Патшалықтар 2-ж.  2
Дәуіттің Яһуда еліне патшалық құруы
1
Осыдан кейін Дәуіт Жаратқан Иенің еркін білу үшін Одан:
— Яһуданың қалаларының біріне өрлеп баруым керек пе? — деп сұрады. Жаратқан Иенің жауабы мынау болды:
— Иә, сол жерге бар!
— Қайсысына барайын? — Жаратқан Ие:
— Хебронға! — деп бұйырды.
2
Сонымен Дәуіт екі әйелі: ізрелдік Ахиноғам мен кәрмелдік Набалдың жесірі Әбигелді ертіп алып, сол жаққа көшіп барды.
3
Дәуіт қасында жүрген адамдарын да отбасыларымен бірге ілестіріп, бәрі Хебронның өзіне және маңындағы қалашықтарға қоныстанды.
4
Сонда Яһуда руының адамдары келіп, Дәуітке май жағу рәсімін жасап, оны Яһуданың патшасы етіп тағайындады.
«Ғилақадтағы Ябестің тұрғындары Саулдың мәйітін қабірге қойыпты»
а
деген хабар Дәуітке жетті.
5
Сонда ол сол қалаға елшілерін жіберіп, оларға мына сәлемін жолдады: «Тақсыр иелеріңіз Саулға жақсылық жасап, сүйегін қабірге қойғандарыңыз үшін Жаратқан Ие сіздерді жарылқап,
6
лайым Өзінің берік мейірімі мен сенімділігін көрсете берсін! Бұл істегендеріңізді мен де жақсылықпен қайтарамын.
7
Сондықтан мықты да батыл бола беріңіздер! Тақсыр иелеріңіз Саул көз жұмды. Ал Яһуда руы мені өздерінің патшасы етіп тағайындады».
Ишбосеттің Солтүстік Исраилге патшалық құруы
8
Алайда Саулдың қолбасшысы Нер ұлы Әбенир Саулдың тірі қалған ұлы Ишбосетті
ә
ертіп алып, Иорданнан өтіп, Маханайымға барды.
9
Сол қалада ол Ишбосетті Ғилақад, Ашур, Ізрел,
б
Ефрем, Бунямин және Исраилдің қалған аймақтарының үстінен патша етіп тағайындады.
10
Саул ұлы Ишбосет Исраилге патшалық құра бастағанда жасы қырықта еді. Ол екі жыл билік жүргізді. Алайда Яһуда руы Дәуітті қолдап оған адал болды.
11
Дәуіт Хебронда жеті жыл алты ай бойы Яһуда еліне патшалық құрды.
Яһуда мен Солтүстік Исраил жасақтарының шайқасы
12
Бірде қолбасшы Әбенир Ишбосеттің жасақшыларын ертіп алып, Маханайымнан Гибеонға аттанды.
13
Сарұяның ұлы Жоғаб та Дәуіттің сарбаздарымен бірге аттанып, оларды Гибеондағы хауыздың жанында кездестірді. Бір жасақ хауыздың бергі жағасына, екіншісі хауыздың арғы жағасына орнықты.
14
Әбенир Жоғабқа:
— Бірқатар жас жігіттер алға шықсын, олар біздің алдымызда күш сынасып көрсін! — деп ұсынды. Жоғаб:
— Жарайды, шықсын! — деп келісті.
15
Содан жігіттер орындарынан тұрып, алға шықты. Олар саналып, Бунямин руынан Саул ұлы Ишбосеттің атынан он екі, Дәуіттің сарбаздарынан да он екі болып бекітілді.
16
Сынасқандардың әрқайсысы қарсыласының басынан шап беріп ұстап алып, қолындағы семсерін оның бүйіріне сұғып алды. Осылай екеуі де бірдей мерт болды. Сондықтан сол жер Хелқат-Хасурим (яғни Семсер жүзі майданы) деп аталып кетті. Ол Гибеон жақта орналасқан.
17
Сол күні қиян-кескі шайқас болды. Дәуіттің сарбаздары Әбенирді және Солтүстік Исраилдің адамдарын жеңіп шықты.
18
Сарұяның Жоғаб, Әбішай және Асахил есімді үш ұлы
в
да сол жерде болды. Олардың ішінде Асахил даланың ақбөкеніндей желаяқ болатын.
19
Сол Асахил Әбенирдің соңына түсіп алып, не оңға, не солға бұрылмай өкшелеп қалмай қойды.
20
Біраздан кейін Әбенир артына қарап,
— Бұл сенбісің, Асахил? — деп сұрады. Ол:
— Иә, бұл менмін, — деп жауап берді.
21
Әбенир оған:
— Не оңға, не солға бұрылып, мына жас жігіттердің біріне бас салып, соның қару-жарағын олжала! — деп ұсынды. Бірақ Асахил тоқтамастан оның соңынан қалмады.
22
Әбенир Асахилге тағы бір рет ескертіп:
— Менің соңыма түсуіңді доғар! Неге сені шауып өлтіруім керек? Олай істесем, ағаң Жоғабтың алдына не бетіммен барамын? — деді.
23
Бірақ Асахил қалмай қойды. Сонда Әбенир найзасының сабын оның ішіне сұғып алып, сап оның арқасынан бір-ақ шықты. Ол құлап, сол жерде жан тапсырды. Асахил қаза тапқан жерге келгендердің бәрі де сонда тоқтай қалды.
24
Ал Жоғаб пен Әбішай Әбенирдің соңына түсті. Күн батып қалғанда олар Гибеонның елсіз даласына бара жатқан жолдағы Гияхтың маңындағы Амма төбесіне жетті.
25
Буняминдіктер Әбенирдің артына жиналып, бір топ құрып, төбе басына бекініп алды.
26
Әбенир Жоғабқа дауыстап былай деді:
— Семсер қашанға дейін жалмай бермек? Мұның арты ащы қасіретпен бітетінін білмейсіз бе? Ағайындарыңның соңынан қууды тоқтатыңдар деп жасағыңа қашанғы бұйырмайсыз? —
27
Жоғаб оған:
— Мәңгі тірі Құдайдың алдында шын айтамын: сіз осыны айтпағанда жасақ өз ағайындарын қуудан таң атқанда ғана бас тартқан болар еді!
г
— деп жауап қайтарды.
28
Содан Жоғаб керней тартып, жасақшыларына белгі берді. Барлығы тоқтап, Солтүстік Исраилдің жасағын қудалап олармен соғысуын қойды.
29
Әбенир мен оның адамдары сол түні бойы Иордан алқабындағы елсіз дала арқылы жүріп, өзеннен өтіп, Битрон жылғасының бойымен жүре отырып Маханайымға жетті.
30
Жоғаб та Әбенирдің қуғынынан қайта оралды. Ол сарбаздарын бір жерге жинап түгендеді. Сонда ол Дәуіттің Асахилден басқа тек он тоғыз қызметшісінің ғана жоқ екендігін санап біліп алды.
31
Бірақ Дәуіттің сарбаздары буняминдіктер мен Әбенирдің адамдарының үш жүз алпысының көзін жойған болатын.
32
Жоғаб және қасындағылар Асахилдің мәйітін әкесінің Бетлехемдегі қабіріне қойды. Содан соң Жоғаб пен оның адамдары түні бойы жол жүріп, таң атқанда Хебронға жетті.



а  Пат1 31:11-13.

ә  Осы есім Иш-Бошет не Иевосфей деп те жазылады. Бұл кісінің басқа аты Ишбағал болатын (Шеж1 8:33; 9:39).

б  Ашур: немесе Гесур (Еш 12:5; 13:11). Ізрел: Ізрехел, Езрел деп те дыбысталады.

в  2:13; Шеж1 2:15-16.

г  Немесе: сіз (күш сынасу туралы) айтпағанда жасақ өз ағайындарын қуудан (бүгін) таң ата-ақ бас тартқан болар еді! (Осы шайқасқа шақырған Әбенирдің өзі болатын: 2:12,14.)