Патшалықтар 4-ж. 24
Бабыл патшасының Яһуда еліне басып кіруі
1
Жохақымның патшалық құрған кезінде Бабыл патшасы Набуходоносор Яһуда еліне басып кірді. Жохақым үш жыл Набуходоносорға бағынышты болды, ал содан кейін оған қарсы бас көтерді.
2
Жаратқан Ие сол кездері Бабыл, Арама, Моаб және Аммон елдерінен Яһуданы шабуылдауға тонаушылар топтарын да жіберіп жүрді. Осылай болады деп Жаратқан Ие бұрын өзінің пайғамбарлары арқылы алдын ала айтқан болатын.
3
Бұл пәле, әрине, Манаса патшаның жасаған барлық күнәларының кесірінен Жаратқан Иенің еркімен Яһуданың басына түсті. Жаратқан Ие халықты Өзінің көз алдынан аластатпақ болды. Өйткені Манаса патша кезінде күнәға батып, әр түрлі зұлым істер істеген болатын.
4
Оның үстіне Манаса жазықсыздан-жазықсыз қан төгіп, Иерусалимді кінәсіз төгілген қанға толтырды. Жаратқан Ие Манасаның осы жексұрын қылмыстарын кешіруді қаламады.
5
Жохақымның қалған барлық іс-әрекеттері туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
6
Жохақым көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, оның ұлы Ехониях орнын басып патша болды.
7
Бұдан кейін Мысыр патшасы өз елінен соғысуға аттанып шықпады. Себебі Бабыл патшасы бұрын Мысырға тәуелді болған жердің барлығын: Евфрат өзенінен бастап, Мысырдың солтүстік шекарасындағы өзеннің аралығындағы бүкіл өлкені өзіне бағындырып алған еді.
Яһуда патшасы Ехонияхтың Бабыл патшасына берілуі
8
Ехониях Яһуда елінің патшасы болған кезде жасы он сегізде еді. Ол Иерусалимде үш ай билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні иерусалимдік Елнатан қызы Нехушта болатын.
9
Өзінің әкесі істегендей, Ехониях та Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді.
10
Сол кезде Бабыл патшасы Набуходоносордың нөкерлері Иерусалимге қарсы өрлеп шығып, қаланы қоршап алды.
11
Қоршау кезінде Набуходоносордың өзі де Иерусалимнің түбіне келді.
12
Сонда Ехониях патша өзінің шешесі, нөкерлері, әміршілері және сарай қызметкерлерімен бірге қаладан шығып, бабылдықтарға берілді.
Иерусалимнің тоналып, көп яһудалықтардың жер аударылуы
Набуходоносор патшалық құрған сегізінші жылы Ехонияхты тұтқындады.
13
Жаратқан Иенің алдын ала айтқанындай, Набуходоносор Жаратқан Иенің киелі үйіндегі және патша сарайындағы қазыналарын түгелдей Бабылға алып кетті, әрі Сүлеймен патшаның Жаратқан Иенің ғибадатханасына арнап жасатқан алтын жалатқан бұйымдарының барлығынан алтындарын сыдырып әкетті.
14
Набуходоносор Иерусалимнің халқының бәрін: күллі әміршілер мен жасақшыларды, барлық қолөнершілер мен ұсталарды, жалпы он мың адамды тұтқындап өзімен бірге алып кетті. Яһуда елінде ең кедей тұрғындары ғана қалды.
15
Набуходоносор, сондай-ақ, Ехонияхтың өзін де Бабылға әкетіп, оның шешесін, әйелдерін, сарай қызметкерлерін және елдің абыройлы адамдарын да Иерусалимнен Бабылға жер аударды.
16
Оның үстіне Бабыл патшасы соғысқа жарамды, батыл да мықты тағы жеті мың жауынгерді және бір мың қолөнерші мен ұстаны өз еліне айдап әкетті.
17
Набуходоносор Ехонияхтың орнына оның немере ағасы Маттанияхты патша етіп тағайындап, соның есімін Седекиях деп өзгертті.
Яһуда елінің соңғы патшасы Седекияхтың көтерілісі
18
Седекиях патша болған кезде жасы жиырма бірде еді. Ол Иерусалимде он бір жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні либналық Еремия қызы Хамутал болатын.
19
Кезінде ағасы Жохақым істегендей, Седекиях та Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді.
20
Жаратқан Ие Иерусалим мен Яһуданың халқына қатты қаһарланғандықтан, оларды ақырында Өзінің қасынан аластатты.
Сол кезде Седекиях Бабыл патшасына қарсы бас көтерді.