Шежірелер 2-ж.  30
Құтқарылу мейрамын зор салтанатпен тойлау
1
Кейінірек Езекия бүкіл Исраил мен Яһуда еліне хабар жіберіп, бәрін Исраилдің Құдай Иесінің өсиет еткен Құтқарылу мейрамын өткізу үшін Жаратқан Иенің Иерусалимдегі киелі үйіне шақырды. Патша солтүстік Исраилдің Ефрем, Манаса руларына да шақыру хаттарын жолдады.
а
2
Патша, оның уәзірлері және Иерусалимнің бүкіл мәжілісі мейрамды екінші айда өткізу жайлы ақылдасты.
3
Себебі діни қызметкерлердің тазару рәсімінен өткендерінің саны жеткіліксіз болды, оның үстіне халық та Иерусалимге жиналып үлгермеген еді.
4
Бұл ұсынысты патша мен бүкіл жамағат құптады.
5
Сонымен олар Исраилдің оңтүстіктегі Бер-Шеба мен солтүстіктегі Данның арасындағы бүкіл халқын Исраилдің Құдай Иесінің құрметіне Құтқарылу мейрамын өткізу үшін Иерусалимге шақыру керек деп шешті. Бұған дейін халықтың көпшілігі мейрамды атап өтпейтін.
6
Патшаның бұйрығы бойынша жаршылар бүкіл Исраил мен Яһуданы аралап, патша мен оның әміршілерінің мына сөздерін халыққа таратты:
«Уа, Исраил халқы, Ыбырайым, Ысқақ, Исраилдың сиынған Құдайы Жаратқан Иеге қайтадан бет бұрыңдар! Сонда Ол Ассур патшасының шеңгелінен аман қалған сендерге де қайтадан бетін бұрмақ.
7
Әкелерің мен ағайындарыңа ұқсамаңдар! Олар ата-бабаларының сиынған Құдайы Жаратқан Иеге опасыздық жасай берді. Сондықтан Ол соларды жазалап, қорқынышты көрініске айналдырды. Оны өздерің-ақ көріп тұрсыңдар.
8
Енді олар сияқты қиқарлыққа салынбаңдар! Жаратқан Иеге мойынсұныңдар! Оның мәңгілікке Өзіне бағыштаған киелі үйіне келіп, Оған қызмет етіңдер! Сонда Ол сендерге деген қаһарынан қайтпақ.
9
Егер сендер Жаратқан Иеге қайтадан бет бұрсаңдар, ағайындарың мен балаларыңды құл қылып ұстап отырғандар оларға мейірімділік көрсетіп, туған елдеріне қайтаратын болады. Сендердің Құдайларың Жаратқан Ие рақымды да мейірімді! Егер Оған қайта бет бұрсаңдар, Ол сендерден ешқашан бас тартпайды».
10
Жаршылар Ефрем мен Манаса руларының барлық қалаларын аралап шығып, тіпті Забулонға дейін барды. Бірақ кездескен халық оларды күлкі етіп, келекеледі.
11
Дегенмен Ашир, Манаса, Забулон руларының кейбір адамдары Жаратқан Иеге мойынсұнып, Иерусалимге беттеді.
12
Құдай Яһуда халқына да игі әсерін тигізіп, бәрінің жүректерін бір шешімге келтірді. Олар патша мен әміршілердің Жаратқан Иенің сөзіне сай берген бұйрығын жүзеге асыруға жаппай жұмылды.


13
Сонымен екінші айда Иерусалимде өте көп адам жиналып, Ашымаған нан мейрамын
ә
өткізуге үлкен жамағат дайын тұрды.
14
Олар алдымен Иерусалимдегі жалған тәңірлерге бағышталып шалынған құрбандықтар өртелетін және хош иісті заттар түтетілетін үстелдерді қиратып, қала сыртындағы Қидрон сайына апарып, лақтырып тастады.


15
Екінші айдың он төртінші күні олар Құтқарылу мейрамына арналған тоқтыларды сойды. Өткен жолы даяр болмағандарына ұялған діни қызметкерлер мен леуіліктер тазару рәсімінен өтіп, Жаратқан Иеге бағышталып, дайын тұрды. Олар Оның киелі үйіне арнайы шалынып, өртелетін құрбандықтарды алып келді.
16
Кейін олар Құдайдың пайғамбары
б
Мұса табыстаған Таурат заңы бойынша белгілі орындарында тұрды. Діни қызметкерлер леуіліктерден құрбандықтардың қанын қабылдап, құрбандық үстеліне бүркіп септі.
17
Халықтың арасында әлі де тазарып, дайындалмағандар көп болды. Жаратқан Ие олардың да құрбандықтарын қабылдай көрсін деп леуіліктер солар үшін Құтқарылу мейрамына арналған тоқтыларды шалды.
18
Оның үстіне бірталай адам, көбі Ефрем, Манаса, Исашар, Забулон руларынан келгендер, тазару рәсімінен өтпестен Құтқарылу мейрамының асына қатысып, ережеге қайшы нәрсе жасады.
19
Сонда Езекия олар үшін былай деп мінажат етті: «Уа, мейірімі мол Жаратқан Ие! Бұл адамдар осы киелі орынға сай тазару рәсімінен өтпесе де, ата-бабалары сиынған Құдай Иеге шын жүрегімен бағынғысы келген олардың әрқайсысын кешіре гөр!»
20
Жаратқан Ие Езекияның өтінішіне құлақ асып, халықты кешіріп, аман-сау қалдырды.
21
Иерусалимде жиналған исраилдіктер жеті күн бойы үлкен қуанышпен Ашымаған нан мейрамын тойлады. Күн сайын леуіліктер мен діни қызметкерлер Жаратқан Иеге бағышталған сазды аспаптарының сүйемелдеуімен Оны дауыстап мадақтап отырды.
22
Езекия леуіліктерді Жаратқан Иеге зердемен қызмет еткендері үшін мақтап, жігерлендірді. Халық жеті күн бойы мейрамның тамағын жеп, ризашылық құрбандықтарын ұсынып, ата-бабаларының сиынған Құдайы Жаратқан Иені мадақтап дәріптеді.
23
Жамағат мейрамды тағы жеті күнге созуға келісіп, оларды да шаттана мерекелеумен өткізді.
24
Яһуда патшасы Езекия жиналған халық үшін құрбандыққа шалуға мың өгіз бен жеті мың қой, ал әміршілер тағы да мың бұқа мен он мың қой-ешкі берген болатын. Бұл жолы діни қызметкерлер көптеп тазару рәсімінен өтіп қойған еді.
25
Осылай Яһуда халқының бүкіл қауымы, діни қызметкерлер мен леуіліктер, Солтүстік Исраилден мейрамға келгендердің қауымы және Солтүстік Исраил мен Яһудада тұрып жатқан жат жұрттықтардың арасынан келгендердің барлығы да қатты қуанды.
26
Исраил патшасы Дәуіт ұлы Сүлейменнің заманынан бері
в
Иерусалимде мұндай мереке болып көрмегендіктен, қалада жиналғандардың қуаныштары зор болды.
27
Соңында Леуіден тараған діни қызметкерлер
г
орындарынан тұрып, халыққа бата берді.
ғ
Олардың дауыстарына Құдай құлақ асып, мінажаттары Оның көктегі киелі тұрағына жетіп жатты.
д

а  Езекия Ассурдың шабуылынан кейін солтүстік Исраилде қалдырылған тұрғындарды да шақырып, Исраил мен Яһуданың халықтарын рухани жағынан қайтадан біріктірмек болды (28:8-дегі сілтемені қараңыз).

ә  Жеті күнге созылатын Ашымаған нан мейрамының бірінші күні Құтқарылу мейрамы өткізілетін (30:2,15; Леу 23:5-6).

б  Яки: Құдайдың (таңдаған) адамы (Заң 33:1; Шеж1 23:13-14).

в  7:9-10.

г  23:18.

ғ  Рул 6:23-27.

д  Заң 26:15; Иш 57:15.