Шежірелер 2-ж.  35
Зор салтанатпен тойланған Құтқарылу мейрамы
1
Жосия Иерусалимде Жаратқан Иенің құрметіне Құтқарылу мейрамын да өткізді. Соған арналған тоқтылар бірінші айдың он төртінші күні құрбандыққа шалынды.
а
2
Патша діни қызметкерлерді міндеттеріне тағайындап, Жаратқан Иенің ғибадатханасындағы қызметтерін түгел атқаруға жігерлендірді.
3
Бүкіл Исраил халқына тәлім беріп келген, Жаратқан Иенің қызметіне бағышталып, тазару рәсімінен өткен леуіліктерге патша мына нұсқауларды берді: «Киелі
ә
Келісім сандығын Исраилдің патшасы Дәуіт ұлы Сүлеймен салған киелі үйде қалдырып, оны (ежелдегідей) иықтарыңда көтеріп алып жүрмейсіңдер ғой.
б
Сондықтан Құдайларың Жаратқан Иеге және Оның халқы Исраилге былайша қызмет ете беріңдер:
4
топтарыңа бөлінген отбасыларың Дәуіт патша мен оның ұлы Сүлейменнің леуіліктерге қалдырып кеткен жазбаларына сай міндеттеріңді кезекпен атқаруға даяр болыңдар.
5
Ғибадатханада халықтың руларының әр әулеті үшін бір-бір леуілік топ қызмет етуге дайын тұрсын.
6
Қазір Құтқарылу мейрамына арналған тоқтыларды шалу керек. Сендер Жаратқан Иеге бағышталып тазару рәсімінен өтіп, Оның Мұса арқылы жіберген ережелеріне сәйкес құрбандық тоқтыларды елдестерің үшін дайындаңдар!» — деді.


7
Жосия халыққа Құтқарылу мейрамына арнап отыз мың тоқты-текешік, сонымен қатар үш мың мүйізді ірі қара малды сыйлады. Мұның бәрі өзінің жеке малы болатын.
8
Патшаның әміршілері де өз еріктерімен халыққа, діни қызметкерлер мен леуіліктерге құрбандық малын атады. Құдайдың киелі үйінің басқарушылары Хелкия, Зәкәрия және Ехиел де діни қызметкерлерге екі мың алты жүз тоқты мен үш жүз мүйізді ірі қара мал берді.
9
Сол сияқты, леуіліктердің басшылары: Қонаниях және оның бауырлары Шемаях пен Нетанел, Хашабиях, Еиел, Жозабад та мейрамға арнап леуіліктерге бес мың тоқты мен бес жүз мүйізді ірі қара мал атады.
10
Мейрамдық ғибадатқа осындай дайындық жасалды. Патшаның нұсқауына сай діни қызметкерлер өз орындарында, леуіліктер де топтары бойынша әзір тұрды.
11
Тоқтылар құрбандыққа шалынды. Діни қызметкерлер қанын құрбандық үстеліне бүркіп, леуіліктер терілерін сыдырды.
12
Олар Мұса арқылы табысталған Таурат кітабында жазылған нұсқау бойынша Жаратқан Иеге арнап құрбандыққа шалынып, өртелетін малды рулардың әулеттеріне
в
үлестірді. Мүйізді ірі қарамен де осылай істелінді.
13
Содан олар Құдайдың ережесіне сәйкес
г
Құтқарылу мейрамының құрбандықтарын отқа қуырды, ал Жаратқан Иеге бағышталған құрбандықтардың етін үлкенді-кішілі қазандарда асып, тездетіп халыққа үлестіріп отырды.
14
Мұны бітіргеннен кейін леуіліктер өздері және діни қызметкерлер үшін мейрам асын дайындады. Себебі Һароннан тараған діни қызметкерлер түгелдей өртелетін құрбандықтарды және өзге құрбандықтардың майлы бөліктерін қас қарайғанға дейін өртеумен болды. Сондықтан да леуіліктер өздерімен қатар оларға да қамқорлық жасады.
15
Асафтан тараған леуілік әнші-күйшілер ежелде өздері үшін Дәуіт патша, Асаф, Хеман және патша жанындағы Едутун пайғамбар
ғ
белгілеген орындарында тұрды. Ғибадатхананың барлық қақпаларындағы күзетшілерге қызметтерінен сұранып кетудің қажеті болмады. Леуілік бауырластары оларға да Құтқарылу мейрамының асын дайындап қойған еді.
16
Осылайша сол күні Жаратқан Иеге арналған ғибадат рәсімдері түгелдей орындалды. Жосия патшаның бұйрығына сәйкес, халық Құтқарылу мейрамын тойлады да, құрбандықтарын шалып, Жаратқан Иеге арналған құрбандық үстелінде өртеп ұсынды.
17
Сол жерде болған күллі исраилдіктер Құтқарылу мейрамын мерекелеп, оған жалғастыра жеті күн бойы Ашымаған нан мейрамын да өткізді.
д
18
Исраилдіктердің Құтқарылу мейрамын осылай тойлауы Самуил пайғамбардың заманынан бері болмаған еді.
е
Оған Жосия патша, діни қызметкерлер, леуіліктер, бүкіл Яһуданың және сонда болған Солтүстік Исраилдің халқы әрі Иерусалимнің тұрғындарының барлығы бірігіп қатысты. Исраилдің ешбір патшасы бұрын-соңды Жосия патша іспетті Құтқарылу мейрамын бұлай тойлаған емес.
19
Осы Құтқарылу мейрамы Жосияның патшалық құруының он сегізінші жылы өтті.
Жосияның өз бетімен соғысқа аттанып, қаза табуы
20
Жосия ғибадатхананы осылай қалпына келтіргеннен кейін, Мысыр патшасы Нехо
ж
Евфрат өзенінің бойындағы Қаркеміш қаласына қарай (Бабыл әскерімен) соғысқа шықты. Жосия оған қарсы аттанып, жолын бөгемек болды.
з
21
Нехо Жосияға елшілерін жіберіп, мынадай хабарын жеткізді: «Ей, Яһуда патшасы! Менде не жұмысың бар? Бүгін саған қарсы емес, өзіммен соғысып жүрген патша әулетіне
и
қарсы аттандым. Құдай маған тездетуге бұйырды. Өзіме жар болып отырған Құдайға қарсы шығуыңды доғар! Егер тілін алмасаң, Ол көзіңді құртады!»
22
Бірақ Жосия алған бетінен қайтпай, перғауынмен соғысуға дайындалды. Ешкім танымасын деп, өзі қарапайым киініп алды.
к
Осылай ол Құдайдың Нехо арқылы жеткізген бұйрығына құлақ аспай, Мегидо қаласының маңындағы жазықта перғауынмен ұрысқа кірісті.
23
Сол жерде Жосияға садақшылардың оғы тиіп, ол нөкерлеріне: «Мені шайқастан алып шығыңдар, қатты жараландым!» — деп бұйырды.
24
Олар патшаны соғыс күймесінен дайын тұрған өзге күймесіне жатқызып, Иерусалимге алып барғанда, ол қайтыс болды.
қ
Оның мәйіті ата-бабаларының бір қабіріне қойылды. Бүкіл Яһуда мен Иерусалимнің халқы Жосияны жоқтап, аза тұтты.
л
25
Еремия пайғамбар Жосия туралы жоқтау жырын шығарды. Осы күнге дейін еркек, әйел әншілер
м
Жосия марқұмға арналған жоқтау жырларын айтып келеді. Бұларды орындау Исраилде дәстүрге айналды. Олар Жоқтау жырларының жинағына енді.
26
Жосияның қалған өмір тарихы және оның Жаратқан Иенің Таурат заңына сәйкес
н
жасаған адал істері
27
басынан аяғына дейін «Солтүстік Исраил мен Яһуда патшаларының кітабында» баяндалған.

а  Мыс 12:1-6.

ә  Яғни Жаратқан Иеге бағышталған.

б  5:2-9; 8:14-15; Мыс 25:14.

в  Яки: отбасылар топтарына (35:4-5).

г  Мыс 12:1-12.

ғ  Яки: (аяндар мен бейнелі көріністер) көретін Құдай хабаршысы Едутун (Пат1 9:9-11).

д  Мыс 12:15-18.

е  30:5.

ж  Нехо (яки Нехао) перғауын б.з.д. 609-594 жж. Мысырда патшалық құрды.

з  Жосияның Бабыл патшасымен одақтас болғаны ықтимал (32:31; 33:11).

и  Яғни Бабыл патшасы Набополассар және оның ұлы, қолбасшысы және кейін мұрагері Набуходоносор(36:6).

к  Пат3 22:30.

қ  Пат4 23:29-30.

л  34:28.

м  Езр 2:65.

н  Яки: Жаратқан Иенің тағылымына сәйкес.