Патшалықтар 2-ж.  20
Шебаның бүлік шығаруы және Амасаның өлтірілуі
1
Сол жерде Бихридің ұрпағы Шеба
а
есімді қара ниетті бір буняминдік адам болды. Шеба бүкіл Солтүстік Исраилде керней тартып былай деп жариялады:


«Дәуітке біздің еш қатысымыз жоқ,
Есейдің ұлында еш үлесіміз жоқ!
Мекендеріңе қайтыңдар, исраилдіктер!»


2
Сонда Солтүстік Исраилдің күллі адамдары Дәуітті тастап, Шебаның соңынан еріп кетті. Бірақ Яһуданың адамдары өз патшаларына адал болып қала берді. Олар Дәуітке ілесіп Иордан өзенінен Иерусалимге дейін барды.
3
Дәуіт өзінің Иерусалимдегі сарайына қайтып келгенде, сарайын күтуге қалдырып кеткен он кәнизагын
ә
арнайы үйде күзеттіріп қойды. Оларды барлық керек-жарақтарымен қамтамасыз етіп тұрды, бірақ енді қайтып олармен жақындасқан жоқ. Осылайша олар жесір іспетті өмір сүріп, өле-өлгенше қамауда қалды.
4
Патша Амасаға: «Яһуданың ер адамдарын жинап, үш күннің ішінде өзің де осында бол!» — деп әмір етті.
5
Амаса Яһуданың адамдарын шақыруға кетті, бірақ патшаның белгілеген уақытынан кешігіп қалды.
6
Сонда Дәуіт Әбішайға бұйрық беріп: «Бихридің ұрпағы Шеба бізге Абессаломнан да зор зиян келтіретін болады. Тездетіп иеңнің жасақшыларын ертіп алып, Шебаның соңынан түс! Әйтпесе ол бір бекіністі қалалар тауып алып, көзімізден тасаланып, қашып кетіп жүрер!» — деді.
7
Осылайша Жоғабтың адамдары, кереттік және пелеттік ұлан бөлімдері әрі барлық батырлар қосылып, Әбішайға еріп Иерусалимнен аттанып шықты да, Шебаның ізіне түсті.
8
Олар Гибеондағы дәу жартастың жанында болған кездерінде Амаса алдарынан шықты. Жоғаб жауынгерлік киім киіп, семсерлі қынап бекітілген белдік тағып алған еді. Жоғаб алға қарай ұмтылғанда семсері түсіп қалды.
9
Жоғаб Амасаға: «Амансың ба, бауырым?» — деп, оны бетінен сүю үшін оң қолымен сақалынан ұстап алды.
10
Амаса Жоғабтың сол қолындағы семсерді байқамады. Сонда Жоғаб семсерін оның ішіне сұғып қалып, ішек-қарны жерге ақтарылып түсті. Жоғаб Амасаны екінші рет соқпай-ақ, өлімші етіп жарақаттады.
Бұдан кейін Жоғаб пен оның інісі Әбішай бүлікшіл Шебаның соңынан қуып кетті.
11
Осы кезде Жоғабтың жас жігіттерінің бірі Амасаның жанында тұрып, «Кімде-кім Жоғабты қолдаса әрі Дәуітті жақтаса, сол Жоғабтың соңынан ерсін!» — деді.
12
Ал Амаса әлі де жол ортасында жанталаса дөңбекшіп өз қанына былғанып жатқан болатын. Жаңағы жас жігіт барлық жасақшылардың Амасаның жанында тоқтап жатқанын байқағанда, оны жолдан сүйреп, егістікке шығарып, үстін жамылғымен жауып тастады.
13
Амасаның денесін жолдан алып тастағаннан кейін адамдардың бәрі Жоғабқа еріп Шебаның соңынан қуып кетті.
Бүліктің басылуы
14
Ал Шеба Исраилдің бүкіл руларының жерінен өтіп шығып, Әбел-Бет-Махаға
б
кеткен болатын. Өзі шыққан Бихри әулетінің барлық адамдары да жиналып, оның соңынан сол жерге еріп келген еді.
15
Жоғабтың жасағы Әбел-Бет-Махаға жетіп, оны қоршап алды. Олар қаланы басып алу үшін қаланың сыртқы қамал қабырғасына қарсы үймек үйді. Жоғабтың жанындағы жасақтың барлығы қабырғаны құлату үшін оны соққылап қирата бастады.
16
Сонда бір ақылды әйел қала ішінен былай деп дауыстады:
— Тыңдаңдар, тыңдаңдаршы! Жоғабты осында шақырыңдаршы! Онымен сөйлескім келеді. —
17
Жоғаб оған таяп келгенде, әйел одан:
— Сіз Жоғабсыз ба? — деп сұрады. Ол:
— Иә, менмін! — деп жауап қатты.
— Онда алдыңыздағы күңіңіздің сөзіне құлақ салыңызшы.
— Тыңдап тұрмын, айта бер! — деді Жоғаб.
18
Сонда әйел оған былай деді:
— Ежелден келе жатқан мына мәтел бар: «Ақылды Әбелден сұрасын, аяқтар сонда дауларын».
19
Мен Исраилдегі бейбіт те адал адамдардың бірімін. Ал сіз Исраилдегі қалалардың анасы іспетті сыйлы қаланы құртайын деп отырсыз. Жаратқан Иенің меншікті жерін неге жалмап қойғыңыз келіп отыр? —
20
Бірақ Жоғаб былай деп жауап берді:
— Жо-жоқ! Мені Жаратқан Иенің меншікті жерін не жалмаудан, не жоюдан сақтасын!
21
Мәселе тіпті де олай емес! Ефремнің таулы аймағынан шыққан Бихридің ұрпағы Шеба деген біреу Дәуіт патшаға қарсы бүлік шығарды! Тек соны ғана маған ұстап беріңдер! Сонда мен қаладан кетемін. — Әйел:
— Жарайды, оның басы сізге қабырғадан лақтырылады, — деп келісті.
22
Әйел бүкіл халқымен сөйлесіп, дана ақыл-кеңес берді. Олар бүлікшіл Шебаның басын шауып алып, оны Жоғабқа лақтырып жіберді. Жоғаб осыдан кейін керней тартып белгі берді. Барлық адамдары қаладан шегініп, үйлеріне тарап кетті. Жоғабтың өзі Иерусалимдегі патшаның жанына қайтып барды.
Дәуіттің лауазымды қызметкерлері
23
Жоғаб Исраилдің бүкіл жасағының қолбасшысы, ал Еходай ұлы Бенаях кереттік және пелеттік ұландарының қолбасшысы болды.
24
Адорам
в
міндетті жұмыстарды басқарушы, Ахилуд ұлы Жосапат уәзір әрі жылнамашы,
г
25
Шеуа — хатшы, Садық пен Абиятар — діни қызметкерлер, ал
26
жайырлық Ирақ — Дәуіттің қасындағы діни қызметкер болды.

а  Осы есімнің Савей деген түрі де бар. Бихри (яки Бехер): Буняминнің екінші ұлы (Жар 46:21).

ә  15:16; 16:21,22.

б  Исраилдің қиыр солтүстігіндегі қала (Пат3 15:20; Шеж2 16:4).

в  Осы есім Адонирам не Хадорам деп те дыбысталады (Пат3 12:18).

г  Немесе: мемлекеттік хатшы, шежіреші (8:16).