Қорынттықт. 2-хат  4
Қарапайым елшілерге аманатталған шексіз құнды қазына
1
Сонымен, Құдайдың рақымымен осы қызметке ие болған біз еш мойымаймыз.
2
Қайта, құпия да ұят қылықтардан аулақ жүріп, ешқандай қулық-сұмдықты қолданбаймыз. Құдайдың хабарын бұрмаламаймыз да: Оның көз алдында шындықты ашық уағыздап, өзімізді барлық адамдардың ар-ұждандарына таныстырамыз.
3
Біз жариялап жүрген Ізгі хабар жабық болса, ол тозақ жолындағылар үшін ғана жабық.
4
Бұлар оған сенбейді, себебі осы күнәкар дүниенің «тәңірі» (әзәзіл шайтан) олардың ой-саналарын соқыр қылып қойған. Содан олар Мәсіхтің салтанатты ұлылығы туралы Ізгі хабардың нұрын көре алмайды. Ал Мәсіх Құдайдың қандай екенін айқын көрсетеді.
а
5
Біз өзімізді емес, Мәсіх Исаны уағыздаймыз, Ол — Жаратқан Ие,
ә
ал біз Исаға бағышталып, сендерге қызмет етеміз.
6
Жаратылыстың басталуында қараңғылықтан нұрдың жарқырауын бұйырған Құдай жан дүниемізді де жарқыратып, бізді Иса Мәсіхтің бетінен көрінетін Өзінің салтанатты ұлылығын білуіміз арқылы нұрландырды.
7
Біз осы рухани қазынаны сақтайтын қарапайым қыш құмыралар іспеттіміз. Осылайша ондағы шексіз зор құдіреттің өзімізден емес, Құдайдан екені анық болып тұр.
8
Жан-жақтан қысым көрудеміз, бірақ тапталған жоқпыз, шарасыз болып қысылудамыз, бірақ үмітімізді үзген жоқпыз.
9
Қуғынға түссек те, Тәңір Ие бізді жалғыз қалдырған жоқ; жығылсақ та, жойылмаймыз.
10
Иеміз Иса іспетті тәнімізде әрдайым азап шегіп, өлім қаупіне душар боламыз. Сол арқылы Оның өмірі де тәнімізден көрініс табуда.
б
11
Себебі тірі жүрген біздер ұдайы Исаға бола өліммен бетпе-бет келеміз, осылай ажалды тәнімізден Оның өмірі көрініс табады.
12
Мұның нәтижесінде бізде өлім, ал сендерде өмір әрекет етуде.
13
Ал Забурда: «Мен Саған сенімімді жүктедім, содан мынаны айттым»
в
деп жазылған. Осындай сенімді Құдайға біз де жүктейміз, сондықтан Ол туралы айтамыз.
14
Иеміз Исаны қайта тірілткен Құдайдың бізді де Иса арқылы қайта тірілтіп, сендермен бірге өз алдына әкелетінін білеміз ғой.
15
Басымыздан өткен осылардың бәрі де сендердің игіліктерің үшін. Бұның нәтижесінде барған сайын көптеген адамдар Құдайдың рақымын қабылдап, Оған шексіз ризашылық білдіріп, даңқын асырмақ.
Уақытша азаптар және мәңгілік ұлылық
16
Сондықтан да еш мойымаймыз. Тәніміз тозып әлсірегенмен, жан дүниеміз
г
күн сайын жаңара түсуде.
17
Уақытша көретін жеңіл азаптарымыз бізді өздерінен әлдеқайда зор, тіпті шексіз де мәңгілік ұлылыққа жеткізеді!
18
Сонымен көзге көрінетін емес, көрінбейтін нәрселерге назар тігеміз. Себебі қазір көрініп тұрғандар өткінші, ал көрінбейтіндер мәңгі.



а  Немесе: Мәсіх — (көзге көрінбейтін) Құдайдың кейпі (Евр 1:3; Қол 1:15; Жох 14:9).

ә  Флп 2:9-11; Қол 1:16-17.

б  Немесе: Иеміз Исаның өмірі тәнімізден көрініс табуы үшін Оның өлімін әрдайым тәнімізде алып жүреміз.

в  Жыр 115:1.

г  Яки: Сыртқы болмысымыз тозып әлсірегенмен, ішкі болмысымыз (рухани өміріміз).