Шежірелер 2-ж. 22
Яһуда елінің патшасы Охозиях
1
Иерусалимнің тұрғындары Жорам патшаның кенже ұлы Охозияхты әкесінің орнына патша етіп қойды. Себебі бір тонаушылар тобы көшпенді тайпалармен бірігіп Яһуданың әскер қосына тап бергенде патшаның Охозияхтан үлкен ұлдарының барлығын да өлтіріп тастаған еді. Сондықтан Жорамның кенже ұлы Охозиях Яһуда елінің патшасы болды.
2
Сол кезде Охозияхтың жасы жиырма екіде еді. Ол Иерусалимде бір жыл билік жүргізді. Оның шешесі (Солтүстік Исраилдің бұрынғы патшасы) Омридың немере қызы Аталия еді.
3
Охозиях (өзінің нағашылары) Ахабтың әулетінің азғын жолымен жүрді, себебі оның шешесі Аталия осыған түрткі салып отыратын.
4
Әкесі қайтыс болғаннан кейін Охозияхтың сорына қарай Ахабтың әулеті оған кеңесші болғандықтан, патша соларға ұқсап Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді. Осының бәрі ақырында оның түбіне жетті.
5
Сонда ол тіпті нағашыларының кеңесіне құлақ асып, Солтүстік Исраилдің патшасы Ахаб ұлы Жорамға еріп Арама патшасы Хазаилмен соғысуға Ғилақадтағы Рамотқа аттанды. Арамалықтар шайқаста Жорамды жарақаттады.
6
Жорам жарақаттарынан емделіп жазылу үшін Ізрел қаласына қайта оралды. Сондықтан Яһуда патшасы Охозиях оның халін сұрап қайтпаққа Ізрелге ылдилап барды.
7
Ал Құдай Охозияхтың Жорамға келіп, сонда өлуі керек деп ұйғарып қойған еді. Охозиях Ізрелге жеткеннен кейін, Жорамға еріп соның қолбасшысы Німши ұлы Ехуді қарсы алуға шықты. Жаратқан Ие Ехуге Ахабтың әулетін құртуды тапсырып, оны соған тағайындап қойған болатын.
8
Еху Құдайдың Ахабтың әулетіне шығарған үкімін орындап жатқан осы кезде, ол Охозияхқа еріп келген Яһуданың бірнеше әміршісін және Охозияхтың бауырларының ұлдарын кездестіріп, олардың көздерін құртты.
9
Еху Охозияхтың өзіне де іздеу салды. Охозиях Самария қаласында тығылып отырған жерінен табылып, Ехуге әкелінді. Еху Охозияхты да өлімге кесті. Кейін халық: «Ол — кезінде Жаратқан Иеге шын жүректен бет бұрып мойынсұнған Жосапаттың немересі ғой», — деп ескеріп, мәйітін құрметпен қабірге қойды.
Осылайша Охозияхтың әулетінен патшалық құруға қабілетті ешкім де қалмады.
Яһуданың билеушісі Аталияның Дәуіттің әулетін құртуға ұмтылуы
10
Шешесі Аталия өз ұлы Охозияхтың өлгені туралы білген соң, Яһуда елінің патша тұқымына жататын басқалардың бәрін де өлтіруге әрекеттенді.
11
Алайда Ехосабет Охозияхтың кенже ұлы Жоғасты өлімге бұйырылған патшазадалардың арасынан ұрлап алып кетіп, бөбекті оның бағушы әйелімен бірге ғибадатханадағы бір ұйықтайтын бөлмеге тығып қойды. Осы Ехосабет Жорам патшаның қызы, Охозиях марқұмның туған әпкесі және діни қызметкер Еходайдың әйелі болатын. Сондықтан ол немере інісі Жоғасты Аталиядан жасырып, өлімнен аман алып қалды.
12
Аталия Яһуда еліне билік жүргізген алты жыл бойы патшазада Жоғас Ехосабеттің отбасында Құдайдың ғибадатханасында жасырынып қала берді.