Шежірелер 2-ж.  33
Яһуда патшасы Манасаның аса жексұрын істері
1
Манаса патша болған кезде жасы жиырмада еді. Ол Иерусалимде елу бес жыл билік жүргізді.
2
Манаса Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді. Осылайша ол Жаратқан Ие ежелде Исраил халқының алдынан елден қуып шыққан халықтардың жексұрын дәстүрлеріне еліктеді.
3
Манаса әкесі Езекия кезінде қиратып тастаған биіктеу жерлердегі табыну орындарын
а
қайта салғызып, Бағал атты жалған тәңірдің мүсіндеріне
ә
арналған құрбандық орындарын және Ашераға бағышталған ағаш бағаналарды
б
қайтадан орнатты. Сонымен қатар ол аспан денелерінің бүкіл тобына
в
иіліп, құлшылық етіп жүрді.
4
Жаратқан Ие Өзінің киелі үйі туралы: «Иерусалимде Менің есімім әрдайым орнықсын!»
г
деген болса да, Манаса Жаратқан Иенің сол киелі үйінде жалған тәңірлерге арнап құрбандық үстелдерін тұрғызды,
5
әрі оның екі ауласында күллі аспан денелеріне бағышталған құрбандық үстелдерін орнатты.
6
Манаса Бен-Хенном аңғарында тіпті өз ұлдарын жалған тәңірге арнап отқа өртеп құрбан етті.
ғ
Патша бақсы-балгерлікпен және сиқыршылықпен айналысып, аруақ шақырушылар мен өзге де сәуегейлерден ақыл сұрайтын.
д
Осылайша Манаса Жаратқан Иеге жек көрінішті көптеген істер істеп жүріп, Оның қаһарын өршітті.
7
Манаса өзі жасатып алған жалған тәңір мүсінін тіпті Құдайдың киелі үйіне апарып, сонда орнатып қойды. Ал осы киелі үй туралы Құдай Дәуітке және оның ұлы Сүлейменге былай деген болатын: «Мен Исраилдің барлық руларының ішінен таңдап алған қалам Иерусалимдегі осы киелі үйде өз есімімді тұрақты орнатпақпын.
8
Егер Исраил халқы Менің өздеріне Мұса (пайғамбар) арқылы тапсырған Таурат заңымды толығымен ұстанып, бұйырған барлық ережелерім мен шешімдерімді орындап жүрсе, онда Мен ата-бабаларын қоныстандырған осы елден оларды ешқашан қуып шығармаймын».
е
9
Алайда Манаса Яһуда мен Иерусалимнің тұрғындарын теріс жолға тайдырып жіберді. Олардың арамза істері бұрын Исраил халқы елге көшіп келген кезде Жаратқан Ие олардың ата-бабаларының алдынан жойып жіберген халықтардың жасағандарынан бетер зұлым болды.
10
Жаратқан Ие Манаса мен оның халқына хабарын жіберіп сақтандырған еді, бірақ олар Онысына құлақ аспады.
11
Сол себепті Жаратқан Ие оларға қарсы Ассур патшасының әскер басшыларын жіберді. Бұлар Манасаны қолға түсіріп, мұрындықтап, қола шынжырлармен
ж
кісендеп, Бабыл қаласына айдап алып кетті.
Манасаның теріс жолдан қайтып, рақым етілуі
12
Басына күн туғанда Манаса ата-бабаларының сиынған Құдайы Жаратқан Иеге жалбарынып, Оның алдында бас ұра күнәсін мойындап,
13
мінажат етті. Жаратқан Ие жалбарынышына құлақ асып, оны Иерусалимге қайтарып, сонда қайтадан патша етіп қойды. Осыдан Жаратқан Иенің шынайы Құдай екеніне Манасаның көзі жетті.
14
Мұнан кейін Манаса «Дәуіттің шаһарының» сыртқы қамал қабырғасын бұрынғыдан биік қылып қайта салды. Осы қабырға Гихон қайнар көзінің
з
батыс жағында, сайдың бойымен Опел төбесін
и
айналдыра Балық қақпасына
к
дейін созылды. Патша Яһуданың барлық қамалды қалаларына да қолбасшылар тағайындады.
15
Манаса бөтен тәңірлердің бейнелерін әрі Жаратқан Иенің киелі үйінде орнатылған жалған тәңірдің мүсінін
қ
де алып тастады. Сонымен қатар патша ғибадатхана салынған төбеде және бүкіл Иерусалим қаласында жалған тәңірлерге арнап тұрғызылған күллі құрбандық орындарын қиратып, қаладан шығарып тастады.
16
Бұдан кейін ол Жаратқан Иеге арналған құрбандық үстелін қайтадан тұрғызып, оның үстінде ризашылық пен шүкірлік құрбандықтарын ұсынды. Манаса, сондай-ақ, Яһуданың халқына да түп атасы Исраилдің сиынған Құдайы Жаратқан Иеге ғибадат етуге бұйырды.
17
Бірақ халық құрбандықтарын енді Құдай Иесіне бағыштағанмен, оларын бұрынғысынша биіктеу жерлердегі табыну орындарында да шалып, ұсына берді.
Манасаның өмірінің соңы
18
Манасаның қалған істері, оның Құдайына арнаған мінажаты, сондай-ақ, пайғамбарлардың Манасаға Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің атынан айтқан сөздері «Исраил патшаларының тарихында» жазылған.
19
Манасаның жалбарына мінажат еткені және онысына Құдайдың рақым етіп құлақ салғаны,
л
әрі патшаның содан бұрын жасаған күнәлары мен опасыздығы туралы, жалған тәңірлерге арнап биіктеу жерлерде тұрғызған табыну орындары, Ашераға бағыштаған ағаш бағаналары және басқа да тәңірсымақтардың мүсіндері — осылардың барлығы жайлы пайғамбарлардың жазбаларында баяндалған.
м
20
Манаса көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті өзінің сарайының маңындағы қабірге қойылды.
н
Оның ұлы Амон орнын басып патша болды.
Яһуда елінің опасыз да қыңыр Амон патшасы
21
Амон патша болған кезде жасы жиырма екіде еді. Ол Иерусалимде екі жыл билік жүргізді.
22
Әкесі Манаса істегендей, Амон да Жаратқан Иеге жеккөрінішті істер істеді. Амон әкесі жасатқан тәңірсымақ мүсіндерінің бәріне табынып, құрбандықтар шалып, құлшылық етті.
23
Ал әкесі Манаса кейін Жаратқан Иенің алдында бас ұра күнәсін мойындаса да, Амон солай істемеді. Керісінше, ол күнәға белшесінен бата түсті.
24
Ақырында нөкерлері Амонға қарсы сөз байласып, оны өз сарайында өлтіріп кетті.
25
Бірақ елдің халқы патшаға қастандық жасағандардың барлығын да өлтіріп, Амонның орнына оның ұлы Жосияны патша етіп қойды.

а  30:14; 31:1.

ә  28:2-4; Бил 2:11-13.

б  24:18; 31:1; 32:12.

в  Яки: Күн, ай, жұлдыздарға (Пат4 23:5-6,11; Заң 4:19; 17:3).

г  6:6; 7:16.

ғ  28:3; Леу 18:21.

д  Заң 18:10-14; Пат4 :17; 17.

е  7:17-22; Заң 30:15-20; Шеж1 17:9-10.

ж  Немесе: тікенді бұғаулармен.

з  32:30; Пат3 1:33.

и  (27:3; Нех 3:26-27) Яғни «Дәуіттің шаһары» орналасқан төбені.

к  Нех 3:3; 12:39.

қ  33:3-4,7.

л  33:12-13.

м  Түпнұсқадағы «хозай» сөзі аяндар мен бейнелі көріністер көретін пайғамбарларды білдіреді (Иш 29:10; Мих 3:7).

н  Пат4 21:18.