Патшалықтар туралы екінші жазба
Жазба туралы мәлімет
Бұл жазбада Дәуіт пайғамбардың Исраилге патшалық құруы баяндалған.
Дәуіт сырлас досы Жонатан мен оның әкесі Саул патшаның қаза тапқаны жайлы хабар алған соң, оларды жоқтап, Исраил әскерінің жеңілісіне де қатты қайғырады. Өзі шыққан Яһуда руына қайтып келгенде рубасылары Дәуітті елдерінің патшасы етіп тағайындайды.
Бес жылдан кейін Исраилдің өзге рулары да Дәуіттің патшалық билігіне мойынсұнады. Дәуіт елдің жаңа астанасы Иерусалимге Жаратқан Иенің Келісім сандығын алып келіп, мұнысымен Исраилдің шынайы Иесі — Құдай деп мойындайды. Өзі Құдайдың бағынышты қызметшісі ретінде Оның меншікті халқын басқарады. Жаратқан Ие Дәуітке жар болып, оған барлық жауларын жеңдіреді.
Патша Құдай Иенің жер бетіндегі тұрағы ретінде киелі үй салғысы келеді. Бірақ Құдай оған рұқсат бермей, Өзі Дәуітке тұрақты «үйін», яғни одан тарайтын әулетті, сыйлауға уәде береді. Оның әулеті мәңгі патшалық құратын болады деген уәде ғасырлардан кейін дүниеге келіп, ақыр заманда әділдікпен мәңгілік билік құратын Мәсіхке меңзейді.
Дәуіт Құдайдың жолымен жүргенмен, кейде ауыр күнә жасап, Құдайдың қаһарына ұшырайды. Теріс істеріне шын жүректен өкінген Дәуітті Жаратқан Ие кешіреді, бірақ күнәларының зардабынан патшаның өзі және Исраил халқы қатты азап шегеді. Соңында Жаратқан Ие Дәуіт пен халыққа мейірімділік танытып, тартуға тиісті жазаларын жеңілдетеді.
Дәуіт жазып қалдырған жырлары мен өсиет сөздерінде Құдайдың шексіз зор рақымын мадақтап, Оның болашақ үшін берген уәделеріне қатты қуанады. Пайғамбар мұнысымен Ханнаның мадақтау жырының негізгі мазмұнын қайталайды әрі толықтырады (Пат1 2:1-10; Пат2 23:1-5).