Елшіл. істері 14
Қонияда Ізгі хабарды тарату
1
Қонияда да екі елші әдеттеріне сәйкес яһуди мәжілісханасына барды. Олардың айтқандары өте әсерлі болды, осылай яһудилер мен басқа ұлттық кісілердің көбі Иемізге сенді.
2
Ал сенбейтін яһудилер басқа ұлт адамдарын қоздырып, оларды сенуші бауырластарға қарсы өшіктіріп қойды.
3
Дегенмен екі елші едәуір уақыт сол жерде болып, Иеміз туралы батыл сөйлеп жүрді. Ол елшілерге кереметтер жасайтын құдіретті күш беріп, Өзінің рақымдылығы туралы Ізгі хабарды растады.
4
Қала тұрғындары екі жақ боп бөлініп, бір жағы сенбейтін яһудилерді, басқалары елшілерді қолдады.
5
Басқа ұлт адамдары мен яһудилердің бірсыпырасы басшыларымен бірігіп, елшілерге бірден тап беріп, азаптап, тас лақтырып өлтірмекші болды.
6
Ал елшілер бұл туралы біліп қойып, Лиқаония аймағындағы Лүстра мен Дербе қалаларына және олардың маңайына қашып кетіп, құтылды.
7
Олар сол жердегі адамдарға да Ізгі хабарды жеткізді.
Лүстрадағы сал адамның сауығуы әрі елдестерінің құбылмалы әрекеті
8
Лүстрада екі аяғы да күшсіз бір адам тұратын. Ол туғаннан сал болып, ешқашан жүріп көрмеген еді.
9
Сол Пауылдың айтқан уағызын тыңдап отырды. Оған көзі түсіп, сауығамын деген сенімін байқаған Пауыл
10
қатты дауыстап: «Тік тұр аяғыңа!» — деді. Сол сәтте ол ұшып тұрып, жүріп кетті.
11
Пауылдың істегенін көрген халық қатты дауыспен Лиқаон тілінде айқайлап: «Тәңірлер адам кейпіне еніп, бізге көктен түсті!» — деді.
12
Олар Барнабаны Зевс, Пауылды Гермес деп атады, себебі сөз тізгіні Пауылдың қолында еді.
13
Қаланың сыртында Зевске арналған ғибадатхана бар болатын. Сондағы діни қызметкер гүлдестелермен әшекейленген бұқаларды қала қақпасының алдына алып келіп, халықпен бірге құрбандыққа шалмақшы болды.
14
Барнаба мен Пауыл осыны естігенде, көйлектерінің өңірін айыра жыртып, наразылықтарын білдірді. Көпшіліктің арасына жүгіріп барып, қатты дауыспен былай деді:
15
«Ей, азаматтар, неге бұлай істейсіңдер? Біз де сендер сияқты пендеміз ғой! Сендерге Ізгі хабарды әкелдік: түкке тұрмайтын тәңір бейнелерін тастаңдар, аспан мен жерді, теңізді және олардағы бар нәрселерді жаратқан тірі Құдайға бет бұрыңдар!
16
Құдай өткен ұрпақтардың кезінде барлық ұлттарды өз беттерімен жіберсе де,
17
Өзінің бар екендігіне істеген игі істерімен анық дәлел келтіруін тоқтатпады: Өзі аспаннан жаңбыр жаудырып, дер кезінде өнім беріп, мол азық сыйлауымен жүрегімізді қуанышқа кенелтеді».
18
Осы сөздермен олар халықты әрең дегенде тыныштандырып, өздеріне арнап құрбандық шалудан бас тартқызды.
19
Кейін Антақия мен Қониядан бірқатар яһудилер Лүстраға келді. Олар жергілікті халықты үгіттеп көндіріп, Пауылды тас лақтырып ұрып кетті. Өліп қалды деп ойлап, оны қаладан сүйреп тастады.
20
Бірақ Мәсіхтің шәкірттері қасына жиналғанда, Пауыл орнынан тұрып, қалаға қайтып барды. Келесі күні ол Барнабамен бірге Дербеге жүріп кетті.
Елшілердің қауымдарды жігерлендіріп, Сириядағы Антақияға қайтуы
21
Екі елші Дербе қаласында Ізгі хабарды уағыздап, көптеген адамдарды Мәсіхтің жолына түсіріп, Оның шәкірттері етті. Содан кейін Лүстраға, Қонияға және Пісидиядағы Антақияға қайта оралды.
22
Олар барлық жерлерде Мәсіхтің жолын қуушы шәкірттерінің жан дүниелерін нығайтып: «Сенімдеріңе адал болыңдар! Болашақтағы Құдай Патшалығының заманына жеткенше біз әлі де талай азап шегуге тиіспіз», — деп ескертті.
23
Елшілер әр қауымда сенушілер үшін жетекшілер таңдады. Екі елші ораза тұтып (үстеріне қолдарын қойып) мінажат етті; осылай оларды өздері сенген Иеміздің қамқорлығына тапсырды.
24
Содан кейін екі елші Пісидияны аралап өтіп, Памфүлия аймағына жетті.
25
Олар Перге қаласында Иеміздің Ізгі хабарын уағыздаған соң, Анталияға қарай ылдилап түсті.
26
Сол жерден кемеге отырып, (Сириядағы) Антақияға қайтып барды. Сондағы қауым оларды атқарып келген жұмыстары үшін Құдайдың рақымына тапсырған болатын.
27
Қайтып келген екі елші қауымды жинап, өздері арқылы Құдайдың не істегенін, әсіресе, басқа ұлттардың Мәсіхке сенуіне жол ашқанын түгел айтып берді.
28
Осыдан кейін олар бірталай уақыт сол жердегі сенушілермен бірге болды.