Патшалықтар 4-ж. 23
Жосияның жалған тәңірлерге табынуды тоқтатуы
1
Сонда патша шабармандарын жіберіп, бүкіл Яһуда мен Иерусалимнің рубасыларын шақыртып жинап алды.
2
Олар келген соң, патша Яһуда халқы мен Иерусалимнің тұрғындарын, діни қызметкерлер мен пайғамбарларды, үлкенді-кішілі бүкіл халықты ертіп алып, Жаратқан Иенің киелі үйіне өрлеп барды. Сол жерде патша бәрінің алдында Жаратқан Иенің киелі үйінен табылған Келісім кітабының барлық сөздерін басынан аяғына дейін оқып берді.
3
Мұнан кейін патша бағана жанындағы арнайы орнында Жаратқан Иенің алдында тұрып Онымен Келісім жасады. Сонда ол Жаратқан Иенің жолымен жүріп, Оның күллі өсиеттерін, бұйрықтары мен ережелерін шын жүректен, бүкіл жан дүниесімен орындап, осы кітапта жазылған Келісімнің шарттарын жүзеге асыруға ант берді. Бүкіл халық та бұл Келісімге мойынсұнды.
4
Бұдан соң патша бас діни қызметкер Хелкияға, дәрежесі одан кейінгі діни қызметкерлерге және қақпа күзетшілеріне: «Жаратқан Иенің ғибадатханасынан Бағалға, Ашераға, аспан денелерінің бүкіл тобына табынуға бағышталған күллі құрал-жабдықтарды алып шығыңдар!» — деп тапсырды. Жосия патша бұлардың барлығын Иерусалимнің сыртындағы Қидрон сайының егістіктерінде өртеп, күлін Бетел қаласына апарып тастады.
5
Сонымен қатар ол Яһуданың бұрынғы патшалары Яһуданың қалалары мен Иерусалимнің айналасындағы биіктеу жерлердегі табыну орындарында хош иісті заттарды түтетуге тағайындаған діни қызметкерлерді орындарынан алып тастап, қырып-жойды. Олар Бағалға, күн мен айға, шоқжұлдыздар мен басқа да бүкіл аспан денелеріне арнап хош иісті заттарды түтетіп ұсынатын еді.
6
Жосия Жаратқан Иенің киелі үйінен Ашераның ағаш бағанасын алып шығып, Иерусалимнің сыртындағы Қидрон сайына апарды. Сол жерде оны өртеп ұнтақтап, күлін жай адамдардың қабірлерінің үстінен шашып тастады.
7
Патша Жаратқан Иенің ғибадатханасында азғындықпен айналысқан еркектердің күркелерін де бұзып тастады. Сол жерде бірнеше әйел Ашераға арналған жапқыштар тоқитын еді.
8
Жосия Яһуданың қалаларынан барлық діни қызметкерлерді жинап алып келіп, олардың биіктеу жерлердегі хош иісті заттарды түтетіп келген табыну орындарының барлығын арамдады. Патша мұны Яһуда елі бойынша, Гебадан Бер-Шебаға дейінгі бүкіл аралықта істеді. Сондай-ақ, ол қала әкімі Ешуа салған қақпаның жанындағы биіктеу жерде тұрғызылған табыну орындарын да қиратты. Олар қаланың басты қақпасының сол жағында орналасқан болатын.
9
Сол табыну орындарында қызмет еткен діни қызметкерлерге Жаратқан Иенің Иерусалимдегі құрбандық үстелінде қызмет етуге рұқсат болмады, бірақ олар (леуілік) ағайындарымен бірге ашымаған нанды жейтін.
10
Молох атты жалған тәңірге бұдан былай ешкімнің өз ұлын не қызын отқа өртеп құрбандыққа ұсына алмауы үшін Жосия патша Бен-Хенном аңғарындағы Топет атты табыну орнын да арамдады.
11
Жосия Яһуданың бұрынғы патшалары күнге бағыштаған жылқы мүсіндерін де алып тастады. Олар Жаратқан Иенің ғибадатханасының ауласында қақпаға жақын, сарай қызметкері Натан-Мәліктің тұратын жерінің маңында орналасқан болатын. Күнге бағышталған күймелерді патша өртеткізіп жіберді.
12
Ахаз патша кезінде тұрған сарайдағы жоғарғы бөлменің төбесіне Яһуда патшалары жалған тәңірлерге арнап құрбандық үстелдерін орнатқан болатын. Манаса патша тіпті Жаратқан Иенің ғибадатханасының екі ауласында да сондай құрбандық үстелдерін тұрғызған еді. Бұларды Жосия патша енді күлпарша етіп талқандап, Қидрон сайына лақтырып тастады.
13
Исраилдің патшасы Сүлеймен баяғыда Иерусалимнің шығысында, Азғындық тауының оңтүстігіндегі биіктеу жерлерде жексұрын тәңірлерге: Сидонның Астартасына, Моабтың Хамосына, Аммонның Молохына арнап табыну орындарын салған болатын. Жосия патша сол орындарды да арамдады.
14
Жосия тас бағаналарды талқандап, Ашераға бағышталған ағаш бағаналарды шауып тастап, олар тұрған жерлерге өліктердің сүйектерін шашып (оларды арамдады).
15
Жосия патша Солтүстік Исраилді күнәға батырған Набат ұлы Еробоғамның Бетел қаласындағы биіктеу жерде тұрғызған табыну орнын да жойды, әрі сол жердегі құрбандық үстелі мен ғибадатхананы қиратып тастады. Соның тастарын талқандап, ұнтақтап жоқ қылды, Ашераның ағаш бағанасын да өртеп жіберді.
16
Жосия айналасына қарағанда, төбе беткейіндегі қабірлерді көрді. Содан ол адамдарын жіберіп, қабірлерге қойылған діни қызметкерлердің сүйектерін шығартып алып, сол құрбандық үстелінің үстінде өртетті. Бұл баяғыда Жаратқан Иенің хабарын жеткізген Құдайдың пайғамбарының алдын ала айтқандарына сәйкес болды.
17
Бұдан кейін Жосия патша:
— Анау тұрған қандай ескерткіш тас? — деп сұрады. Сонда қаланың адамдары:
— Бұл — Яһудадан келген Құдайдың пайғамбарының қабірі. Сол пайғамбар ежелде-ақ өзіңіздің Бетелдегі мына құрбандық орнына қарсы бүгін істегендеріңіз туралы алдын ала дауыстап жариялап кеткен болатын, — деп жауап берді.
18
Патша:
— Ендеше оған тиіспеңдер! Оның сүйегін ешкім қозғамасын! — деп әмір етті. Осылайша оның және Самариядан келген пайғамбардың сүйектеріне ешбір қол тимеді.
19
Жосия Бетелде істегендей, Солтүстік Исраилдің басқа қалаларының биіктеу жерлеріндегі барлық киелі үйлерді де қиратып тастады. Себебі Солтүстік Исраилдің патшалары соларды тұрғызулары арқылы Жаратқан Иенің қаһарын туғызған еді.
20
Жосия табыну орындарының барлық діни қызметкерлерін құрбандық үстелдерінің үстінде бауыздатып, осы үстелдердің бәрінде сол адамдардың сүйектерін өртетті.
Содан соң патша Иерусалимге қайтып оралды.
Халықтың Құтқарылу мейрамын қайтадан тойлауы
21
Жосия патша бүкіл халыққа: «Құдайларың Жаратқан Иеге арнап осы Келісім кітабында жазылғанға сай Құтқарылу мейрамын өткізіңдер!» — деп жарлық шығарды.
22
Ежелде Исраилді билер басқарған уақыттан бері Солтүстік Исраил мен Яһудаға патшалар билік жүргізген барлық кезеңде Құтқарылу мейрамы ешқашан дәл осылай тойланған емес.
23
Сонымен Жосия патшалық құрған он сегізінші жылы Иерусалимде Жаратқан Иеге арналған осы Құтқарылу мейрамы өткізілді.
Жосияның жүзеге асырған басқа өзгертулері
24
Жосия патша Иерусалим қаласы мен бүкіл Яһуда елінен табылған аруақты не жынды шақыратын бақсы-балгерлерді, жалған тәңірлердің бейнелері мен мүсіндерін және басқа да жексұрын нәрселердің бәрін құртып, алып тастады. Жосия діни қызметкер Хелкияның Жаратқан Иенің киелі үйінде тапқан Таурат кітабында жазылған заңдарды орындау үшін осылай істеді.
25
Жосия сияқты шын жүректен, бүкіл жан дүниесімен, бар күш-қуатымен Жаратқан Иеге бет бұрған және Оның Мұса арқылы берген Таурат заңына толығымен бағынған ешбір патша одан бұрын да болған емес, одан кейін де шыққан жоқ.
26
Алайда Манаса патша кезінде істеген күллі зұлым істерімен Жаратқан Иенің қаһарын тым қатты өршіткен болатын. Тіпті Жосияның істеген әділ істерінен кейін де Жаратқан Иенің Яһуда еліне қарсы лаулаған қаһары басыла қоймады.
27
Себебі Жаратқан Ие былай деп шешкен еді: «Мен Солтүстік Исраилді көз алдымнан аластатқанымдай, Яһуданы да дәл солай аластатамын. Өзім таңдап алған осы қала — Иерусалимді және Мен «осы жерде өз атымды орнатамын» деген киелі үйді елемей тастап кетемін».
Жосия патшаның шайқаста қаза табуы
28
Жосияның қалған барлық іс-әрекеттері туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
29
Жосия патшалық құрған кезде бірде Мысыр патшасы Нехо перғауын Ассур патшасын қолдау үшін Евфрат өзеніне қарай аттанды. Сонда Жосия патша перғауынға қарсы шықты. Бірақ ол перғауынның әскерімен Мегидо қаласының маңында болған шайқаста оқтан қаза тапты.
30
Жоғастың қызметкерлері оның мәйітін күймемен Мегидодан Иерусалимге алып келіп, өзінің қабіріне қойды. Яһуда елінің халқы Жосияның ұлы Жоғахазды май жағу рәсімінен өткізіп әкесінің орнына патша етіп тағайындады.
Яһуда елінің патшасы Жоғахаз
31
Жоғахаз патша болғанда жасы жиырма үште еді. Ол Иерусалимде үш ай билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні либналық Еремия қызы Хамутал болатын.
32
Өзінің аталары істегендей, Жоғахаз да Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді.
33
Нехо перғауын Жоғахазды Хамат еліндегі Риблада тұтқындап, шынжырмен бұғаулап, оның Иерусалимде билік жүргізуін тоқтатты. Сонымен қатар перғауын Яһуда еліне жүз ат басындай күміс, бір ат басындай алтын мөлшерінде алым-салық салды.
34
Перғауын Жосияның орнына оның өзге ұлы Елиәкімді патша етіп тағайындап, оның есімін Жохақым деп өзгертті. Ал Жоғахазды перғауын Мысырға алып кетті, ол сол елде қайтыс болды.
Яһуда елінің патшасы Жохақым
35
Жохақым Нехо перғауынға оның талап еткен алтын-күмісін табыстап отырды. Бұл үшін ол күллі елге салық салып, әркімді қолында бар мал-мүлкінің мөлшеріне қарай салығын төлеуге мәжбүрледі.
36
Жохақым патша болғанда жасы жиырма бесте еді. Ол Иерусалимде он бір жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні румалық Педаяхтың қызы Зебида болатын.
37
Өзінің аталары істегендей, Жохақым да барлық жағынан Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді.