Петірдің екінші хаты
Жазба туралы мәлімет
Петір елшінің осы екінші хаты қайтыс боларынан сәл бұрынырақ жазған өсиеті іспетті (1:12-15). Елші оны бірдей сенімге ие болғандарға арнады. Оларға бұрын да сәлемхат жолдаған болатын (3:1), ол Інжіл шарифтегі Петірдің бірінші хаты болуы ықтимал. Олай болса, осы екінші хатты қабылдайтындар да солтүстік Анадолудың бірқатар аймақтарында шашырап тұрып жатқан сенушілер еді (Пет1 1:1).
Елші соңғы өсиетінде сенушілерді рухани дамуға шақырады. Оларды, сондай-ақ, болашақта қауымдарға келіп, азғындық тарататын жалған тәлім берушілерден сақтандырады. Мұндай адамдар Иса Мәсіх қайта оралғанда тиесілі жазаларын тартпақ. Ал сенушілер таза өмір сүруге тиіс. Сондай-ақ, Мәсіхтің қайтып келген кезінде қазіргі әлемді жойып, күнәсіз жаңа аспан мен жерді жаратуын нық сеніммен күткендері абзал.