Шежірелер 2-ж. 2
Ғибадатхана құрылысын дайындау
1
Сол кезде Сүлеймен Жаратқан Иенің даңқын шығаруға арналған ғибадатхананы және өзі үшін патша сарайын салуға әмір етті.
2
Патша жетпіс мың адамды тас тасушы, тағы сексен мыңын тауда тас қашаушы, ал үш мың алты жүзін жұмысшылар үстінен қараушы болып жұмыс істеуге белгіледі.
3
Сүлеймен Тир патшасы Хирамға мынадай сәлем жолдады:
«Әкем марқұм өзіне сарай салған кезінде Сіз оған самырсын ағаштарының бөренелерін жіберген едіңіз.
4
Қазір мен Құдай Иемнің даңқын шығаратын ғибадатхана салып, Оған бағыштамақпын. Сол жерде Жаратқан Иеге арнап хош иісті заттар түтетіліп, Оның алдында әрдайым арнайы нан тартулары ұсынылуға тиіс. Күн сайын таңертең және кеште, демалыс күндері, айдың бірінші күні әрі Құдай Иеміздің басқа да мейрам кездерінде құрбандықтардың шалынып, өртеліп ұсынылулары керек. Бұл рәсімдер Исраил халқына тұрақты бекітілген.
5
Біз сиынатын Құдай барлық тәңір атаулыдан ұлы. Сондықтан да мен Оған арнап салатын ғимарат орасан зор болмақ.
6
Расында Құдайға лайықты үй салып беруге кімнің шамасы жетеді?! Тіпті ұлан-ғайыр көктің өзі Оны сыйғыза алмайды! Мен де Оған арнап киелі үй салатындай кіммін сонша? Тек Оның алдында арнайы сый-тартуларды өртеп ұсынатын орын дайындамақпын.
7
Сол себепті маған бір шеберіңізді жіберсеңіз екен. Ол алтын, күміс, қола және темірді өңдеп, күрең қызыл, қырмызы, қою күлгін түсті жүн жіптерден мата тоқып, түрлі бұйымдарды әшекейлеп ою оя алатын болсын, әрі Яһуда мен Исраилде әкем марқұм кезінде белгілеген шеберлеріммен бірге жұмыс істесін.
8
Сондай-ақ маған Ливан тауларынан самырсын, қарағай және арша ағаштарының бөренелерін де жіберсеңіз екен. Сол жердегі ағаштарды кесіп, құлату жағынан қызметшілеріңіздің ерекше тәжірибелі екенін білемін.
9
Қажетті бөренелерді молынан дайындауда өз қызметшілерім де көмектеспек. Себебі салайын деп отырған ғимаратым зәулім де керемет салтанатты болуға тиіс.
10
Ал мен ағаштарды кесіп, құлатуға жұмсаған адамдарыңызды тамақтандыру үшін жиырма мың қаптан бидай мен арпа және жиырма мың күбіден шарап пен зәйтүн майын жіберемін».
11
Тир патшасы Хирам Сүлеймен патшаға жауап берген хатында былай деп жазды:
«Жаратқан Ие өз халқын сүйгендіктен Сізді патша етіп тағайындады! —
12
Хирам хатын одан әрі былай деп жалғастырды: — Исраилдің сиынатын Құдайы — аспан мен жерді жаратқан Тәңір Ие мадақталсын! Ол Дәуіт патша марқұмға дана, ақылды да зерек ұл сыйлапты! Ізін басқан бұл ұлы енді Жаратқан Иеге арнап ғибадатхана, өзіне патша сарайын салмақшы екен.
13
Сізге Хурам-Әби есімді ақылды да шебер адамымды жібергелі отырмын.
14
Шешесі Дан руынан, ал әкесі тирлік. Хурам-Әби алтын, күміс, қола, темір, тас және ағашпен, күрең қызыл, қою күлгін, қырмызы түсті жүн және жіңішке зығыр жіптермен жұмыс істей алады. Әр түрлі ою ойып, барлық жобаларды жүзеге асыру қолынан келеді. Бұл кісі өз шеберлеріңізбен және тақсыр ием — әкеңіз Дәуіт марқұмның шеберлерімен бірге істейтін болады.
15
Ал енді, тақсыр ием, өзіңіздің айтқаныңызға сай осы қызметшілеріңізге бидай, арпа, зәйтүн майы және шарабыңызды жібере көріңіз.
16
Сіз үшін Ливан тауларынан керекті ағаштарыңызды құлатып, бір-біріне байластырып сал жасап, теңіз арқылы Яффаға жеткізіп береміз. Әрі қарай Иерусалимге өзіңіз алып кетерсіз».
17
Әкесі Дәуіт көзі тірісінде істегендей, Сүлеймен де Исраилде тұратын басқа ұлттық ер адамдардың санағын өткізген еді. Олардың жалпы саны бір жүз елу үш мың алты жүз болды.
18
Бұлардың жетпіс мыңын жүк тасушы, сексен мыңын тауда тас қашаушы, ал үш мың алты жүзін жұмысшылардың үстінен қарап, жұмыстарды алға жұмылдырушы етіп белгілеп қойды.