыл мен Сыйластың тұтқындалуы, түрме бастығының Иемізге бет бұруы
16
Бір жолы біз мінажат етуге бара жатқанда, сәуегейлік жасайтын жыны бар бір малай қыз бізге кез болды. Сол қыз өзінің арам көріпкелдігімен қожайындарына көп кіріс түсіреді екен.
17
Қыз Пауыл мен бізден қалмай: «Мына кісілер — Құдай Тағаланың құлдары, олар сендерге құтқарылу жолын уағыздайды!» — деп айқайлап жүрді.
18
Ол бірнеше күн осылай етті. Ақырында Пауыл ашуланып, артына бұрылып, жынға: «Иса Мәсіхтің атынан саған бұйырамын: шық оның бойынан!» — деді. Сол сәтте-ақ жын қыздан шығып кетті.
19
Ал қыздың қожайындары өздерінің пайда көзінен айырылғанын көргенде, Пауыл мен Сыйласты ұстап алып, базар алаңындағы қала әкімшілігіне сүйреп апарды.
20
Екеуін римдік басшыларға алып келіп: «Мыналар — яһудилер, қалаға іріткі салып жүр!
21
Олар уағыздап жүрген дәстүрлерді бізге, Рим азаматтарына, қабылдап, орындауға болмайды», — деді.
22
Жиналған топ та екі елшіге қарсы шықты. Римдік басшылар олардың киімдерін үстерінен жұлып алғызып, таяқпен дүре соғуға бұйырды.
23
Оларды қатты сабап болған соң, түрмеге тастап, бастығына: «Бұларды жақсылап күзет!» — деп әмір етті.
24
Осындай бұйрық алған түрме бастығы екеуін ішкі зынданға тастап, аяқтарын ағаш қысқыштармен бұғаулап қойды.
25
Түн ортасында Пауыл мен Сыйлас Құдайға сиынып, Оны ән-жыр айтып дәріптеп мадақтады. Басқа тұтқындар мұны тыңдап жатты.
26
Кенеттен жер қатты сілкініп, түрменің іргесі шайқалып кетті. Сол сәтте барлық есіктер ашылып, бүкіл тұтқындардың аяқтарындағы шынжырлары шешіліп түсіп қалды.
27
Түрме бастығы ұйқысынан оянып, есіктердің ашық екенін көргенде, семсерін суырып алып, өзін өлтірмекші болды. Себебі ол тұтқындардың бәрі қашып кетті деп ойлады.
28
Бірақ Пауыл:
— Өзіңе залал келтірме! Бәріміз осындамыз! — деп айқайлап жіберді.
29
Бастық шам жағуға бұйырып, ішке қарай тұра жүгірді де, қалшылдап-дірілдеп Пауыл мен Сыйластың аяғына жығылды.
30
Екеуін сыртқа шығарып:
— Мырзалар, (Құдайдың қаһарынан) құтқарылуым үшін не істеуім керек? — деп сұрады. Олар:
31
— Иеміз Иса Мәсіхке сен, сонда өзің де, үй ішің де құтқарыласыңдар! — деді де,
32
оған және үйіндегілерге Иеміздің Ізгі хабарын айтып берді.
33
Түрме бастығы оларды түннің сол сағатында-ақ өз үйіне апарып, жараларын жуды. Өзі де, бүкіл отбасы да Иеміздің жолына түсіп, дереу шомылдыру рәсімінен өтті.
34
Екі елшіні қонақ бөлмесіне кіргізіп, дастарқан жасап, барлық үй ішімен бірге Құдайға сенгендеріне қатты қуанды.
35
Таң атқанда қаланың басшылары: «Әлгі адамдар босатылсын!» — деген бұйрықпен сақшыларды түрмеге жіберді.
36
Түрменің бастығы Пауылға мұны білдіріп:
— Қаланың басшылары сендерді босатсын деген хабар жіберді. Сондықтан енді шығып, амандықпен кетіңдер! — деді.
37
Ал Пауыл сақшыларға бұрылып:
— Римдік азаматтар болсақ та, олар бізді бүкіл ел алдында үкімсіз сабап, түрмеге жапты. Енді бізді жасырын қуып жібергілері келе ме? Жоқ, болмайды! Бізді өздері келіп, шығарсын! — деді.
38
Сақшылар бұл туралы қаланың басшыларына айтып берді. Пауыл мен Сыйластың римдік азаматтар екенін естігенде, әкімшілердің зәрелері ұшып,
39
түрмеге өздері келді. Олар екеуінен кешірім сұрап, түрмеден алып шығып, қаладан кетулерін өтінді.
40
Ал Пауыл мен Сыйлас босап шыққан соң алдымен Лүдияның үйіне барды. Сонда сенуші бауырластарымен кездесіп, оларды жігерлендірді. Бұдан кейін екеуі жолға шықты.