Тімотеге арналған екінші хат
Жазба туралы мәлімет
Құдайдың елшісі Пауыл өзінің сенімді серігі Тімотеге жолдаған осы екінші хатын б.з. 66-67 жылдары Рим қаласындағы түрмеде отырған кезінде жазған болса керек. Сол уақыт Неронның патшалық құрған заманы болатын. Бұл Пауылдың Құдайға адал қызмет еткеніне бола екінші рет Римде қамалғаны еді. Оның бұл жолғы жағдайы бұрынғысынан едәуір ауыр болды. Жасы егде тартқан елші салқын да ылғалды зынданда қауіпті қылмыскердей бұғауда ұсталып, достарына оның қай жерде екенін тауып алу қиынға соқты. Өзіне жүктелген міндетін түгел орындап шыққанына, әрі жуырда бұ дүниеден кететініне оның көзі жетті.
Пауыл осы хатында «рухани баласы» әрі қызметтесі Тімотеден жақын арада өзіне келуін сұрайды. Бірқатар жолдастары Пауылдан бас тартқан еді, ал қалғандары жұмыс бабымен басқа жаққа кетуге мәжбүр болды. Інжіл шарифтегі төрт «Ізгі хабардың» біреуін және «Елшілердің істерін» жазып қалдырған адал серігі Лұқа ғана Пауылдың қасында болды.
Елші қатыгез Нерон патшаның әмірімен болған қатаң қудалау кезіндегі Тімотенің және барлық қауымдардың рухани хал-жағдайының қамын ойлап отырды. Соған қоса ол болашақта түрлі қате ілімдердің қауымдарға жайылатынын алдын ала біліп, Тімотеге шынайы Ізгі хабарды еш өзгеріссіз, таза сақтап, соның жолында өмірін қиюға дайын болуды ескертті.
Құдайдың адал елшісі Пауылдың өлер алдында жазған осы соңғы хаты Тімотеге және ол қызмет көрсетіп жүрген қауымдарға, сондай-ақ, күллі дәуірлерде Иеміздің тура жолын қуушылардың бәріне де арналған өсиет пен аманат болып табылады.