Шежірелер 2-ж. 27
Яһуда елінің жеңімпаз патшасы Жотам
1
Жотам патша болған кезде жасы жиырма бесте еді. Ол Иерусалимде он алты жыл билік жүргізді. Жотамның шешесінің аты-жөні Садық қызы Еруша болатын.
2
Әкесі Ұзиях (алғашқыда) істегендей, Жотам да Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеді. Бірақ ол әкесі сияқты еркінсіп Жаратқан Иенің киелі үйіне кірген емес. Ал халық жексұрын қылықтарын бұрынғысынша жалғастыра берді.
3
Жотам Жаратқан Иенің ғибадатханасының Жоғарғы қақпасын қайта салғызып, қала қамалының Опел төбесіндегі бөлігін жөндеп, нығайтып, көп жұмыстар істеді.
4
Патша мұның үстіне Яһуда елінің таулы аймағында бірнеше қалалар салғызып, орманды жерлерінде қамалдар мен күзет мұнараларын тұрғызды.
5
Бірде Ұзиях Аммон патшасына қарсы соғысып, жеңіске жетті. Сол жылы аммондықтар оған алым-салық ретінде жүз ат басындай күміс, он мың қаптан бидай мен арпа төледі. Екінші, үшінші жылы да олар осылай істеді.
6
Жотам сиынған Құдайы Жаратқан Иеге адал болып, Оның жолымен жүргендіктен соншама күшті болды.
7
Жотамның қалған іс-әрекеттері мен соғыстарының бәрі «Солтүстік Исраил мен Яһуда патшаларының кітабында» баяндалған.
8
Жотам патша болған кезде жасы жиырма бесте еді. Ол Иерусалимде он алты жыл билік жүргізді.
9
Жотам көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті Дәуіттің шаһарындағы қабірге қойылды. Оның ұлы Ахаз орнын басып патша болды.