Патшалықтар 4-ж.  6
Балта басының су бетіне қалқып шығуы
1
Пайғамбардың шәкірттері Елішеге:
— Сіздің қол астыңызда тұрып жатқан осы жер біз үшін тым тар.
2
Бізге Иордан өзеніне барып, сол жерден әрқайсымыз бір-бірден бөрене алып, сонда өзімізге тұратын орын салып алуымызға рұқсат етіңізші! — деді. Ол:
— Бара беріңдер, — деп құптады.
3
Олардың бірі:
— Мырзеке, бізбен бірге жүрсеңізші! — деп өтінді. Ол:
— Жарайды, барайын, — деп келісіп,
4
бұлармен бірге жолға шықты. Олар Иорданға жеткеннен кейін ағаш шауып, құлата бастады.
5
Ал біреуі ағаш шауып жатқан кезде балтасының басы ұшып барып, суға түсіп, батып кетті. Сонда анау:
— Қап, әттеген-ай, мырзеке! Ол біреудің уақытша сұрап алған балтасы еді! — деп айқайлады.
6
Құдайдың адамы:
— Ол қай тұсқа түсті? — деп сұрады. Әлгі адам сол жерді сілтеп көрсеткенде, Еліше бір таяқшаны кесіп алып, сол жерге лақтырып жіберді. Сонда балтаның басы су бетіне қалқып шыға келді.
7
Еліше адамға: «Оны өзің ұстап ал!» — деді. Ол қолын созып, балтаның басын судан шығарып алды.
Арама әскерінің соқыр болып тұзаққа түсуі
8
Арама елінің патшасы Солтүстік Исраилге қарсы соғысып жатқан бір кезде, ол нөкерлерімен ақылдасып, ордасын тігетін жерді таңдап алды.
9
Ал Құдайдың адамы Исраилдің патшасына: «Пәлен жерден өтпеңіз! Арамалықтар сол жерге қарай аттанып келе жатыр», — деген ескерту жіберді.
10
Исраилдің патшасы ескертуге құлақ асып, жау келе жатыр деген жерлерді алдын ала сақтандырып отырды. Осылай Еліше пайғамбар патшаға бір емес, екі емес, әлденеше рет алдын ала хабар жіберіп, ескертіп отырды.
11
Бұған Арама патшасы қатты қобалжып, өзінің нөкерлерін шақырып алды да, олардан:
— Айтыңдаршы: адамдарымыздың қайсысы Исраилдің патшасын жақтап оның жансызы болып жүр? — деп сұрады.
12
Ал олардың бірі:
— Уа, патша ием, ешқайсымыз да солай істемейміз. Қайта, сіздің тіпті жататын бөлмеңізде айтқан сөздеріңізге дейін Исраилдің патшасына жеткізіп жүрген — Исраилдегі пайғамбар Еліше! — деп жауап берді.
13
Патша бұған:
— Онда барып, оған іздеу салыңдар! Мен адамдарымды жіберіп, оны қолға түсіріп алайын! — деді. Сонда патшаға: «Еліше Дотанда екен!» — деп мәлімденді.
14
Патша сол қалаға атты әскері, соғыс күймелері бар үлкен жасақ аттандырып, олар сол қалаға түнде келіп, қоршап алды.
15
Таңертең Құдайдың адамының қызметшісі ерте тұрып, сыртқа шыққанда, атты әскері мен соғыс күймелері бар қалың қолдың қаланы айналдыра қоршап алғанын көрді. Қызметші:
— Ойбай, мырзам, енді не істейміз? — деп налыды.
16
Пайғамбар оған:
— Қорықпа, біздің жағымыздағылар оларға қарағанда әлдеқайда көп! — деп жауап берді.
17
Содан соң ол: «Уа, Жаратқан Ие, оның көзін аша гөр, көрсін!» — деп сиынды. Жаратқан Ие қызметшінің көзін ашқанда, ол қыраттың бойында Елішені айналдыра жиналып тұрған жалындаған отты аттар мен күймелерді
а
көрді.
18
Арамалықтар Елішені ұстап алмақ болып, шабуылдай бергенде, ол сиынып: «Уа, Жаратқан Ие, мына адамдардың көздерін соқыр ете гөр!»
ә
— деді. Сонда Жаратқан Ие оларды Елішенің өтінгеніндей көздерін көрмейтін соқыр етіп тастады.
19
Еліше олардың алдынан шығып:
— Бұл жол да, қала да дұрыс емес. Менің соңымнан еріңдер, іздеп жүрген адамдарыңа алып барайын! — деді де, олардың барлығын Самария қаласына бастап алып барды.
б
20
Олар Самарияға кіргеннен кейін Еліше: «Уа, Жаратқан Ие, мына адамдар көре алсын, көздерін ашсаң екен!» — деп мінажат етті. Сонда Жаратқан Ие көздерін ашып, олар өздерінің Самарияда тұрғандарын білді.
21
Исраил патшасы оларды көргенде, Елішеден:
— Мырзеке, оларды қырып тастайын ба? — деп сұрады.
22
Еліше оған:
— Жоқ, оларға тимеңіз. Тіпті өзіңіз семсер-садағыңызбен қолға түсірген тұтқындарды да өлтірмес едіңіз ғой. Одан да алдарына тамақ қойыңыз, ішіп-жесін. Содан патшаларына кері қайтарыңыз!
в
— деді.
23
Сонда патша олар үшін бір үлкен қонақасы беріп, ішіп-жеп болғаннан кейін оларды өздерінің патшасына қайтарып жіберді. Сол кезден бастап арамалық жасақшылар топтары Солтүстік Исраилге шапқыншылық жасамайтын болды.
Бен-Хададтың Самарияны қоршауда ұстауы
24
Алайда осыдан едәуір уақыт өткеннен кейін Арама патшасы Бен-Хадад өзінің бүкіл әскерін жинап, Самарияға аттанып, қаланы қоршап алды.
25
Соның кесірінен қалада қатты ашаршылық басталды. Жаудың қоршауы ұзаққа созылғандықтан, есектің басы сексен мысқал күміске, ал бір уыс (отындық) кептер қиы бес мысқал күміске сатылатын болды.
26
Бірде Исраил патшасы қала қамалының қабырғасымен кетіп бара жатқанда, бір әйел оған:
— Уа, патша ием, көмектесе көріңіз! — деп зарлап айқай салды.
27
Патша оған:
— Жаратқан Иенің Өзі көмектеспесе, мен қайдан саған көмектесемін? Өз қырмандарым мен күбілерімде түк қалмады, — деп жауап қайтарып,
28
— Жарайды, не айтайын деген едің, айта бер, — деп қосты. Әйел былай деді:
— Мына әйел маған: «Сенің балаңды бүгін жейік, менікін ертең жейміз» деп ұсынған еді.
29
Осылайша менің баламды екеуіміз асып жедік. Келесі күні мен оған: «Енді сен балаңды бер, жейік!» десем, ол оны бір жерге тығып тастапты!
30
Патша әйелдің осы сөздерін естігенде қатты налып, көйлегін айыра жыртты. Ол бұдан әрі қамал қабырғасымен кетіп бара жатқанда, халық оның көйлегінің ішінен жалаңаш тәнінде қылдан тоқылған азалы киім
г
киіп жүргенін көрді.
31
Патша: «Шапат ұлы Елішенің басын бүгін шауып тастамасам, Құдай мені жазалаған үстіне жазалай берсін!» — деп ант етті.
32
Дәл осы кезде Еліше өз үйінде бірнеше қонақ ақсақалдармен бірге отырған еді. Патшаның жіберген адамы келмей тұрып-ақ, Еліше қасындағы ақсақалдарға: «Ана кісі өлтірушінің баласы менің басымды шауып тастасын деп адам жіберіп жатыр. Соны көріп отырсыңдар ма? Сол адам келгенде, оның алдынан есікті тас қылып жауып тастаңдар. Оның артында келе жатқан иесінің басқан қадамдарының дыбысы естіліп тұрған жоқ па?» — деді.
33
Пайғамбар осыны айтып жатқан кезде-ақ, хабаршы да, патша да жетіп келіп, патша:
— Мына пәле Жаратқан Иеден келіп тұр.
ғ
Бұдан былай Оған не үшін үміт артуым қажет? — деп налыды.



а  2:11-12; 13:14.

ә  Жар 19:11.

б  Шамамен 25 шақырым жол.

в  Пат3 20:31; Шеж2 28:9-15.

г  Азалы киім жоқтаудың, түңілудің немесе өкінудің сыртқы белгісі болды (19:1,2; Жар 37:3; Пат3 20:31; 21:27).

ғ  Немесе: Бұдан былай Одан тағы нені күтуім қажет?