Патшалықтар 4-ж. 12
1
(Солтүстік Исраилге) Еху патшалық құрған жетінші жылы Жоғас Яһуда елінің патшасы болды. Ол Иерусалимде қырық жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні бер-шебалық Сибия еді.
2
Діни қызметкер Еходай оған тәлім беріп жүрген уақыттың барлығында Жоғас Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеді.
3
Тек биіктеу жерлердегі табыну орындары алынып тасталмады. Халық сол жерлерде құрбандық шалып, өртеп, хош иісті заттарды түтетіп ұсынуларын жалғастыра берді.
Киелі үйді жөндеп қалпына келтіру
4
Бірде Жоғас діни қызметкерлерге былай деп тапсырды: «Адамдар Жаратқан Иенің киелі үйіне сый-тарту ретінде алып келген барлық күмісті жинаңдар! Ол санақта берілетін жан басы салығы әрі жеке адамдардың уәде еткен не ерікті түрде берген сый-тартулары бола алады.
5
Әрбір діни қызметкер адамдардың өзіне алып келген күмісін қабылдасын; соны ғибадатхананың жөнделуге қажетті жерлерін нығайтып қалпына келтіруге жұмсаңдар!»
6
Алайда Жоғас патшаның билік құрған жиырма үшінші жылы діни қызметкерлер ғибадатхананың қабырғаларының жарылған жерлерін әлі де жөндемеген болатын.
7
Содан Жоғас патша діни қызметкер Еходайды және басқа да діни қызметкерлерді шақырып алып: «Ғибадатхананы неге жөндемей жатырсыңдар? Бұдан былай сый-тартуға әкелінген күмісті өз қажеттерің үшін еш алушы болмаңдар! Енді оларды киелі үйді қалпына келтіру үшін қолдануға беріңдер!» — деп бұйырды.
8
Сонда діни қызметкерлер халықтан енді қайтып күміс алмауды әрі ғибадатхананы өздері жөндемеуді ұйғарды.
9
Діни қызметкер Еходай бір жәшікті алып, оның үстіңгі жағында тесік жасап, жәшікті Жаратқан Иенің киелі үйіндегі құрбандық үстелінің қасына, ғибадатханаға кіреберістің оң жағына қойды. Кіреберісті күзететін діни қызметкерлер Жаратқан Иенің киелі үйіне әкелінген барлық күмісті сол жәшікке салатын болды.
10
Жәшікте көп күміс жиналып қалған әр кез сайын патшаның хатшысы және бас діни қызметкер келіп, Жаратқан Иенің үйіне әкелінген сол күмісті арнайы қапшықтарға салып, таразыға тартып өлшейтін.
11
Күміс есептеліп болғаннан кейін, олар оны Жаратқан Иенің киелі үйіндегі жөндеу жұмыстарын басқарушыларға тапсыратын. Басқарушылар сол күмісті ғибадатханада жұмыс жасайтын ағаш ұсталарына, құрылысшыларға,
12
тас қашаушылар мен қалаушыларға беретін. Бұлар күмісті киелі үйдегі жөндеу жұмыстары үшін бөренелер мен қашалған тастар және тағы басқа да керекті заттарды сатып алу үшін жұмсайтын.
13
Осы әкелінген күмістен Жаратқан Иенің киелі үйінде қолданылатын бірде-бір күміс кесе, білте түзеткіш, тостаған, керней не басқа да алтын, күміс бұйымдар жасалмады.
14
Күмістің барлығы жұмысшыларға беріліп, Жаратқан Иенің киелі үйін жөндеуге жұмсалатын.
15
Жұмысшыларға күмісті тапсырған қызметкерлерден айрықша есеп талап етілмейтін, өйткені олар мұны адал атқаратын.
16
Ал айыпты өтейтін және күнәнің құнын өтейтін құрбандықтармен бірге ұсынылатын күміс Жаратқан Иенің киелі үйінің ішіне кіргізілмейтін. Ол діни қызметкерлердің өздеріне арналған.
Арама патшасы Хазаилдың Иерусалимге жасаған шабуылы
17
Сол кезде Арама патшасы Хазаил Ғат қаласына қарсы аттанып, шабуыл жасап, оны басып алды. Бұдан кейін ол Иерусалимге өрлеп аттанып, оған да шабуыл жасамақ болды.
18
Бірақ Яһуда елінің патшасы Жоғас өзінің ата-бабалары — Яһуданың бұрынғы патшалары Жосапат, Жорам және Охозияхтың Жаратқан Иеге бағыштаған барлық құнды сый-тартуларын, өзінің де Оған бағыштаған тартуларын жинап алды. Оларды Жаратқан Иенің киелі үйінің және патша сарайының қазыналарындағы барлық алтындарымен бірге Хазаил патшаға беріп жіберді. Сонда Хазаил Иерусалимге шабуыл жасаудан бас тартып, кері қайтты.
Яһуда елінің патшасы Жоғастың өлімі
19
Жоғастың қалған барлық іс-әрекеттері туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
20
Ал Жоғастың қызметкерлері оған қарсы астыртын сөз байласып, патшаны Силлаға апаратын еңісті жолмен кетіп бара жатқан жерінде Бет-Миллоның маңында өлтіріп тастады.
21
Мұны істеген қызметкерлер Шимеяттың ұлы Жозақар және Шомер ұлы Ехозабад болды. Жоғастың мәйіті ата-бабаларының жанына Дәуіттің шаһарындағы қабірге қойылды. Оның ұлы Амасиях орнын басып патша болды.