Елшіл. істері 15
Басқа ұлттық сенушілер сақтауға тиіс ережелер жайлы Иерусалимдегі мәжіліс
1
Яһудея аймағынан Антақияға бірнеше кісі келіп, бауырластарға: «Егер Мұсаның дәстүрі бойынша сүндетке отырмасаңдар, құтқарыла алмайсыңдар», — деп тәлім бере бастады.
2
Пауыл мен Барнаба олармен келіспей, қызу айтысып қалды. Содан қауым Пауыл мен Барнабаға және өзге де бірнеше мүшелеріне Иерусалимдегі елшілер мен қауым жетекшілеріне барып, осы мәселе жөнінде ақылдассын деген тапсырма берді.
3
Қауым сапарға шығарған өкілдер Финикия мен Самария арқылы жүрді. Олар сол аймақтардағы бауырластарға басқа ұлттық кісілердің Құдай жолына түскендерін айтып беріп, оларды қатты қуантып тастады.
4
Өкілдер Иерусалимге жеткенде, қауым мүшелері, елшілер және қауым жетекшілері оларды жылы қарсы алды. Бұлар өздері арқылы Құдайдың не істегенін түгел айтып берді.
5
Бірақ парызшылдар тобына жатқан кейбір сенушілер орындарынан тұрып: «Басқа ұлттық сенушілерді де сүндетке отырғызып, Мұса арқылы берілген Таурат заңын орындауға мәжбүрлеу қажет!» — деп талап етті.
6
Сонда елшілер мен қауым жетекшілері осы мәселе жөнінде мәжіліске жиналды.
7
Ұзақ талқылаудан кейін Петір елші орнынан тұрып, былай деп сөз сөйледі:
— Бауырластар! Құдайдың мені басқа ұлттарға Ізгі хабарды естіртіп, оған сендіру үшін ертеде орталарыңнан таңдап алғаны сендерге мәлім.
8
Тәңір адамның жүрегіндегісінің бәрін біледі; енді Ол тура бізге дарытқандай, басқа ұлттық сенушілерге де Киелі Рухты сыйға беріп, сол арқылы Өзінің оларды қабылдағанын ашық көрсетті.
9
Құдай олардың жүректерін сенімдері арқылы тазартып олар мен біздің арамызға ешбір айырмашылық қойған жоқ.
10
Олай болса, неліктен сендер Құдай тыйым салған істі еркінсіп істейсіңдер? Неге басқа ұлттық сенушілердің мойындарына ауыр жүк іспетті міндеттерді артасыңдар? Сол жүкті тірі кезінде ата-бабаларымыз да, не біз де көтере алмадық қой.
11
Қайта, басқа ұлттық сенушілер де, біз — яһуди сенушілері де тек Иеміз Исаның рақымы арқылы ғана құтқарылғанымызға сенеміз.
12
Сонда көпшілік үндемей қалды да, Пауыл мен Барнабаның өздері арқылы басқа халықтар арасында Құдайдың кереметтер жасап, құдіретін көрсетуі туралы айтқандарын тыңдады.
13
Екеуі баяндамаларын аяқтағанда, Жақып сөз алып, былай деді:
— Бауырластар, сөзіме құлақ түріңдер!
14
Шимон (Петір) бізге Құдайдың ең алдымен басқа ұлттық адамдарға деген ықыласын көрсетіп, олардың арасынан Өзінің атымен аталған халқын шақырып алғаны туралы түсіндіріп берді.
15
Осы айтқандары пайғамбарлардың жазып қалдырған мына тәрізді сөздерімен үндесіп жатыр:
16
(Жаратқан Ие былай дейді:) Содан кейін Мен қайтып келіп, Дәуіттің құлап қалған үйін қайтадан тұрғызамын; оның қираған қабырғаларын қаластырып, қайта қалпына келтіремін.
17
Осылай қалған адамдар, Өзім меншігім болуға тағайындаған барлық басқа ұлттар да өз Иелері — Маған жақындауға ұмтылсын. — Бұны айтқан Жаратқан Ие оны іске асырады.
18
Бұл баяғы заманнан бері белгілі.
19
Сондықтан мен мынаны жөн деп санаймын: теріс жолдан қайтып, Құдайға бет бұрған басқа ұлттық адамдарға босқа салмақ салмауымыз керек.
20
Қайта, біз оларға хат жазып: «Адам жанын арамдайтын жалған тәңірлерден, неке адалдығын бұзудан, арам өлген малдың етінен және қаннан аулақ жүріңдер!» — деп ескертейік.
21
Себебі атам заманнан бері Мұса (арқылы берілген Таурат заңының осы ережелері) барлық қалаларда уағыздалып, мәжілісханаларда сенбі сайын оқылып келеді.
Мәжілістен басқа ұлттық сенушілерге жолданған хат
22
Сонда елшілер және қауымның жетекшілері бүкіл қауыммен бірге араларынан бірнеше кісіні таңдап алып, Пауыл мен Барнабаға ертіп Антақияға жіберуге шешім қабылдады. Содан олар бауырластардың ішіндегі беделді Барсаба Яһуда мен Сыйласты таңдап алып, соларды өкілдікке тағайындады.
23
Жіберілгендердің қолдарына мына хатты тапсырды:
«Елшілер мен қауым жетекшілері — сендердің бауырластарыңнан басқа ұлттан шыққан Антақияда және Сирия мен Кіликияда тұратын бауырластарға дұғай сәлем!
24
Арамыздан кейбіреулер сендерге барып, іріткі салып, (сүндетке отырып, Таурат заңын орындау керек деп) көңілдеріңді абыржытты дегенді естідік. Ал біз оларға сондай тапсырма берген жоқпыз.
25
Сондықтан біз келісіп, адамдарды таңдап алып, сүйікті бауырластарымыз Барнаба мен Пауылға ертіп сендерге жіберуге ұйғардық;
26
бұл екеуі — өмірлерін Иеміз Иса Мәсіхке бағыштап тәуекел еткендер.
27
Қабылдаған шешімімізді сендерге ауызша түсіндіріп беру үшін Яһуда мен Сыйласты да жіберіп отырмыз.
28
Киелі Рухтың білдіруімен біз сендерге төмендегі қажетті ережелерден басқа ешқандай салмақ салмауымыз керек деп шештік:
29
жалған тәңірлерге арналған құрбандықтардан, қаннан, арам өлген малдың етінен және неке адалдығын бұзудан аулақ жүріңдер! Осы нұсқауларды ұстансаңдар, игі болмақ. Қош-сау болыңдар!»
30
Жіберілгендер жолға шығып, Антақияға жетті; бүкіл қауымды шақыртып алған соң, хатты табыстады.
31
Қауым соны оқып біткенде, ондағы жігерлендіретін тәлімге қуанып қалды.
32
Пайғамбарлық дарыны да бар Яһуда мен Сыйлас жиналған бауырластарға ұзақ сөз сөйлеп, жігерлендіріп, сенімдерін бекітті.
33
Екеуі сол жерде біраз уақыт болған соң, бауырластар оларға амандық пен тыныштық тілеп, оларды жібергендерге кері қайтаруға баталарын берді.
34
Бірақ Сыйлас сол жерде қалуға ұйғарды (ал Яһуда Иерусалимге қайта оралды).
35
Пауыл мен Барнаба да Антақияда тұрып, көптеген басқа сенушілермен бірге адамдарға тәлім беріп, Иеміздің Ізгі хабарын жеткізіп жүрді.
Пауылдың Барнабадан бөлініп, Сыйласпен бірге Кіші Азияға жөнелуі
36
Едәуір уақыт өткеннен кейін Пауыл Барнабаға: «Біз Иеміздің хабарын уағыздаған барлық қалалардағы бауырластарға барып, олардың жағдайларын көрейік!» — деді.
37
Сонда Барнаба Жохан Марқаны да алып кеткісі келді.
38
Бірақ Пауыл оны ертуді мақұлдаған жоқ, себебі бұрынғы сапарда бұл жігіт олардан Памфүлия аймағында қалып қойып, бірге бастаған ісін жалғастырмай тастап кеткен болатын.
39
Осы мәселе айтысқа ұласып, олар бір-бірінен бөлініп кетті. Барнаба Марқаны алып, Кипр аралына кемемен жүзіп кетті.
40
Ал Пауыл Сыйласты таңдап алды. Қауымдағы бауырластары екеуін Құдай Иенің рақымына аманаттап, олар жолға шықты.
41
Екі елші Сирия мен Кіликия аймақтарын аралап жүріп, солардағы қауымдарды күшейтіп нығайтты.