Патшалықтар 4-ж.  4
Жаратушының бейшара жесірге ағыл-тегіл май сыйлауы
1
Бірде пайғамбарлардың біреуінің әйелі Елішеге бас ұрып:
— Мырза, менің күйеуім қайтыс болды, оның Жаратқан Иені терең қастерлеп өткенін өзіңіз білесіз. Ал енді, бізге қарыз берген адам екі ұлымды өзіне құл етіп әкетуге келіп отыр, — деді.
2
Еліше одан:
— Сізге қандай көмек көрсетейін? Айтыңызшы, үйіңізде не бар? — деп сұрады. Әйел:
— Үйімде бір құты майымнан басқа түк те жоқ! — деп жауап берді.
3
Еліше:
— Онда көршілеріңізге барып, бос ыдыстарын сұрап алыңыз, тек аз емес, барынша көп сұраңыз.
4
Содан соң ұлдарыңызбен бірге үйіңізге қайтып, есігіңізді ішінен бекітіп алып, майыңызды сол бос ыдыстарға толтырып құйыңыз. Толғандарын бөлек алып қоя беріңіз, — деп тапсырды.
5
Әйел одан шығып, дәл пайғамбардың айтқанындай істеді. Ұлдарының әкеліп беріп отырған ыдыстарына өзінің құтысынан май құя берді.
6
Ыдыстардың барлығы толғанда, әйел бір ұлына: «Тағы бір ыдысты алып келші», — деп тапсырды. Бірақ ол: «Басқа бірде-бір ыдыс жоқ!» — деді. Сонда құтыдан май ақпай тоқтап қалды.
7
Әйел Құдайдың пайғамбарына
а
барып, болған жайтты айтып берді. Пайғамбар оған:
— Майыңызды сатып, қарызыңыздан құтылыңыз. Ал қалғанын күнкөрісіңізге жаратыңыз, — деді.
Шунемдік әйелдің кереметпен ұлды болуы
8
Бір күні Еліше пайғамбар Шунемге
ә
барды. Сол қаладағы бір ауқатты әйел Елішеден үйінде қалып тамақ ішуін өтініп, соған көндірді. Бұдан былай Еліше сол жерден өткен сайын әлгі үйден тамақтанатын болды.
9
Әйел күйеуінен: «Осы кісінің Құдайдың қасиетті адамы
б
екенін білдім. Ол біздің қаламыздың үстінен жиі өтеді.
10
Оған үйіміздің жалпақ төбесінде бір шағын бөлме салып, соның ішіне төсек-орын, үстел, орындық және шам қояйықшы. Сонда ол бізге келе қалғанда сол жерде түней алатын болады!» — деп рұқсат сұрап алды.
11
Бір күні Еліше сонда келіп, жоғарғы бөлмеде тынығып жатты.
12
Кейін ол қызметшісі Гехәзиге:
в
«Әлгі шунемдік әйелді шақыршы», — деп тапсырды. Гехәзи барып шақырғанда, әйел келді.
13
Еліше қызметшісіне былай деді:
— Әйелге мынаны айт: Бізге бола осыншама әбігерге түсіпсіз. Сол үшін сізге қандай жақсылық істей аламыз? Қаласаңыз, сіз туралы патшамен немесе әскер қолбасшысымен сөйлесе аламын. — Әйел:
— Өз жұртымның арасында тұрып (мұқтаждық көрмей) жатырмын, — деп жауап берді.
14
Кейін Еліше қызметшісінен:
— Сонымен оған қандай жақсылық істесек болады? — деп сұрады. Гехәзи:
— Оның ұлы жоқ, ал күйеуі қарт адам! — деді.
15
Сонда пайғамбар:
— Тағы да шақыршы оны, — деді. Әйелді шақырғанда, ол кіреберіске келіп тұрды.
16
Еліше:
— Келесі жылы осы уақытта құшағыңызда ұлыңыз болады, — деді. Сонда әйел:
— Ой, жоқ, мырзам, сіз Құдайдың адамысыз! Алдыңыздағы пендеңізді алдай көрмеңіз, — деп сенбеді.
17
Әйтсе де (Жаратқан Иенің рақымымен)
г
әйел құрсақ көтеріп, келесі жылы сол уақытта Еліше айтқандай босанып, ұл туды.
Ұлдың өлімнен қайта тірілуі
18
Бала едәуір өсіп қалған кезде бір күні астық орушылармен бірге жүрген әкесінің қасына барды.
19
Кенеттен ол әкесіне: «Ойбай, басым! Басым ауырып тұр!» — деп айқайлап қоя берді. Әкесі қызметшісіне: «Оны шешесіне апар!» — деп тапсырды.
20
Ол баланы үйіне апарып, бала шешесінің құшағында түске дейін отырып, қайтыс болды.
21
Сонда шешесі Құдайдың адамының жоғарғы қабаттағы бөлмесіне көтеріліп, ұлын соның төсегіне жатқызды да, есікті жауып, шығып кетті.
22
Әйел күйеуін шақырып алып, одан:
— Мен Құдайдың пайғамбарына тездетіп барып келуім керек. Бір қызметші мен есекті жібере көріңізші! — деп өтінді.
23
Күйеуі одан:
— Неге оған бүгін барғың келе қалды? Бүгін не айдың бірінші күнгі мейрамы, не демалыс күні емес қой? — деп сұрады. Бірақ әйелі оған:
— Уайымдамаңыз, бәрі де жақсы, — деді.
24
Содан әйел есегін ерттеп мінді де, қызметшісіне: «Алға қарай айдап жүре бер, өзім айтқанша тоқтама!» — деп бұйырды.
25
Осылай әйел жолға шығып, Қармил тауында тұрған Құдайдың адамына жетті. Пайғамбар оны алыстан көріп, қызметшісі Гехәзиге: «Анаған қара, шунемдік әйел келе жатыр!
26
Тез жүгіріп, алдынан шық та, одан хал-жағдайын, өзінің, күйеуінің, ұлының амандығын сұрап білші», — деді. Қызметші оның айтқанын істеп, әйел оған: «Аманшылық», — деп жауап берді.
27
Әйел тау беткейіндегі Құдайдың адамының қасына келгенде, жерге жата кетіп, оның аяғынан құшақтай алды. Гехәзи жақындап барып, әйелді итеріп жібермекші болғанда, пайғамбар: «Оған тиме! Зор қайғыдан оның жаны жапа шегіп тұр. Ал Жаратқан Ие соны менен жасырып, айтпады!» — деді.
28
Әйел пайғамбарға: «Мырзам, сізден ұл сыйлаңыз деп сұрап па едім? Мені алдай көрмеңіз деп сізден өтінбеп пе едім?» — деп мұңын шақты.
ғ
29
Сонда Еліше Гехәзиге: «Беліңді буып, менің таяғымды алып, тез жолға шық! Біреумен ұшыраса қалсаң, онымен амандасып жатпа. Біреу өзіңмен амандасып жатса, оған жауап та берме. Дереу балаға жет те, мына таяғымды оның бетіне қой!» — деп бұйырды.
30
Бірақ баланың шешесі пайғамбарға: «Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында, сіздің де алдыңызда шын айтамын: Мен сіздің қасыңыздан кетпеймін!» — деп қоймады. Сонда пайғамбар әйелмен бірге жүретін болды.
31
Гехәзи олардан бұрын жетіп, таяқты баланың бетіне қойды. Бірақ баладан ешқандай дыбыс та естілмеді, әсері де болмады. Сонда қызметші Елішеге қайта оралып: «Бала оянған жоқ», — деді.
32
Үйге келгенде, Еліше өзінің төсегінде өліп қалған баланың жатқанын көрді.
33
Ол бөлмеге кіріп, есікті жауып алды да, Жаратқан Иеге сиынып мінажат етті.
34
Содан соң Еліше төсекке көтеріліп, баланың үстіне оның аузымен аузын, көздерімен көздерін, қолдарымен қолдарын түйістіріп жатты. Осылайша ол үстінде созылып жатқанда, баланың денесі жыли бастады.
35
Еліше қайтадан тұрып, үйдің ішінде олай-бұлай біраз жүріп, төсекке көтеріліп, баланың үстіне қайтадан созылып жатты. Сонда бала жеті рет түшкіріп, көздерін ашты.
36
Пайғамбар Гехәзиді шақырып, шешесін алдыртты. Әйел бөлмеге кіргенде Еліше: «Міне, ұлыңызды алыңыз!» — деді.
37
Әйел бөлмеге кіріп, пайғамбардың аяғына жығылып, жерге дейін иіліп тағзым етті. Содан соң ұлын алып, шығып кетті.
Улы көженің залалсыздануы
38
Еліше Ғылғалға
д
қайтып келгенде, сол жерді аштық жайлаған екен. Пайғамбарлардың шәкірттері
е
оның алдында отырған кезде ол қызметшісіне: «Үлкен қазанды асып, мына адамдарға тамақ пісіріп бер!» — деді.
39
Солардың бірі далаға тамаққа жарамды шөп теруге шығып, жабайы асқабақтың
ж
жемістерін етегіне толтырып алып келді. Олардың не екенін білмесе де, майдалап турап, қазандағы көжеге салып жіберді.
40
Көже адамдарға құйылып берілді. Олар тамақты татып көре салысымен, айқай салып: «Уа, пайғамбар,
з
мынау бір улы зат қой!» — деп, тамақты жей алмады.
41
Бірақ пайғамбар: «Маған біраз ұн алып келіңдерші!» — деп тапсырды. Ол ұнды қазанға салып: «Енді адамдарға берсеңдер болады!» — деді. Сонда қазандағы удан
и
ештеңе қалмады.
Жүз адамның азғана нанмен тамақтандырылуы
42
Сол кезде Бағал-Шалишадан бір адам келіп жетті. Ол Құдайдың пайғамбарына өзінің сол жылы жиған алғашқы арпасынан пісірілген жиырма таба нан әрі жаңа жиналған бидайдың масақтарын дорбасына салып ала келді. Еліше өзінің қызметшісіне:
— Мына нанды шәкірттерге жеуге бер! — деді.
43
Қызметшісі:
— Қалайша, бұлар жүз адамға не болады? — дегенде, Еліше былай деп тапсырды:
— Нанды адамдарға үлестіріп бер, жесін! Себебі Жаратқан Ие мынаны айтады: Олардың барлығы тойып жейді, тіпті артылып та қалады. —
44
Сонда қызметші нанды үлестіріп, олар жеп тойды. Жаратқан Иенің айтқан сөзі дәл келіп, нан артылып та қалды.

а  Яки: Құдайдың (тағайындаған) адамына (1:9; 4:21).

ә  Осы қаланың аты Сонам деп те жазылады (Пат1 28:4).

б  Яки: Құдайға ерекше бағышталған адам (4:7; Заң 33:1; Пат3 17:18,24).

в  Осы есім Гиезий деп те жазылады.

г  Жар 21:1; Пат1 1:19; Жар 112:9.

ғ  4:16.

д  2:1.

е  (2:3) Яки: Пайғамбарлар тобы.

ж  Яки: жабайы жүзім бұтасының.

з  Яки: Құдайдың (тағайындаған) адамы (1:9).

и  Яки: зиянды заттан.