Шежірелер 2-ж. 9
Сәба патшайымының қонаққа келуі
1
Сүлейменнің зор даңқы туралы Сәба елінің патшайымы естіген еді. Содан ол Сүлейменге қиын сауалдар қойып, даналығын сынамақшы болды. Патшайым көп нөкерін ертіп сапарға шығып, ұлан-ғайыр байлықпен Иерусалимге келді. Түйелеріне хош иісті заттар, мол алтын мен асыл тастар артылған болатын. Сүлеймен қонақты қарсы алып, сарайына кіргізді. Патшайым ойындағы бар мәселелер жайлы онымен сөйлесті.
2
Сүлеймен солардың бәріне жауап берді. Патша білмей, түсіндіре алмаған бірде-бір сауал болған жоқ.
3
Сәбаның патшайымы Сүлейменнің асқан даналығын және салғызған (зәулім) сарайын көріп, қайран қалды.
4
Ол патшаның дастарқанындағы тамақтарын, уәзірлерінің мәжілістерін, сәнді киінген нөкерлері мен шарапшыларының келісті қызметтерін әрі Сүлейменнің Жаратқан Иенің киелі үйіне көтеріліп барып, құрбандықтар шалғызып өртеткенін де бақылады. Патшайымның таңғалғаны сонша, демін ала алмай үнсіз қалды.
5
Содан ол патшаға тіл қатып былай деді: «Сіздің іс-әрекеттеріңіз бен даналығыңыз туралы елімде жүріп естігендерімнің бәрі де шындық екен.
6
Алайда келіп, өз көзіммен көргенге дейін сол сөздерге сенбеген едім. Енді даналығыңыздың одан да зор екенін көріп отырмын. Расында оның тіпті жартысы туралы да естімеппін!
7
Мына адамдарыңыз қандай бақытты! Әрқашан қасыңызда жүріп, даналығыңызды тыңдай алатын нөкерлеріңіз қандай бақытты!
8
Сізге риза болып, уәкілі ретінде Өзінің патшалық тағына отырғызған Құдайыңыз Жаратқан Ие мадақталсын! Құдайыңыз Исраилді қатты сүйіп, оны осы елде тұрақты орналастыруды көздейді. Сол себепті халыққа сізді қара қылды қақ жарып әділдік пен адалдықты ұстанатын патша етіп қойды».
9
Сәба патшайымы осылай деп, патшаға жүз жиырма ат басындай алтын әрі орасан зор мөлшерде хош иісті заттар мен асыл тастарды тарту етті. Оның Сүлейменге сыйлағанындай жоғары сапалы хош иісті заттар бұрын болған емес.
10
Сол сияқты, Хирам мен Сүлейменнің қызметкерлері Опыр жерінен алтынмен бірге қызыл сандал ағашының бөренелері мен асыл тастарды да алып келетін.
11
Сүлеймен патша осы қызыл сандал ағашынан Жаратқан Иенің киелі үйі және өзінің сарайы үшін баспалдақтар және әнші-күйшілерге арнап жетіген мен шертер аспаптарын жасатты. Сапасы осындай жоғары бұйымдар Яһуда елінде бұрын ешқашан болмаған еді.
12
Сүлеймен патша Сәба патшайымына әкелгендерінен әлдеқайда көп мөлшерде сый-тартулар беріп, оның үстіне оны сұрағандарының бәрімен де қанағаттандырды. Мұнан соң патшайым нөкерлерін ертіп өз еліне қайтып кетті.
Сүлейменнің зор байлығы мен салтанаты
13
Сүлеймен жыл сайын қабылдайтын алтынның мөлшері алты жүз алпыс алты ат басындай болды.
14
Бұған қоса делдалдар мен саудагерлерден де кіріс түсіп жатты; арабтардың барлық патшалары және өз елінің әкімдері Сүлейменге алым-салық ретінде алтын мен күміс әкеліп отыратын.
15
Сүлеймен патша екі жүз үлкен қалқан жасатып, оларды балғамен соғылып тегістелген алтынмен қаптатқызды. Әр қалқанға кеткен алтынның мөлшері алты жүз мысқалдай болды.
16
Патша тағы үш жүз шағын қалқан жасатып, оларды да соғылған алтынмен қаптатқызды. Бұл қалқандардың әрқайсысы үшін үш жүз мысқалдай алтын жұмсалды. Патша қалқандардың барлығын «Ливан орманы сарайына» қойғызды.
17
Патша піл сүйегімен безендіріліп, саф алтынмен қапталған үлкен тақ жасатты;
18
оның алты баспалдағы және таққа бекітілген алтын табан тіреніші бар еді. Тақтың патша отыратын орнының екі жағында бір қол тұтқадан, әр тұтқаның жанында бір-бірден арыстан мүсіндері тұрды.
19
Алты баспалдақтың үстінде әр жағында бір-бірден, барлығы он екі арыстанның мүсіні тұрды. Мұндай тақ ешбір патшалықта бұрын-соңды жасалып көрмеген еді.
20
Сүлеймен патшаның сусын ішетін ыдыстарының бәрі алтыннан, ал «Ливан орманы сарайындағы» ыдыстары саф алтыннан жасалды. Өйткені Сүлейменнің заманында күміс құнсыз зат деп саналатын.
21
Себебі патша өзінің үлкен сауда кемелерін (Тир патшасы) Хирамның теңізшілерінің басқаруымен үш жылда бір рет алыс сапарға жіберіп, олар алтын, күміс, піл сүйегі, маймылдар және тауыс құстарын алып келетін.
22
Осылайша Сүлеймен патша жер бетіндегі күллі патшалардан байлығымен де, даналығымен де асып түсті.
23
Жердің барлық патшалары Сүлейменмен жүздесіп, оның Құдай сыйлаған даналығын тыңдауға құштар болды.
24
Олардың бәрі оған жыл сайын сый-тартуларын: күміс пен алтын бұйымдарды, киім-кешек, қару-жарақ, хош иісті заттар, жылқы, қашырларды алып келіп отырды.
25
Патшаның аттары мен соғыс күймелеріне арналған төрт мың қорасы болды; жылқыларының жалпы саны он екі мың еді. Оларды соғыс күймелерінің арнайы қалаларында және өзінің қасында астанасы Иерусалимде ұстады.
26
Сүлеймен солтүстіктегі Евфрат өзенінен бастап, філістір еліне және Мысырдың шекарасына дейінгі барлық патшаларды өзіне қаратты.
27
Патша Иерусалимде күмісті тас сияқты үйреншікті нәрсе етті, әрі шетелден әкелінетін қымбат самырсындарды өз елінің төменгі қыраттарында көптеп өсетін тұт ағаштары іспетті мол етті.
28
Оның қызметкерлері Сүлейменге жылқыларды Мысырдан және басқа көптеген елдерден алып келді.
Сүлейменнің қайтыс болып, Рохабоғамның патша болуы
29
Сүлейменнің басқа да іс-әрекеттерінің барлығы басынан аяғына дейін Натан пайғамбардың тарихында, шилолық Ахияхтың пайғамбарлық хабарында және Иддо пайғамбардың Набат ұлы Еробоғам туралы көрген көріністері баяндалған кітабында жазылып қалдырылған.
30
Сүлеймен Иерусалимде бүкіл Исраилдің үстінен қырық жыл бойы патшалық құрған соң,
31
көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелді. Оның мәйіті әкесі Дәуіттің шаһарындағы қабірге қойылды. Сүлейменнің ұлы Рохабоғам орнын басып патша болды.