Патшалықтар 4-ж.  25
Бабыл әскерінің Иерусалимді қайтадан жаулап алып, Седекияхты жазалауы
1
Седекияхтың патшалық құрған тоғызыншы жылының оныншы айының оныншы күні
а
Бабыл патшасы Набуходоносор бүкіл әскерімен Иерусалимге қарсы аттанды. Олар қаланы қоршауға алып, оның қамалынан өрлеп өту үшін жан-жағын айналдыра тас-топырақ үймектер жасады.
ә
2
Қала Седекияхтың патшалық құрған он бірінші жылына дейін қоршауда болды.
3
Сол жылғы төртінші айдың тоғызыншы күні
б
азық-түлік атаулы бітіп, қаланы аштық қатты жайлап тұрған еді.
4
Осы кезде жау қала қабырғасының бір жерін тесіп, ішке кірді. Сонда (Седекиях пен) барлық яһуди жасақшылары қашып кетуге тырысты. Бабылдық әскер
в
қаланы қоршап тұрғанмен, олар түн ішінде патша бағының маңында екі қабырғаның арасында орналасқан қақпадан сытылып шықты. Содан олар Иордан алқабындағы елсіз далаға қарай бет алды.
5
Алайда Бабыл әскері патшаның соңынан аттанып, оны Иерихонның маңайындағы елсіз далада қуып жетті. Седекияхтың бүкіл жасағы оның қасынан бытырап кеткен болатын.
6
Седекиях бабылдықтардың қолына түсіп, Хамат еліндегі Рибла қаласына Бабыл патшасының алдына апарылды. Сол жерде бабылдықтар Седекияхты соттап, үкімін шығарды.
7
Олар Седекияхтың ұлдарын оның көз алдында шауып өлтірді. Мұнан кейін Седекияхтың екі көзін ойып алып, қол-аяғына қола шынжыр салып, Бабылға айдап әкетті.
Қала мен киелі үйдің қиратылып, халықтың Бабылға жер аударылуы
8
Набуходоносор Бабылға патшалық құрған он тоғызыншы жылдың бесінші айының оныншы күні
г
оның бір нөкері — патша ұландарының әміршісі Набузар-Адан Иерусалимге келіп жетті.
9
Әмірші Жаратқан Иенің киелі үйіне, патшаның сарайына және Иерусалимдегі барлық үйлерге от қойып, үлкен ғимараттардың бәрін де өртеп жіберді.
10
Әміршіге еріп келген бүкіл бабылдық әскер Иерусалимді қоршаған қабырғаларды қиратып тастады.
11
Ұландардың әміршісі Набузар-Адан қалада қалып қойғандарды, Бабыл патшасының жағына өтіп кеткендерді және елдің басқа да халқын тұтқындап, айдап әкетті.
12
Әмірші тек ең кедей тұрғындардың біразын ғана жүзімдіктер мен егіндіктерді күту үшін елде қалдырды.


13
Бабылдықтар Жаратқан Иенің ғибадатханасында тұрған екі қола бағананы, жылжымалы қола тұғырларды және теңіз деп аталатын дәу қола қазанды
ғ
бөлшектеп сындырып, солардың барлық қоласын Бабылға тасып әкетті.
14
Олар (киелі үйдегі құрбандық үстелін тазалауға арналған) күлсалғыштар мен күрекшелерді, білте түзеткіштер мен табақтарды және ғибадатханада Жаратқан Иеге құрбандықтар мен сый-тартулар ұсынғанда қолданылған басқа да қола ыдыс-аяқтар мен аспаптардың барлығын алып кетті.
15
Ұландардың әміршісі шоқ салынатын табаларды, (су не қан бүркуге арналған шағын) тостағандарды және саф алтын не күмістен жасалған барлық басқа бұйымдарды да олжалап әкетті.
д
16
Сүлеймен патша кезінде Жаратқан Иенің киелі үйіне арнап жасатқан екі бағананың, дәу қазан мен тұғырлардың қоласы таразыға тартып, салмағын өлшеуге тым ауыр болды.
17
Екі бағананың әрқайсысының биіктігі он сегіз шынтақ, ал үстіңгі иығындағы қоладан жасалған үлкен тостаған кейпінің биіктігі үш шынтақ болды. Сол кейіптерге айналдыра шынжыр және анар тәрізді қола әшекейлер ілінген еді.


18
Ұландардың әміршісі бас діни қызметкер Сераяхты, одан кейінгі лауазымды діни қызметкер Софонияны және ғибадатхананың үш қақпа күзетшісін де тұтқындады.
19
Қалада әлі де қалып қойғандардан ол жасақшылардың басшысын, патшаның кеңесшілерінің бесеуін, елдегі ер адамдарды әскери қызметке тіркеген қолбасшының хатшысын және елдің тағы алпыс тұрғынын қолға түсірді. Бұлар да қаладан табылған болатын.
20
Ұландар әміршісі Набузар-Адан олардың бәрін Хамат еліндегі Рибла қаласына,
е
Бабыл патшасының алдына алып барды.
21
Сол жерде Бабыл патшасы оларды өлтіруге бұйырды.
Осылайша Яһуда халқы өз елінен басқа жаққа жер аударылып кетті.
Яһуда әкімі Ғодалияхтың өлтірілуі
22
Бабыл патшасы Набуходоносор Ғодалияхты Яһуданың әкімі етіп тағайындап, Бабылға әкетілмеген халықты оның қарауына тапсырды. Ғодалиях Ахиқамның ұлы, Шафанның
ж
немересі еді.
23
Яһуда елінде қалып қойған барлық жасақ басшылары мен олардың адамдары патшаның Ғодалияхты әкім етіп тағайындағаны туралы естігенде, олар Миспа қаласындағы Ғодалияхқа келді. Сол жасақ басшылары Нетаниях ұлы Ысмағұл, Қареях ұлы Жоханан, нетопаттық Танхумет ұлы Сераях және махалық Езаниях болатын.
24
Ғодалиях олардың өздерін және адамдарын жігерлендіріп: «Бабылдық қызметкерлерден қорықпаңдар! Елде тұрып қалып, Бабыл патшасына қызмет етіңдер,
з
сонда жағдайларың жақсы болады!» — деп уәде беріп ант етті.
25
Бірақ сол жылдың жетінші айында патшалық әулетке жататын Әлишаманың немересі Нетаниях ұлы Ысмағұл он адамымен бірге Миспаға келді. Олар Яһуданың әкімі Ғодалияхты қастандықпен өлтірді және Миспада Ғодалияхтың қасында болған исраилдіктер мен бабылдықтардың да көздерін құртты.
и
26
Содан үлкенді-кішілі барлық исраилдіктер әрі жасақшылардың басшылары бабылдықтардың жазасынан қорқып, Мысырға қашып кетті.
Ехониях патшаның Бабылда ақталып, абыройлы болуы
27
Ал Яһуда (елінің бұрынғы) патшасы Ехониях болса, ол Бабылға жер аударылып кеткеннен
к
кейінгі отыз жетінші жылы Еуил-Меродах Бабыл еліне патшалық құра бастады. Жаңа патша сол жылдың он екінші айының жиырма жетінші күні Ехонияхты түрмеден шығарып, азат етті.
28
Еуил-Меродах онымен жылы сөйлесіп, Бабылда өз қасында болған барлық басқа патшалардан гөрі Ехонияхты ең жоғарғы орынға отырғызды.
29
Ехониях түрмедегі киімдерін ауыстырып, бұдан былай ұдайы патшамен дастарқандас болып, бірге тамақтанатын болды.
30
Өмірінің соңына дейін Ехонияхтың күнделікті мұқтаждықтарын Бабыл патшасы қамтамасыз етіп отырды.

а  (Пат4 25:1; Ерм 39:1; 52:4; Езк 24:1) Б.з.д. 588 ж. 15-қаңтар.

ә  Яки: оның қамалын бұзып кіру үшін айналдыра арнайы құрылыстармен қоршап тастады.

б  Б.з.д. 586 ж. 18-шілде.

в  Яки: Халдейлер (әскері) (24:2; Шеж2 36:17).

г  Б.з.д. 585 ж. 17-тамыз.

ғ  Шеж2 3:15-17; 4:2-4,12-15.

д  Шеж2 4:20-22; 24:14.

е  23:33.

ж  22:12; Ерм 26:24; 39:14.

з  Ерм 40:9-10.

и  Ерм 41:1-3.

к  24:12,15.