Патшалықтар 2-ж. 1
Дәуітке жеткен суық хабар
1
Сонымен Саул патша қаза тапқан еді.
Ал Дәуіт амалектіктерді жеңгеннен кейін Сикеләг қаласына қайта оралып, сол жерде екі күн болды.
2
Үшінші күні Саулдың әскер қосынан біреу Сикеләгке келе қалды. Сол кісі қайғысының белгісі ретінде киімін жыртып, басына топырақ сеуіп алыпты. Ол Дәуіттің алдына келіп, жерге жығыла тағзым етті.
3
Дәуіт:
— Қайдан келдің? — деп сұрағанда, ол:
— Исраилдік әскер қосынан келіп тұрмын. Жаудан қашып құтылдым, — деді.
4
— Ал не жағдай болды, айтып берші!
— Жасақ ұрыс майданынан қашып, көбі сол жерде қаза тапты! Саул мен ұлы Жонатан да о дүниеге аттанды. —
5
Дәуіт осыны айтқан жігіттен:
— Саул мен Жонатанның өлгенін қайдан білесің? — деп сұрады.
6
Сонда жігіт былай деді:
— Мен кездейсоқ Гелбуе қыратына барған едім. Қарасам, Саул сол жерде найзасына сүйеніп отыр екен. Жаудың соғыс күймелері мен атты әскері ентелеп, жетіп-ақ қалыпты.
7
Артына қараған Саул мені көріп, қасына шақырды. Мен оған: «Тыңдап тұрмын», деп жауап бердім.
8
Ол: «Сен кімсің?» деп сұрады. Мен: «Амалектікпін», дедім.
9
Ол: «Қасыма кел де, мені өлтір! Жаным шықпай, қиналып жатырмын», деп бұйырды маған.
10
Мен қасына барып, өлтіріп тастадым. Себебі құлап, ауыр жарақаттанған оның тірі қала алмайтынына көзім жетті. Содан мен басындағы тәжі мен білегіндегі алтын білезігін шештім. Уа, тақсыр ием, оларды осында өзіңізге алып келдім.
11
Ал Дәуіт қатты қайғырып, үстіндегі көйлегінің өңірін қапсыра ұстап алды да, айыра жыртып жіберді. Қасындағы адамдары да осылай етті.
12
Олар семсер жүзінен қаза тапқан Саул мен Жонатан үшін, Жаратқан Иенің жасағы мен бүкіл Исраил елі үшін кешке дейін қайғыра жылап, ораза тұтты.
13
Содан соң Дәуіт хабаршы жігіттен:
— Өзің қай жерліксің? — деп сұрады. Ол:
— Жат жұрттық кірменің ұлы, амалектікпін, — деді.
14
Дәуіт оған:
— Сен қалайша шімірікпестен Жаратқан Иенің тағайындаған патшасына қол көтеріп өлімге қидың?!
15-16
Өз обалың өзіңе. Жаратқан Иенің тағайындаған патшасын өлтірдім деп өз аузыңмен айтып, үкіміңді өзің шығардың! — деді.
Содан ол сарбаздарының бірін шақырып алып: «Мынаны өлтір!» — деп бұйырды. Сарбаз келіп, бұйрықты жүзеге асырды.
Саул мен Жонатанды жоқтау
17
Дәуіт Саул мен оның ұлы Жонатан туралы жоқтау айтты.
18
Кейін «Садақ жыры» деп аталған осы жыр яһудалықтарға үйретілсін деп Дәуіт жарлық та шығарды. Ол «Яшардың кітабында» жазылған.
Дәуіттің айтқан жоқтауы мынау еді:
19
Уа, Исраил, қыраттарыңда сенің
Мерт болып жатыр мақтан тұтқан ерлерің!
Қалай қаза тапты жауынгерлерің!
20
Ғат қаласына бұл хабарды айтпаңдар,
Ашқалон алаңында да жар салмаңдар,
Філістір қыздары қуанып жүрмесін,
Құдайсыз қыздар мәз боп билемесін!
21
Уа, Гелбуе таулары, үстеріңе
Енді қайтып ешқашан шық түспесін,
Лайым жаңбыр да жаумасын жеріңе,
Егістіктерің еш өнім бермесін!
Өйткені өз қыраттарыңда қор болды
Қуатты жауынгерлердің қалқандары,
Енді қайтып Саулдың да қалқаны
Еш майланып-сыланбайтын болады.
22
Жойылған жаудың төгілген қанынан,
Мықты дұшпандарының тәндерінен
Жонатанның садағы құр қайтпайтын,
Саулдың семсері де құртпай қоймайтын.
23
Саул, ұлы Жонатан екеуі де
Сүйікті, сүйкімді өмірлерінде,
Ажырамаған олар өлімде де.
Бүркіттен бетер зымырай шүйілді,
Арыстаннан бетер күшті күресті!
24
Уа, Исраил қыздары, қайғырыңдар,
Сендерге ал қызыл көйлек кигізген,
Алтынмен киімдеріңді көмкерткен
Саул марқұмды зар жылап жоқтаңдар!
25
Батырлар шайқаста қалай қаза тапқан,
Қырат басында жатыр Жонатан!
26
Жоқтаймын өзіңді, қайран бауырым,
Жанымдай жақсы көрген сырлас досым!
Мен үшін адал сүйіспеншілігің
Махаббатынан да артық әйелдің.
27
Батырлардың қаза тапқандары-ай!
Елдерін қорғап көз жұмғандары-ай!